Жаңалықтар

«Абат-Байтақ» қорымы туралы кітап-альбом таныстырылды

«Абат-Байтақ» қорымындағы арабша жазуы бар ескерткіштер кезең-кезеңімен зерттеліп, алғаш рет мән-мағынасын ашқан кітап-альбом жарық көрді.

Өткен жұмада «Ақтөбе облысының мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту мен насихаттаудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы» аясында «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикасы» атты кітап-альбомның таныстырылымы өтті.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы ұйымдастырған шараға кітап-альбомның авторлары —Түркия елінен келген Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының ғылыми кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүминов, Алматы қаласынан келген Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторанты Бағдат Дүйсенов,
ғалымдар, тарихшылар, сәулетшілер, өлкетанушылар, музей қызметкерлері қатысты.

Қобда ауданыТалдысай ауылынан оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде орналасқан Абат-Байтақ қорымы —мемлекет қорғауына алынған XIV-XV ғасырларға жататын бірегей ескерткіш.Тарихқа үңілсек,Абат-Байтақ кесенесі туралы мәліметті алғаш рет ХIХ ғасырда француз саяхатшысы Жозеф Кастанье құрған экспедициялық топ таратқан.

Одан кейін ХХ ғасырдың 70-жылдарында тарихшы-ғалым Малбағар Меңдіқұлов зерттеу жұмыстарын жалғастырып, 1979-1980 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігіне қарасты «Казреставрация» бірлестігінің Серік Әжіғалиев басқарған экспедициясы зерттеген.1983 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Сан алуан өрнектерімен ерекшеленетін құлпытастардағы жазулардың құпиясын ел ғалымдары қырық жылдан астам уақыт зерттеп келеді. Бүгінде бұған шетелдік зерттеушілер де қызығушылық танытып отыр.

— «Абат-Байтақ» кешені маңындағы қорымда әртүрлі үлгілерімен және ою-өрнектерімен ерекшеленетін 240-тан астам құлпытас бар. 2022 жылы деректік жағынан маңызы зор арабжазулы эпитафия мәтіндері сақталған 48 құлпытасқа ғылыми реставрациялық жұмыстар жүргізілді.Былтыр Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары құлпытас мәтіндерін зерттеп, ғылыми айналымға тартты. Аталған ғылыми жұмысқа Қазақстан, Америка Құрама Штаттары, Өзбекстан және Түркия мемлекеттерінің тарихшы, эпиграфист ғалымдары қатысып, нәтижесінде «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» атты кітап-альбомы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көріп отыр, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Балмағамбетова.

Одан соң тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүминов«Абат-Байтақ» қорымы арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштердің тарихи ғылыми маңызы туралы баяндама жасады. Осы сәтте онлайн байланысқа шыққан Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының Бас директоры, профессор Махмуд Ерол Кылычағылшын тілінде құттықтап, ғылыми жұмысқа атсалысқан ғалымдар мен шара ұйымдастырушыларына алғысын айтты.

Ал Бағдат Дүйсенов «Абат-Байтақ» қорымында жерленген тарихи тұлғалар туралы әңгімеледі.

«Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» жобасы аясында Алға, Мұғалжар аудандарын аралап келіп, Қобда ауданындағы «Абат-Байтақта» ұзақ аялдадық. Себебі мұндаерекше дүниелер көп. «Абат-Байтақ» қорымы бұрыннан белгілі болғанымен, құлпытастағы мәтіндер аударылмаған екен. Бұл жердегі тастардың сапасы да ерекше: қанша ғасыр өтсе де жақсы сақталған. Тастардың ою-өрнегі, қашалуынан сол дәуірдің мәдениеті көрінеді, қазақ шеберлерінің қолтаңбасын байқауға болады. Мұндағы құлпытастар архитектуралық жағынан екіншісін қайталамайды. Әрбірінің өз ерекшелігі бар. Мәселен, тарақты табынға тиесілі құлыптастың төбесіндегі тас бөлігінбұрасаң, айналады. Оның сыры белгісіз. Сондай-ақ барлық құлпытастағы бір ғана ұқсастық — марқұмның тегі, руы арабша жазылған.

Ескерткіштердің төрт жағындағы жазбаларға үңілгенімізде,Құран аяттары, хадистер, элегиялық өлеңдерін оқыдық. Ғалымдар бұған дейін бұл жерде Мықтыбай деген тасшы болғанын айтқан. Ал біз бұл қорымда 4 тас қалаушының атын түгендедік, — деді ғылыми қызметкер Бағдат Дүйсенов.

Тарихшы, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай «Абат-Байтақ» кешені: зерттеу, болашақтағы зерделеу жұмыстары» тақырыбында баяндама жасады.

Ғалымдар бұл еңбекпен тоқтап қалмайтындарын, алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыратындарын айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button