ЖаңалықтарСпорт

Іріктеудегі ірі жеңіс «Торпедо (Кутаиси, Грузия)-«Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан) — 1:4

 Әуе тасымалына қатысты түсінбестіктерге байланысты «Ақтөбе» Кутаиси қаласындағы кездесуге көздеген уақыттан кешігіңкіреп барды. Тіпті стадионның жасыл алаңына алдын ала бой үйретіп алуға да мүмкіндік болмады. Кешікпегендер — ақтөбелік жанкүйерлер. Алдымен жеткен 500 шамасындағы жерлестеріміз Кутаиси стадионын 90 минут бойы жаңғырықтырды да отырды.

Бельгиялық төреші Жонатан Лардоның ысқырығынан соң ақтөбеліктер бірден шабуылға көшті. Біздің жігіттер өз чемпионатымыздағы тәрізді тынбастан қарсыластар қақпасына қарай атой салумен болды. Тек гол жетіспей тұрды. Өз чемпионатымыздағы соңғы екі кездесуде де небәрі бір-бір голдан соққан футболшыларымыз сол әрекеттерінен аспай қала ма деген де қауіп ойладық. Қақпа маңына ентелеп жеткенімен, мысалы, Бауыржан Байтана, Максим Самородов, Лука Гадрани жасаған соққылар дарымады. Дегенмен кілт табылды. Максим тастаған пасты іліп әкетпек болған Элдер Сантананы айып алаңының ішінде грузиялық екі қорғаушы жабыла құлатты да, пенальти белгіленді. Нүктеге Әлібек Қасым келді де, гол соқты — 0:1.

43-минутта сол қанаттан Бауыржан жербауырлата тастаған допты Милош Раичкович тоқтатпастан шірене тепті де, грузиялық қақпашы қапыда қалды. Рас, бұған дейін біздің қақпашымыз Стас Покатилов қақпаны төтеннен соғылған доптан құтқарып қалған болатын — 0:2.

Жалпы бірінші тайм «Ақтөбенің» толық басымдылығымен өтті.

Екінші таймда алаң иелері белсенді қимылдады. Әйтсе де үшінші голды тағы да ақтөбеліктер соқты. 73-минутта грузиялық қорғаушы өз қақпашысына сырғытып жібермек болған допты оны өкшелеп келе жатқан Андрия Филипович кенеттен іліп әкетті де, қақпаның дәл алдына келе қалған Максим Самородовқа тастады. Максим допты бос қалған қақпаға кіргізе салды. Филиповичке қарсы жүгіргенде ұзап кеткен грузиялық қақпашы допты көзбен ғана шығарып салды — 0:3.

89-минутта алаң иелері қарымта гол соқты. Георгий Арабидзе біздің қорғаушыларды алдап өтіп, қақпаны дәл нысанаға алды — 1:3.

Ал іле-шала, 90+3 минутта «Ақтөбе» есепке тағы да өзгеріс енгізді. Грузиялық футболшының аяғына келе қалған допты Андрия Филипович кенеттен жұлып әкетті де, тура қақпаға қарай жүгіріп, қорғаушылардан да сытылып өтіп, жібек торды бүлк еткізді — 1:4.

Бас бапкеріміз Андрей Карпович тактиканы дұрыс ұстана білген ойын осылай ірі есеппен аяқталды. Бір өкініштісі, төрт футболшымызға ескерту қағазы көрсетілді (М.Самородов, Д.Яшин, Ә.Таңжарықов,М.Раичкович). Осының ішінде артық мінез көрсеткен М.Самородов пен Д.Яшин ескерту қағазын «сұрап алғандай» болды. Лука Гадранидің жарақат алып қалғаны да команда ойынына теріс әсер ететіні және белгілі.

Қалай болғанда да, 3 тамызда өз алаңымызда өтетін қарымта кездесуде «Ақтөбе» Конференция лигасындағы

іріктеу турнирінің үшінші кезеңіне өтетіні алдын ала мәлім болып қалған тәрізді.

«Торпедо» (Кутаиси, Грузия)-«Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан) — 1:4

Гол авторлары: Әлібек Қасым 34-минут, пенальти (0:1), Милош Раичкович, 43-минут (0:2), Максим Самородов, 73-минут (0:3), Георгий Арабидзе, 89-минут (1:3), Андрия Филиппович, 90+3 минут (1:4).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко (капитан), Дмитрий Яшин, Лука Гадрани (Ескендір Қыбырай, 71-минут),​ Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Леонел Струмия, Милош Раичкович, Максим Самородов (Ыдырыс Умаев, 80-минут), Бауыржан Байтана (Андрия Филипович, 71-минут)​, Элдер Сантана (Абылайхан Жұмабек, 80-минут).

Бас бапкер — Андрей Карпович.

28 шілде 2023 жыл. Грузия, Кутаиси қаласы, Рамаз Шенгелия атындағы стадион.

*   *   *

Бұдан сәл бұрын, 26 шілдеде Чемпиондар лигасындағы екінші кезеңнің алғашқы ойынын «Астана» өткізген болатын.

Загреб қаласында «Динамо» командасымен кездескен астаналықтар хорваттарға алғашқы жарты сағаттай уақытта ғана қарсылық көрсете алды. Одан әрі тізгіннен айрылып, 7 минуттың ішінде қақпасына үш гол жіберіп алды. Ал төртінші гол екінші таймда соғылды.

Енді «Астананың» қарымта кездесуде есе қайыратындығына ешкім де сенбей отыр.

«Динамо» (Загреб, Хорватия)-«Астана» (Астана, Қазақстан) — 0:4.

*   *   *

«Ордабасы» 28 шілдеде өз алаңындағы ойынды тым-тәуір бастады. Бірінші таймда және екінші таймның басында поляктардың қақпасына екі гол салған шымкенттіктер жеңіске жақын тұрған тәрізді еді. Олай болмады. Қонақтар 63-ші және 86-шы минутта екі қарымта гол соғып, есепті теңестірді де тастады. Конференция лигасының үшінші кезеңіне өту жөніндегі мәселе қайтадан таза парақтан басталатын болды.

Енді 3 тамызда Польшада болатын қарымта кездесуде алаң иелері «Ордабасыға» оңай тізгін ұстата қояр ма екен?

«Ордабасы» (Шымкент, Қазақстан)-«Легия» (Варшава, Польша) — 2:2.

*   *   *

Ол жақтағы да, бұл жақтағы да жанкүйерлер «Тобылдың» келесі кезеңге өтпейтіндігін жамырай айтқан болатын. Ол жақтағылардың өкінішіне қарай, бұл жақтағылардың қуанышына орай қостанайлықтар ешкім күтпеген есеппен — жеңіспен оралды.

Рас, бірінші таймда «Базель» футболшысы есеп ашты. Ал екінші таймда қостанайлықтар қарсыластар қақпасына үш гол тоғытты. Бір пенальтиді қақпаға енгізе алмай қалған Рамазан Оразов жеті минуттан соң бәрібір гол соққанын айта кеткен жөн. Ал «Базельдің» екі ойыншысы дөрекі ойнағандары үшін 56-шы және 69-шы минуттарда алаңнан қуылды.

Сырт алаңда 28 шілдеде осылай жеңіске жеткен «Тобылдың» енді 3 тамызда өз алаңымыздағы ойында Конференция лигасының үшінші сатысына өту мүмкіндігі мол болып тұр.

«Базель» (Базель, Швейцария)-«Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) — 1:3.

 Е.АХАТҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button