Жаңалықтар

Инвестиция тарту — дамудың негізгі тетіктерінің бірі

Облысқа екі күндік жұмыс сапарымен келген Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов ақтөбелік инвесторлар және бизнес өкілдерімен кездесті.

Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуетінің өте жоғары екендігін атап өткен комитет төрағасы өңірге келудегі мақсатына тоқталды:

Үкімет алдында 2029 жылға дейін Ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайту, сондай-ақ кемінде 150 миллиард доллар шетелдік инвестициялар тартуды қамтамасыз ету стратегиялық міндеті тұр.Бұл бізден экономиканы әртараптандыру, қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету, шетелдік инвестицияларды тарту бойынша күш-жігерді бірнеше рет арттыруды талап етеді. Қазіргі таңда инвестиция тартудың тұтас экожүйесін қалыптастыру негізінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ақтөбеге келудегі мақсатымыз — инвестиция тарту саласындағы соңғы жаңалықтарды жеткізу, — деген Ғабидолла Оспанқұловелімізде инвесторларды қолдаудың кешенді жүйесі әзірленгенін айтты. Соның бірі — инвестициялық жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі. Бұл — ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін инвесторлар үшін бірыңғай терезе. Осы санатқа түскен әрбір инвестор мемлекеттік органдар тарапынан  қажетті мемлекеттік қызмет түрлеріне оңай әрі жедел түрде қол жеткізе алады.

Сондай-ақ инвесторлар үшін кедендік баждардан босату, мемлекеттік гранттар, салық преференциялар түрінде преференциялар беруді көздейтін инвестициялық келісімшарттар жасасу тетігі іске асырылып жатыр. Соңғы 5 жылда 347 инвестициялық келісімшарт жасалған. Олардың инвестиция көлемі — 3 трлн теңге.

Тағы бір жаңалық — биыл инвестициялық жобаларды іске асыруды тежейтін  кедергілерді анықтау үшін акселерациялар жүргізу жұмыстары басталды.

Бүгінгі таңда бес сала бойынша 5 акселерация жүргізілді. Жақын арада мұның қатары тағы да толығады. Акселерация нәтижесінде инвесторлардың жүйелі және нақты мәселелері анықталады. Кейін оны шешу жолдары қарастырылады, — деді Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов.

Айта кетейік, инвесторларды тарту мен сүйемелдеудегі негізгі әріптес — «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ.

Жиында экономиканы дамытудың бірден-бір драйвері инвестиция тарту екендігін атап өткен облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында бизнес өкілдері комитет төрағасына сұрақтарын қойып нақты жауап алды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button