Жаңалықтар

Үлкендер ұлағаты: адал еңбекке бағдар

Ардагерлер кеңесі

Облыстық ардагерлер кеңесінің пленумында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл наурыз айында Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» атты сөзінде айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруға байланысты міндеттер талқыланды.

Баяндама жасаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов бүгінгі қоғам алға қойып отырған маңызды мәселелерге тоқталып, бұл ретте Мемлекет басшысының «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар — қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет» деген тұжырымын күнделікті қарым-қатынаста, іс барысында басшылыққа алу маңыздылығын алға тартты.

Жастар арасындағы нашақорлық, ойынқұмарлық, діни фанатизм, алаяқтық, отбасындағы зорлық-зомбылық — бұның барлығы қазіргі күннің кесірлі көріністері. Осындай жағымсыз жайттармен күрес жүргізу, олардың алдын алу, тосқауыл қою — қоғамға жаны ашитын әрбір адамның міндетіне айналуға тиіс екендігін Мемлекет басшысы үнемі айтып келеді. Облыстық ардагерлер кеңесі де көпті көрген, талай өмір тәжірибесін жинақтаған аға буын өкілдерін осы бағытта белсене қимыл көрсетуге шақырды.

Баяндамашы сонымен бірге мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейту тұрғысындағы ойларын ортаға салды. Бұл ретте Мемлекет басшысының «Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деген ұсынысының ұтымды екенін айтып, бұрыннан бар ізгі дәстүрлерді орнықтыруда ардагерлердің тәжірибесін пайдалануға болатындығы айтылды.

Жиында сөз алған Әйтеке би аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақансері Ермағанбетов, философия ғылымының докторы, академик Алтай Тайжанов, мемлекеттік қызметкерлер ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ботағарин, Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Кенжеғали Кенжебаев, Шалқар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепбергенов және басқалары ұрпақтар сабақтастығы, үлкеннің ұлағаты, жастардың әдеп сақтауы, жақсыға ұмтылуы, ізгілікті істер ұйытқысы болудың маңыздылығы жөнінде өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов күн тәртібіндегі қозғалған мәселелердің көкейкестілігіне тоқталып, бұл бағытта өңірде ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтты, ең бастысы, жастар тәрбиесінде бірігіп жұмыс істеу, әсіресе ардагерлер тәжірибесіне сүйену қажеттігіне көңіл бөлді.

Облыстағы оқу-ағарту саласы қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжеғазы Байғазин ұрпақ тәрбиесіне байланысты өз ой-пікірін ортаға салды.

Ұстаздардың ардагерлер кеңесі соңғы үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы мерзімде Ақтөбе қаласындағы Астана, Алматы аудандарында, сонымен қатар Қобда, Алға,  Хромтау, Темір, Шалқар, Байғанин және Ырғыз өңірлерінде кең ауқымда көшпелі отырыстар өткізіліп, сол жиындарда жас буынның тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, шешімін шығаруға ықпал жасалды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа отырысында республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің «Дәнекер» жобасының жүзеге асырылуы жан-жақты әңгіме болды.

«Дәнекер» жобасының басты мақсаты — қоғамды ізгілендіруге үлес қосу, билер институтын жандандыру. Бұл бағытта ардагерлер кеңесіне айрықша үміт артылып отыр.

Жиында сөз алғандар бірқатар дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу үшін арыз-шағым түскен кезде құқық қорғау саласының қызметкерлері, мәселен, учаскелік инспектор оларға медиатор көмегіне жүгінуге болатынын  айтып, мұның өзінің тағылымдық мәні болатындығын алға ұсынды.

Басқосуда Ақтөбе қаласының Алматы, Астана аудандық, сондай-ақ Мұғалжар және Хромтау аудандық ардагерлер кеңестерінің «Дәнекер» бағдарламасын іске асыру барысындағы жұмыстарының есебі тыңдалды.

Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасының облыс көлемінде жүзеге асырылуы, облыс ардагерлерінің оны орындауға қосып жатқан үлесі жөнінде облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрания Аймағанбетов баяндап берді.

Биылғы су тасқыны кезінде қиындықтың бетін қайтаруға байланысты қажыр-қайрат көрсеткен, зардап шеккен жандарды сабырға шақырып, үлкендік үлгілерін көрсеткен бір топ ардагер республикалық ардагерлер кеңесінің, облыстық ұйымның Алғыс хаттарымен марапатталды.

Пленумда сондай-ақ алдағы жылы аталып өтетін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына әзірлік жайы қозғалды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button