Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Биыл Ақтөбе-Қандыағаш және оңтүстік айналма жолы пайдалануға беріледі

Биыл облыста республикалық маңызы бар Ақтөбе-Қандыағаш және Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма автокөлік жолы пайдалануға беріледі. Бүгінде бұл жолдарда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Осы орайда біз Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолын қайта салып жатқан мердігер мекемелердің өкілдерімен тілдесіп, құрылыс жұмыстарын өз көзімізбен көріп қайттық. Сондай-ақ облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарымен әңгімелесіп, биыл облыстық маңызы бар қандай жобалардың жүзеге асырылып жатқанын сұрап білдік…

 Көпір мен айналма жол

 «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, республикалық маңызы бар Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолын қайта жаңарту жұмыстары 2021 жылы басталған. Аталған жобада жолды төрт жолаққа дейін кеңейту, көпірлер мен өткелдер салу көзделген. Бүгінде бұл жолдың 11-шақырымынан 52-шақырымына дейінгі учаскесіне құрылыс-монтаж жұмыстарын «Сине Мидас Строй» ЖШС жүргізсе, 52-ден 100-шақырымға дейінгі учаскесін «Ассана ДорСтрой» ЖШС жөндеп жатыр.

– Бұл автокөлік жолын қайта салу жобасы осыдан екі жыл бұрын басталған болатын. Биыл аталған екі компания құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір негізгі жұмыстар Алға қаласының айналма жолындағы ұзындығы 16 шақырым учаскесінде қарқынды жүргізілуде. Бұл жерге жауапты мекеме қазір қиыршық тас және асфальт жамылғысын төсеп жатыр. Жалпы бұл автокөлік жолының 77,5 шақырымы І санатты төрт жолақты, 18,2 шақырымы техникалық ІІ санатқа жатқызылады. Мәселен, аталған айналма жолда көлемі жағынан әртүрлі 7 көпір салу көзделген. Мұндағы жұмыстар осы жылдың күзінде аяқталуға тиіс. Бұл айналма жол ашылса, транзиттік көліктер бұдан былай Алға қаласына кірмей, осы жолмен жүретін болады. Бұл алдымен кептелістің алдын алады, сондай-ақ жүк көліктері аудан орталығына кірмейді, — дейді Айбол Данағұл.

Оның айтуынша, қазір Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолының Бестамақ ауылы аумағындағы учаскесіне жүргізіліп жатқан қайта салу жұмыстарында біршама қиындықтар болып тұр. Оның басты себебі — «Энергосистема» ЖШС-ның жол бойындағы электр желілері бағаналарын көшіру жұмыстарын кешіктіруі. Қазір бұл бағытта жауапты мекемелер жұмыстарды барынша жеделдетуге бар күшін салып жатыр.

«Энергосистема» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі электр желілері бағаналарын көшірсе, мердігер мекемелер қыркүйек айында Бестамақ ауылына кірер жолды салуды бастайды. Қазір бұл жерде ауылдағы кіреберіс жолдағы ұзындығы 400 метр болатын учаске проблема болып отыр. Себебі бұл аумақ ауылдағы үйлерге өте жақын орналасқан. Біз осыған дейін Бестамақ ауылының тұрғындарына жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, схемаларымызды көрсеттік. Төрт жолақты жол салынғаннан кейін ауыл ішінде 4,5 метрлік тротуарлардың құрылысы жүргізіледі, барлық аумақ жарықтандырылады, барлық қауіпсіздік шаралары қамтылады, оның ішінде түрлі бейнекамералар қондырылады.  Сондай-ақ мердігер компаниялардың демеушілігімен ауылда балалар алаңын салу да көзделіп отыр. Қазір осы ауылдан шыққаннан кейінгі 1 шақырым 200 метрлік жолға асфальт төселіп, ашылуға дайын тұр. Ең бастысы,  тездетіп электр желілері бағаналары көшірілсе, жұмысты бастап кетеміз, — дейді филиал директоры.

«Сине Мидас Строй» ЖШС үйлестірушісі Темур Буньяминнің айтуынша, қазір Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолының 11-шақырымынан 52-шақырымына дейінгі учаскесін қайта жаңарту жұмыстарына 176 техника жұмылдырылған. Мұнда 385 адам жұмыс жасап жатыр.

Бұл компания жалпы ұзындығы 44 шақырым жолды жөндеуді өз мойнына алған.

– Бұл жоба осыдан екі жыл бұрын басталды. Одан бері құрылыс материалдары да қымбаттады, жалақы мөлшері де артты. Сондықтан қазір жоба аясында бағаның өсуіне байланысты қайта реттеу (корректировка) жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Алайда біз осындай қиындықтарға қарамастан, құрылыс жұмыстарын тоқтатпай, жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінде біздің компанияға қарасты зауыт жұмысшылары таңғы 6.00-ден бастап жұмысқа кіріседі, жол жөндеу жұмыстары 7.00-де басталады. Техникалардың көбі өзіміздікі, жалға алғандар да бар. Жолдың сапасына келсек, екі жылға дейін толық кепілдік бере аламыз, — дейді Темур Буньямин.

Оның айтуынша, бірнеше айда 7 көпір, су өткізгіш құбырларын, 16 шақырым жол салу үлкен еңбекті қажет етеді.

– Айтуға оңай, дегенмен бір көпірдің құрылысының өзіне көп уақыт қажет. Ал жол салуға келсек, мұнда жолдың негіздеме қабатына 20 және 18 сантиметрлік қиыршық тас салынса, одан кейін жалпы қалыңдығы 27 сантиметр болатын екі қабат асфальт жамылғысы салынады. Ал ең соңында тасжолдың бетіне қиыршық тасты-мастикалық асфальт-бетон жамылғысы төселеді, — дейді серіктестік үйлестірушісі.

«Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, қазір «Сине Мидас Строй» компаниясы Алға қаласының айналма жолындағы көпірлердің құрылысына биыл облыста ашылған Алматы көпір құрылысы зауыты филиалының құрылыс материалдарын қолданып жатыр.

– Көпірлердің құрылысына осы зауыттың 33,42 метрлік балкаларын сатып алдық. Бұрын көпір салу жұмыстарына «Стройдеталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 21, 24 метрлік балкаларын, басқа да су өткізгіш құбырларын сатып алатынбыз. Биыл облыста екі кәсіпорын жұмыс жасаған соң бәсекелестік орта пайда болды. Өзге өңірлерден мұндай құрылыс материалдарын әкелу қымбатқа шығады, — дейді ол.

Көзімізбен көргендей, бүгінде Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолының әр уческесіндегі асфальт жамылғысының сапасы жіті тексерілуде. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының мамандары қазір  «Сине Мидас Строй» компаниясы салған жолдарды жан-жақты тексеріп, бақылауға алуда. Мамандардың айтуынша, техникалық бақылаушылар әркез құрылыстың басы-қасында болып, асфальттың қалыңдығын, сапасын жіті тексерсе, жолдың сапалы салынатыны анық.


«Ақтөбенің» анықтамасы

Облыста бүгінде 1869 шақырым республикалық маңызға ие автокөлік жолдары бар. Жоғарыда аталған Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолы 1960-1970 жылдары салынған. Бұл тасжол бұған дейін үшінші санатты республикалық маңыздағы екі жолақты жол болып келді. Алдағы уақытта қайта жаңарту жұмыстары жүзеге асырылса, бұл бірінші санатты төрт жолақты жол болады.

Жалпы Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолы жобасын аяқтау мерзімі 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Жоба бойынша қайта жаңарту жұмыстары 7 учаскеге бөлінген.

Ал Самара-Шымкент республикалық тасжолының ұзындығы — 2100 шақырым. Ресей Федерациясынан басталатын жол Орал асып, облысымыздың үстімен өтіп, Қызылорда облысын қиып, Шымкентке дейін барады. Осы жолдың Ақтөбе облысына тиесілі қашықтығы — 661 шақырым. Ақтөбе қаласын және Қобда, Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз аудандарын жалғайды. Келер жылы осы тасжолдың «АқтөбеҚарабұтақҰлғайсын» учаскесіне қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.


«Жол да төсеп, қоқысты да жинап жатырмыз»

 Бұдан кейін біз Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолының Қандыағаш қаласына жақын жердегі учаскесіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Ассана ДорСтрой» ЖШС өкілдерімен тілдестік.

«Ассана ДорСтрой» ЖШС жоба жетекшісінің орынбасары Сергей Гарбольконың айтуынша, қазір мұндағы жол жөндеу жұмыстарына 280 адам мен 162 техника жұмылдырылған.

– Бүгінге дейін Ақтөбе-Қандыағаш жолының оң жағында — 32,5 шақырымына, сол жағында 19,5 шақырымына асфалтьт жамылғысы төселді. Қазір сол жағына екі қабат қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ Қандыағаш қаласы аумағындағы айналма жолды салу жұмыстарын да бастап кеттік. Бүгінде жұмысшыларымыз тынбай еңбектеніп жатыр. Компаниядағы жұмысшылардың дені — Мұғалжар, Алға ауданының тұрғындары. Жол салуда ешқандай мәселе жоқ. Тек жол бойында қоқыс көп. Осы автокөлік жолымен жүретін жолаушылар бар ішкен-жегенін жол бойына лақтырып кетеді. Соның салдарынан жолға жұмылдырылатын жұмысшыларымыздың алты-жетеуі күн сайын қоқыс жинайды. Біз жолаушылардың барынша тазалықты сақтап, жолға жауапты мекеме жұмысшыларының еңбегін құрметтесе екен дейміз. Алдағы уақытта автокөлік жолы толық пайдалануға берілсе, жол бойында қоқыс салатын жәшіктер орнатылды, — дейді ол.

Бүгінде «Ассана ДорСтрой» ЖШС Ақтөбе-Қандыағаш автокөлік жолының 52-ден 100-шақырымға дейінгі учаскесін қайта салумен қатар, Қандыағаш қаласында жол пайдалану бекетінің де құрылысын жүргізіп жатыр екен. Бұл жерде жалпы саны 7-8 нысан бой көтеруде.

– Бұл жолды күтіп-ұстауға арналған бекет аумағында бақылау-өткізу пункті, әкімшілік ғимарат, жолаушылар жылынатын орын, қазандық, жөндеу жұмыстарына арналған шеберхана, материалдар мен техникалар сақталатын қоймалар салынады. Бұл кешеннің құрылысы сәуір айында басталды. Құрылыс жұмыстары қыс айларына дейін аяқталуға тиіс. Мұнда қазір 52 адам жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарына 10-нан астам техника жұмылдырылды. Қысқа дейін бұл жерге жарық, жылу қосылуы керек, — дейді «Ассана ДорСтрой» ЖШС учаске бастығы Ринат Аринов.

Айбол Данағұловтың айтуынша, мұндай бекеттер республикалық маңызы бар барлық автокөлік жолдарында салынуы керек.

— Өздеріңіз көргендей, Ақтөбе-Қандыағаш жолын қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес бұл автокөлік жолы қазан айында ашылады. Ал толық пайдалануға беру мерзімі — 2024 жыл. Бүгінде бұл жоба аясында бірінші лот бойынша «Сине Мидас Строй» компаниясы 1 138 647 мың тонна қиыршық тас, 11,44 мың тонна битум, 7,18 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын дайындаған болатын. Ал екінші лот бойынша «Ассана ДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 718 353 мың тонна қиыршық тас, 22,004 мың тонна битум, 7,945 мың текше тер темір-бетон бұйымдарын әзірледі. Қазір бұл екі мердігер ұйым да жоспарға сәйкес қайта салу жұмыстарын барынша жүргізіп жатыр. Оның ішінде қос компания Алға, Қандағаш қалаларының айналма жолдарында жасанды құрылыстар, көпірлер мен су өткізу құбырларын қарқынды түрде салып жатыр. Жалпы, бұл автокөлік жолы — Ақтөбе мен Атырау облыстарының көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін күрежолдың бір бөлігі. Егер автокөлік жолы келер жылы толық пайдалануға берілсе, онда Алға, Мұғалжар, әрі қарай Темір, Байғанин аудандарының тұрғындары облыс орталығына емін-еркін қатынайтын болады, — дейді ол.        

Сөз арасында «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл ұзындығы 262 шақырымды құрайтын «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жолының учаскесін реконструкциялау жөнінде де айтып берді.

Оның айтуынша, бұл автокөлік жолын қайта салу бойынша бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жол құрылысы нақты қай уақытта басталатыны әзірге белгісіз.


180 жоба: 883 шақырым жол

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бекболат Нұрашевтың айтуынша, биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге бюджеттен 50 млрд теңге бөлінген. Осы қаржыға облыс бойынша жалпы ұзындығы 883 шақырымды құрайтын 180 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде осы жобалардың ішінде 161-і іске асырылып жатыр.

Жалпы биыл облыс бойынша 883 шақырым жолды жөндеу жоспарланса, соның 702,9 шақырымы — облыстық, аудандық маңызға ие жолдар. Ал 145,7 шақырымы — көше жолдары. Жалпы жыл басында облыста жол жөндеу жұмыстары бойынша 13 ірі жоба қолға алынса, оның ең ірісі — Ақтөбе қаласындағы оңтүстік айналма жолы. Бүгінде бұл жоба бойынша мердігер ұйым анықталды, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Автокөлік жолы биыл жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. Қазір осы жолдың 13 шақырымы жөнделіп жатыр, оның бірінші қабаты салынып болды. Енді қазан айына дейін жолдың екінші қабаты төселеді, тротуарлар мен жарық шамдары, жол белгілері орнатылады. Ал екінші ірі жоба — Ақтөбе қаласының Жаңақоныс елді мекені аумағымен өтетін батыс айналма жолы. Әрі қарай бұл жолды Ақтөбе-Мәртөк трассасына қосу көзделіп отыр. Жобалық-сметалық құжаттамасы келер жылы әзірленетін болады, — дейді ол.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру алдағы екі-үш жылға созылуы мүмкін. Бұл — транзиттік жүк көліктерін қалаға кіргізбей, олардың сыртпен жүруіне бағытталған жоба. Сондай-ақ бүгінде облыста Қарғалы ауданында үш учаске, Темір ауданында Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі облыстық маңызы бар тасжолында үш учаске жөнделіп жатыр. Жолдардың бір бөлігі биыл аяқталса, бір бөлігі келер жылы пайдалануға берілмек.

— Биыл Ақтөбе өңіріндегі жолдарды жөндеу жұмыстарына 96 мың тонна битум қарастырылды. Қазір битум қоймаларында 10 мың тонна битум бар. Мердігер мекемелер осы жерден алып жатыр. Қазір облыста бұл орайда ешқандай проблема жоқ. Қойма иелері битум қорын керегінше толтырып отыр. Айта кету керек, биыл 200 мың тоннаға дейін битум жеткізу бойынша Ресейге келісім-квота берілді. Өңірімізге битум Ресейден де, Маңғыстау облысындағы Қаражанбас кен орнынан да тасылып жатыр. Ал биылғы жобалар бойынша қарастырылған қиыршық тас мөлшері 3 миллион тонна болса, бүгінде оның 70 пайызы тасып әкелінді, қазір қор жеткілікті. Қалған 30 пайызы қазан айына дейін жеткізіледі, — дейді Б.Нұрашев.

Бөлім басшысының айтуынша, биыл жүзеге асырылып жатқан жобалардың көбі — өткен жылдардан бері жалғасып келе жатқан жобалар. Ал биыл қолға алынған бірқатар жоба келер жылы да жалғасуы мүмкін.

— Биыл облыста Қобда-Мәртөк жолын жаңарту жұмыстары басталды. Бұл жобаны келер жылы да жалғастырамыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. Сондай-ақ Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк автокөлік жолының да келер жылы 140 шақырымы жөнделеді. Шалқар-Бозой жолындағы екі учаскеге де 60 шақырым жол салынады.

Ал алдағы жылдарға арналған жоспарға сәйкес қазір біз үлкен Ақтөбе оңтүстік айналма жолының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап жатырмыз. Бұл жол Маржанбұлақтан басталып, Алғаның территориясымен Бестамақ ауылының үстінен өтіп, Хромтау арқылы Ақтөбе-Хромтау жолына қосылады. Ұзындығы — 100 шақырым, айналма жол екінші санаттағы жол болмақ. Келер жылы жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлейміз, — дейді ол.


Қала көшелері де жөнделіп жатыр

 Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, биыл Ақтөбе қаласында Молдағұлова, Тәуелсіздік даңғылдары, Илецкий, Қазанғап, Хмельницкий, Жаңақоныс ауылында Әуезов, ОңтүстікБатыс-2 тұрғын үй алабында Құрманғазы көшелері жөнделіп жатыр.

– Бүгінде Ақжар-2 ауылының жолына да жөндеу жұмыстары жүруде. Бұл жерде 4 шақырым жерге асфальт жамылғысы төселді, ал екі шақырымына жолдың бірінші қабаты салынды. Негізі бұл жолға үш қабатты асфальт жамылғысы төселуі керек.

Сонымен қатар қазіргі таңда ОңтүстікБатыс-2 тұрғын үй алабында ұзындығы 11 шақырым болатын жалпы саны 20-дан астам көшеге жол төсеу үшін бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп отыр. Жалпы жоба құны — 2,3 миллиард теңге. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы аяқталуға тиіс, — дейді бөлім басшысы.

Данагүл ҚАЗИХАН

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button