Жаңалықтар

Бағаны негізсіз өсірген 17 кәсіпкер жазаланды                              

Анық-қанық

Су тасқынына байланысты Ақтөбе қаласында және облыстың 6 ауданында —Әйтеке би, Ырғыз, Қобда, Темір, Мұғалжар, Ойылда төтенше жағдайдың жарияланғаны белгілі. Осы сын сағатта азық-түлік дүкендерінде бағаны заңсыз көтерген кәсіпкерлер де бар екен. Құзырлы орган өкілдері арнайы рейд жүргізгеннің нәтижесінде олардың бірқатары жауапкершілікке тартылды.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, су тасқыны кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында құрылған мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілген.

— Мониторинг барысында «Анвар», «Дина» сауда желілері және Орталық базар, «Табыс», «Алтай», «Тұрғындар қалашығы», «АгроОптСервис» базарлары, сондай-ақ Ақтөбе қаласының су басқан аумақтарына жақын орналасқан дүкендер қамтылды.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы ерекше бақылауға алынды.

Сонымен қатар тауарлар бағасының сауда үстемесінің асып кетуін болдырмау үшін облыста азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияның жұмысы жандана түсті.

Жағдайды пайдаланып, бағаны көтерген кәсіпкерлер болды. Осы деректер бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне ескерту және айыппұл түрінде әкімшілік жазалар қабылданды. Атап айтсам, 17 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды, оның 2-еуі төтенше жағдай жарияланған аудандарда орналасқан. Аудандардағы 4 дүкен иесіне қатысты әкімшілік істер де қаралуда.Жалпы, жыл басталғалы 36 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өткім келеді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бизнес субъектілерінезаң бойынша сауда үстемесінің 15 пайыздан асырғаны бірінші рет анықталғанда ескерту беріліп, бір жыл ішінде бұл қайталанса,шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10 айлық есептік көрсеткіш (36920 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 70 айлық есептік көрсеткіш (258 440 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіш (1 107 600 теңге) көлемінде айыппұл салынатынын еске салған жөн, — дейді ол.

Оның айтуынша, атқарушы билік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуін тежеу бойынша нақтылы істерді қолға алған.

Бюджеттен тұрақтандыру қорына картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, қант, қарақұмық жармасын  сатып алу үшін3 миллиард теңге және айналым схемасы бойынша қарыз беру үшін 3,9 миллиард теңге бөлінді.

Айналым схемасы аясында бүгінгі таңда 252 миллион теңгеге күнбағыс майын жеткізу үшін шарттарға қол қойылды («Болат ЛТД» ЖШС), ал 800 миллион теңгеге сиыр еті («Айбек» ӘКК және «Арман-М» ШҚ), 190миллион теңгеге 1- сұрыптағы ұн және 60 миллион теңгеге макарон өнімдері («Рамазан» ЖШС), 1185 миллион теңгеге қант («Ақсу-Қант» қант зауыты), 450 миллион теңгеге тауық еті («N-Corp» ЖК), 544 миллион теңгеге сүт өнімдері («Мәртөк сүт» ЖШС), 460 миллион теңгеге тауық жұмыртқасы(«Рамазан Құс» ЖШС) алынды.

Тұрақтандыру қорында 27,2 тонна қарақұмық жармасы, 94,9 тонна картоп, 24,4 тонна қырыққабат, 4,7 тонна сәбіз, 349,2 тонна қант, 57,7 тонна күріш, 54 тонна күнбағыс майы бар. Сондай-ақ өткен жылдың 24 маусымында Қызылорда қаласындағы күріш жәрмеңкесінде облыстың тұрақтандыру қорына «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен «Най Мир» серіктестігі арасында 400 теңге бағамен 340 тонна күрішке шарт жасалып, қаражат толық төленді және тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосымша өсімдік майын сатып алу үшін жұмыстар пысықталуда, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы.

Ресми деректерге сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бөлшек саудадағы бағасын тұрақтандыру мақсатында жергілікті билік пен тауар өндірушілер, сауда желілері, сауда базарлары және жылыжай шаруашылықтары басшыларының арасында 600-ден астам меморандумға қол қойылыпты.

Осы орайда Сауда және интеграция министрлігінің шешімімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 19 өнім, атап айтсақ, бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны, рожки, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант (құмшекер), күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, пастерленген сүт (майлылығы 2,5%), жұмсақ қаптамадағы айран (майлылығы 2,5%), сары май, тауық жұмыртқасы, ас тұзы, сүзбе кіретінін еске салсақ дейміз.

— Егер тұрғындар бағаны асырғандарға арызданғысы келсе, Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөліміне 41-63-97, 41-63-98 телефон нөмірлері бойынша хабарласса болады. Сондай-ақ Ақтөбе облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне(телефон нөмірлері: 54-81-20, 54-46-49) шағымдана алады, — дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне жүгінсек, облыста 91,3 мың орта және шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button