Жаңалықтар

Аналар қайырымдылық  жасады

Қалалық мәдениет үйінде «Қазақ аналары — Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен қайырымдылық іс-шарасын өткізді. Мұнда көпбалалы отбасыларға қаржылай қолдау көрсетілді.

Өңірдегі су тасқынынан зардап шеккен көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған кешке150-ге жуық ана қатысты. Сахна шымылдығы халықаралық байқаулардың жүлдегері атанып жүрген «Шашу» дәстүрлі ұлт аспаптар ансамблінің орындауындағы күймен ашылды.

Кештің бірінші бөлімінде республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері атынан жиналған 2 миллион теңге қаражат Ойыл, Қобда, Ырғыз аудандарында тұратын көпбалалы 6 анаға және 26 баланы бауырына басқанақтөбелік Жетесовтер отбасына табыс етілді.

Қайырымдылық іс-шарасына қатысқан облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы-бас инспектор Маржан Қорғанбаева сөз сөйлеп, ұйымшыл аналарға ризашылығын білдірді.

Қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып, ұрпақ тәрбиесінде озық үлгі көрсетіп жүрген аналар — «Қазақ аналары — Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнұр Жүгінісова, осы бірлестіктің облыстық филиалының төрағасы Назира Табылдинова, төраға кеңесшісі, білім беру саласының ардагері Райгүл Серғалиеваоблыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болды.

Іс-шара барысында бірлестік мүшелерінің қатысуымен шығатын «Ана тағылымы» журналы таныстырылды. Ізгілікті насихаттайтын кеш Жетесовтер, Ниязбековтер отбасылық ансамбльдерінің және «Лаула» дуэтінің ән-жырына ұласты.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button