Жаңалықтар

Мобильді аударымдар: кімдер салық төлеуі керек?

Қаржылық сауаттылық

Биыл қаржы және салық салу саласында қазақстандықтарды өзгерістер күтіп тұр. Жалпыға бірдей декларациялаудан басқа, бұдан былай мобильді төлемдер мен аударымдар мемлекет тарапынан бақылауға алынатын болады. Салық заңнамасына сәйкес мобильді аударымдарды тек жеке мақсаттарға ғана пайдалануға болады, ал жеке кәсіпкерлерге тауарлар мен көрсетілген қызметтер үшін төлемдерді мұндай түрде қабылдауға тыйым салынған.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, биыл банктер Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес шотқа қатарынан үш ай ішінде әртүрлі жөнелтушілерден айына 100-ден астам аударым алатын жеке тұлғалар туралы деректерді беруге міндетті.

Мобильді аударымдарды тексеру — заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкелі бизнестен шығаруға бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше түбіртектер берілмейді және тұтынушылардың құқығы бұзылады. Айта кету керек, мемлекет барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Тек үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғаларға ғана, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі.

2019 жылы Қазақстанда мобильді қосымша немесе QR-код арқылы жеке тұлғадан басқа жеке және заңды тұлғаға ақша қаражатын жедел аудару жүйесі іске қосылды. Қазақстандықтар ыңғайлы және озық банктік сервисті белсенді пайдаланып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көше бастады. Осы уақыттан бастап жеке кәсіпкерлер: мысалы, түрлі азық-түлік дүкендерінің, сұлулық салондарының, наубайханалардың иелері төлемді мобильді аударым немесе QR-код арқылы қабылдады.

2021 жылдың соңында салық заңнамасында «мобильді төлем» ұғымы пайда болды. Заңға сәйкес, «мобильді төлем» термині QR-кодты қолдана отырып, банктің мобильді қосымшасы немесе POS-терминалы арқылы қабылданатын қолма-қол ақшасыз төлем дегенді білдіреді. Мемлекет салық заңнамасының тармақтарын сақтау мақсатында мемлекеттік кіріс органдарына екінші деңгейдегі банктерде жасалған мобильді аударымдар туралы ақпаратты алуға және өңдеуге мүмкіндік берді.

Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдар туралы ақпарат ұсыну кезеңдерін былайша белгіледі:

— 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап: мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша);

— 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап: мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша (2023 жылдың қорытындысы бойынша);

— 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап: жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша (2024 жылдың қорытындысы бойынша);

— 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап: халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысы бойынша).

Жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттарында мобильді аударымдар, мысалы, туыстарына, достарына, ата-аналарына және балаларына, іс-шараларға және т.б. алымдар жасай алатынын және қабылдай алатынын атап өтеміз. Бұл аударымдар кәсіпкерлік қызмет деп танылмайды және оларға салық салынбайды.

Тіркелмей бизнес жүргізетін немесе ДК картасына емес, жеке картасына  аударым қабылдайтын тұлғалар ақы төлеуді заңдастырғаны: ДК тіркегені немесе (егер ДК болған болса) корпоративтік карта ашып, аударымдарды соған қабылдағаны дұрыс.  Олай болмаған жағдайда кәсіпкер ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін немесе қайта бұзушылық болған жағдайда оған айыппұл салынады. Айыппұл салық төлеушінің субъектілігіне қарай 15 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейінгі сома көлемінде болады.

Сақ болыңыз, заң нормаларын сақтаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауатыңызды арттырыңыз!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button