Жаңалықтар

Сәбидің тілі

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Бірде ертеңгілік автобусқа міндім. «По полям, по полям, синий трактор едет к нам..» деген таныс әнді тыңдап келеміз. Содан мен қарап тұрмай, ән қосып отырған келіншекке: «Балапан» арнасындағы «Әли мен Айя» немесе «Сәби» бағдарламаларын қосып берсеңіз болады» дедім. Жаңағы жас келіншек бірден «Қазақша ма, қазір қосайын» деп, қуана қосып берді. Бір кезде тыңдап келе жатқан әні өзгеріп кеткенін білген сәби автобусты басына көтеріп, жыламасы бар ма?.. Анасы қайтадан «Синий трактор» әнін қосып еді, жылауын тоқтатты.

Сонда жаңағы балаға орыс тіліндегі ән ұнап тұр. Неге? Себебі баланың көңілінен шығып тұр, қызықты. Осы орайда интернетте балаларға арналған қазақша әрі қызықты контенттің аздығы көрініп қалды. Сосын да балапандар бүкіл видеоны орыс тілінде, тіпті кейде ағылшын, қытай тілінде де көреді. Кейбір ата-аналар әлі де бұл мәселеге мән бермей отыр. Негізінде бұлқауіптенетін, қоғам болып назар аударатын үлкен проблемаға айналып барады. Бар қызықты басқа тілде қарайтын балаларға қалай көмектесе аламыз?

Жаһандық технологиялардың дамыған заманында балалардың интернетке кіруін шектеу де дұрыс емес болар, дегенмен әлі ана тілінде сөйлей алмайтын балаға өзге тілдің қажеттілігі қанша? Қазір біреулер маған қазақ тілді контент аз деуі әбден мүмкін. Оларға мен сәбиіңіз әуелі «Балапан» арнасындағы қазақша мультфильмдерді қарап тауысып алсын дер едім. Әзірге сол да жеткілікті. Бір-екі жастағы балаларға «Сәби», 2-3 жастағы балапандарға «Әли мен Айя» бағдарламалары, 3-4 жастағыларға «Қошқар мен Теке», «Алдар мен шайтандар» мультфильмдері, 5 жастан асқан балаларға Мауглидің басынан кешкендері туралы «Джунгли кітабы» бар. Мен тек есіме түскенін айтып отырмын, беріде қаншама жаңа мультфильмдер мен бағдарламалар шықты.

Ана тілін үйрену аналарымыздан басталады емес пе… Өкінішке қарай, арамызда тілі шықпаған балаға экраннан қызылды-жасыл дүниені жыбырлатып қойып, «мазамды алмаса болды, басқа шаруамды жасап алайын» дейтін аналарымыз да бар.

Тіпті қазақтілді отбасында өскен сәбилердіңорысша сайрап жүргеніне қайран қаласың. Бұл бір отбасының басындағы жағдай болса бір сәрі, осындай мысал таныстарымның арасында жетіп артылады. Олармен пікірлескендегі ұққаным, бәріне кінәлі — интернет желісі. Сөйте тұра олардың кейбірі баласының басқа тілде сайрағанына мәз. Ата-аналардың бір тобы баласының балабақшада орысша сөз айтып жүргенін қызық көргенімен, кейін мектепке барғанда қиналатынын ойлап, уайымдап жүр.

Кеңестік кезеңде тіл білмегенінен зәбір көрген аға буын бір жылдары балаларын жаппай орысша оқытты. Қазір, керісінше, тіпті өзге ұлт өкілдері де балаларын қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне беретінін байқаймын. Ал қазақ отбасылары өзінің туған тілін менсінбей жүр.

Қазақтың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі ең әуелі қазаққа ғана керек. Сондықтан да өзіңіз бастап, патриоттық тәрбиенің үлгісін көрсетіп, сәбиіңізге осы сәттен бастап қазақтілді мазмұндағы материалдарды ұсынсаңыз, жақсы болар еді…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button