Жаңалықтар

Заңсыздыққа жол берген мекемелер жауапқа тартылады

Қала тазалығымен айналысатын компаниялардың жұмысы өңір басшысы Ералы Тоғжановтың сынына ілікті. Облыс орталығының кей аумақтарында қоқыс үйіліп, қураған ағаштар мен арамшөптер әлі күнге дейін тазартылмаған. Мердігерлер тіпті қар тазалау жұмыстарын да өз деңгейінде атқара алмай отыр.

Аппараттық жиын барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов қоқыс шашылып жатқан көшелерге жауапты мердігерлерді орындарынан тұрғызды. Бұған дейінгі аппарат отырысында облыс әкімі Ақтөбе қаласының көшелері мен тротуарларын тазалаумен айналысатын мердігер ұйымдардың қызметін тексеруге тапсырма берген. Атап айтқанда, арнайы комиссия облыс орталығының аумақтарын санитарлық тазалықпен қамтамасыз ету бойынша қызметтерді көрсетуде мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу кезінде компаниялар мәлімдеген техникалары мен жұмыс күші көлемінің шындыққа сәйкестігін анықтауға тиіс.

Тексеріс барысында әр компанияның мүмкіндіктері қаралды, яғни неше техникасы бар,  құжатта қанша техниканың саны көрсетілген — соның бәрі анықталады. Әрқайсысыларыңызбен жеке-дара жұмыс жүргізіледі. Егер қандай да бір заңсыздық анықталса, жауапкершілікке тартылатын боласыздар. 

Бір апта бұрын қалада қар жауды. Басқаны былай қойғанда, сіздер сол аз мөлшерде жауған қарды тазарту жұмыстарын да жөнді атқара алмадыңыздар, — деді Ералы Тоғжанов қала тазалығымен айналысатын мердігер мекеме өкілдеріне.

Қазіргі уақытта қаланың аумағын санитарлық тазалаумен 8 компания («Техэлектро-Казахстан», «Болашақ Гарант Сервис», «SAMGAU-2030», «Тазалық-2015», «ТехноСервис KZ», «Отес Актобе», «Батыс-Ақтөбе Басқарушы Компаниясы» ЖШС) айналысады.  Олардың міндеттеріне жалпы қалалық аумақтарда қоқыстарды жинау, арамшөптерді шабу және жою, қар мен мұздан тазарту секілді жұмыстар кіреді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button