Жаңалықтар

Салық төледіңіз бе?

Ақтөбеде 3503 тұрғын көлік салығын төлемеген. Олардың қордаланған  қарызы 369 миллион теңгеден асқан. Құзырлы орган өкілдері салығын төлемеген ақтөбеліктерді анықтап, көліктерін айыппұл тұрағына қойды.

Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметінше, жеке тұлғалардың автокөлік салығын төлеу мерзімі бірінші сәуірде аяқталған. Соған қарамастан, көлігі бар азаматтар әлі күнге дейін салығын төлемей жүр. Осыған байланысты департамент қызметкерлері мен полиция және сот орындаушылары бірлесіп рейд өткізді.

Ауа райының жаңбырлы болғанына қарамастан, таң ата салықшылар мен сот орындаушылар тасжолдың бойына шықты. Басты мақсат — борышкерлерді табу. Полиция қызметкерлері әрлі-берлі зуылдаған көліктерді тоқтатып, жүргізушілерді арнайы реестрден тексеруге кірісті. Бірі уақыттың, енді бірі жұмыстың жоқтығын сылтауратып жатты. Арасында қарызы төленбегенін білмейтіндері де бар.  Алайда көпшілігі тығырыққа тірелгендерін түсініп, берешектерін бірден жол үстінде төледі.

— Көлігімді жақында сатып жіберіп, тіркеуден шығарғанмын.  Ал қазір 27 мың теңге салық шығып тұр. Амал жоқ төлеймін, — деді Ержан есімді жүргізуші.

Департамент мамандарының айтуынша, көлік иелері салығын төлемей сатып жібереді. Алайда бұл оларды жауапкершіліктен құтқармайтынын айтады.

Салық кодексінің 128 бабына сәйкес, бірінші маусымнан бастап сот орындаушыларымен бірлесіп,  қарызды өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда көлік салығы бойынша жеке тұлғалардың берешегі — 369 миллион  342 мың теңге. Бүгінгі рейд кезінде салық төлемеген азаматтардың көлігін айыппұл тұрағына апарып жатырмыз. Сондықтан жеке тұлғаларға берешекті уақытында төлеу керектігін ескертеміз, — деді кірістер департаментінің бас маманы Ерік Сағындықов.

Ал облыстық жеке сот орындалушылары өңірлік палатасының өкілі Гүлзира Сермағанбетованың айтуынша, жыл басынан бері 8 мыңнан астам құжат түскен. Оның ішінде бес мыңнан астам атқару құжаты бойынша 182 миллион теңге өндіріліп алынған.

Сондай-ақ салықты  төлемеген жағдайда сот орындаушылары көлікті аукционға қоюға құқылы. Алайда жүргізушілер бұған жеткізбей, берешегін өтеп, көлігін айып тұрағынан алып кетуге асығады екен.

Жалпы азаматтар  берешегі туралы мәліметті «Е – Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы немесе  қалалық мемлекеттік кірістер басқармасынан білуіне болады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button