Жаңалықтар

Тәттігүлдің кәсібі

Отар қойдың алдына түсіп, өрісті ұзартатын ешкі малын жинап, кәсіп көзіне айналдырушылар қатары көбейіп келеді. Жемшөпті талғап жейтін, кірпияз малдың бабын таба білсең, ол да нағыз табыстың көзі.

Біздің Шалқар ауданында 8 мыңнан астам ешкі өсіріледі. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ешкі шаруашылығын дамыту мақсатында бүгінге дейін 24 жоба тапсырылып, оның 20-сы мақұлданған. Бұның жалпы сомасы 90,5 миллион теңгеге жеткен. Осындай несие алғандардың қатарында Жаңақоныс ауылдық округінің тұрғыны Тәттігүл Кәдіржанқызы да бар.

Тәттігүлдің негізгі мамандығы мұғалім, округ орталығы Аққайтымдағы мектепте ұстаз болып еңбек еткеніне 30 жылдай уақыт болған. Жолдасы Жасұлан Байнияз ауылдағы малдәрігерлік пункттің меңгерушісі болып жұмыс істейді.

«Ешкі баққанның есебі түгел». Бұл сөз ұстаздық жолмен шаруашылыққа тең қараған Тәттігүлдің негізгі ұстанымына айналды.

— Мемлекетіміз отбасына құйылатын кірістің көзін арттырамын деген адамға жақсы бағдарламалар ұсынып отыр. Ауылда тұрғасын мал шаруашылығын өркендету кәсібі қолайлы. Бұрыннан да төрт түлік малды бағудан хабары бар біз секілді  жандарға «Ауыл аманаты» жобасы үлкен мүмкіндік туғызды.

Жолдасым екеуміз ойласа келе, осы бағдарламаның игілігін біз де көрейік деп, ешкі шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Сөйтіп, тиесілі құжаттарымызды әзірлеп, жобамызды ұсындық. Алған 3 миллион 500 мың теңгемізге  қазақы ешкілер жинап, қыстан қысылмай  шығу үшін жемшөбіне де қаржы салдық. Қазақы ешкі көп күтімді қажет етпейді, өріс талғамай жайыла береді.

Ауылда мал бағып өскен адамға бұны өсіру аса қиыншылық туғызбайды. Қазір ешкі сүтіне сұраныс көбейіп келеді. Медицинада адам ағзасына ешкі сүтінің пайдасы көп екендігі айтылады. Сондықтан оның сүті өтімді. Ауылымыздың дажағдайы жақсы. Көгілдір отын келіп тұр, ауызсумен тұрақты қамтылған. Аудан орталығына қатынайтын жолымызға тақтайдай тегіс асфальт төселді. Келешекте ешкіден алынған сүт өнімдерін ауданға апарып өткізуге мол мүмкіндік бар, —  дейді Тәттігүл Баймурзина.

Ауыл мұғалімі шаруашылыққа енді бет бұрып жатқандықтан, әлден оның келешегін тәптіштеп баяндағысы да келмейді. Бұнысы да орынды, бәріне де уақыт төреші. Бастысы, адал еңбекпен тындырылған әрбір іс ойлаған мақсат, міндеттерге жеткізетіндігіне сенеді.

Жаңақоныс ауылдық округінде Тәттігүл Баймурзинадан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасымен құс өсіріп, сүт өңдеп, тігін, дәнекерлеу шеберханаларын ашып, бағдарлама игілігін көріп отырғандар бар.

Мұхтар КӘДІРБЕРДІҰЛЫ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button