Қала

Жолдардың сапасы қандай?

Ақтөбедегі өзекті мәселелердің бірі — жол. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарды айтпағанның өзінде, қала ішіндегі жолдардың сапасы сын көтермей жатады. Тек соңғы жылдары ғана жолдың сапасы жақсарып келеді.  «Жол аквтивтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаев жол сапасына қатысты айтып берген-ді.

Жол сапасы — әлеуметтік маңызы бар мәселе. Ақтөбедегі жолдарды жөндеу, оны күтіп ұстауға жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Тельман Малаевтың айтуынша, мердігер мекемелер жол салудың технологиясын сақтамайды. Мәселен, биыл 52 мың 271 шаршы метр асфальт жамылғысы сапасыз деп танылып, мекеме ол жерлерді өз қаражатына қайта салған.

Қазір 145 нысан тексеріліп жатыр. 312 рет жолға шығып, құрылыс материалдарынан 1046 сынама алдық. Тексеріс нәтижесінде 218 сынама стандартқа сай болмай шықты. Жолдың бойынан 134 ақау анықталса, оның 66-сы әлі күнге дейін жөнделген жоқ, — деді Тельман Малаев.

Мәселен, орталық мамандары облыстық маңызы бар Дөң мен Бадамша ауылының арасында   салынып жатқан жолдың бір бөлігінде асфальтты бетон жамылғысының талапқа сай еместігін анықтады. Ол жерде асфальттың қалыңдығы 8 сантиметр болуы керек, ал мердігерлер 6 сантиметр қалыңдықта төсеген. Сынамалар да талапқа сай келмейді. Кемшілік анықталғаннан кейін мекеме 5 шақырым  жерді қайта салған. Қаланың ішіндегі Құрашасай елді мекеніне баратын жолдың бойынан да осындай кемшілік анықталды. Қазір жол қайта салынып жатыр. Бадамша мен Степной арасындағы жолды салып жатқан «Информстрой сервис» мекемесі де кемшіліктерге жол берген. Бірақ  ескертуге тіпті құлақ аспапты.

Бұл екі ортадағы жолдың 13 шақырымы былтыр салынды. Биыл қалған екі шақырымы орташа жөнделуі керек. Аталған мекеме биыл  сапа орталығымен келісімшарт жасасты. Яғни мамандар екі шақырым жолдың сапасын тексерді. Нәтижесінде жолдың  1 шақырым  400 метрі талапқа сай болмай шықты. Жолдың қалыңдығы 15 сантиметр болуы керек. Бірақ ол жерге төселген құрылыс материалының қалыңдығы  — 6-8 сантиметр ғана. Бұдан бөлек 600 метр жерге мүлде жол салынбаған. Осыларды көрсетіп,  мердігер мекемеге  ұсыныс хат жолдадық. Бірақ әлі күнге дейін кемшілік жойылған жоқ. Бұл —  2 шақырым жолды тексерген кездегі көрген кемшілік. Ал бұған дейін салынған 13 шақырым жолдың сапасы қандай екені белгісіз, — дейді Тельман Малаев.

Орталық директоры бұндай мәселенің барлығы жолды салу кезінде бақылаудың болмауынан туындап отырғанын айтады.

Жол салу кезінде техникалық қадағалаушы жұмыс істейді. Бұл мақсатқа қыруар қаражат бөлінеді. Техникалық қадағалаушы күні-түні жолдың сапасын тексеріп отыруға тиіс. Егер асфальт құрылысына қажетті материалдың бірі кем болса, сапа нашарлайды. Мәселен, талап бойынша асфальтты 12 рет нығыздау керек. Ал мердігерлер үстінен 3-4 рет қана  нығыздайды. Дұрыс нығыздалмаған асфальт су тиген кезде шашылып қалады. Осының барлығын техникалық қадағалаушы бақылауы керек. Өкінішке қарай, бұл мамандар жұмысына салғырт қарайды. Ал біздің орталық өңірдегі жолдың барлығын қамти алмайды. Жарғыда тек ішінара қарау керектігі жазылған. Ішінара қарағанның өзінде осындай кемшіліктер анықталып отыр, — дейді Тельман Малаев.

Ақтөбенің оңтүстік айналма жолындағы көпір құрылысы да осындай салғырттықтың кесірінен 3-4 жылға созылып кеткен. Биыл құрылыс қайта жүріп жатыр.

Орталық директорының айтуынша, жол жағдайының жақсармауына тағы бір себеп — компаниялардағы маман тапшылығы. Өз ісін білетін, арнайы оқу орнын оқыған мамандар. Басым бөлігі — кәсіби емес, бірақ құрылысқа икемі барлар. Ал маман білікті болмағаннан кейін және жол техникалық талаптарға сай салынбағандықтан ұзаққа бармайды. Бұған қоса қала көшелерінде суағарлар жоқтың қасы. Асфальтты бүлдіретін — су. Жаңбыр мен қар суы асфальттың бетінде тұрады. Бұның соңы оның уақытынан бұрын тозуына әкеледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button