Тағзым

Төраға қызметіндегі 33 жыл

  • Тағзым

Кім де болса еңбек жолын алғаш бастаған жерін тебіреніспен еске алары сөзсіз. Сол сияқты бізге Ембі қаласы ыстық болып көрінеді. Оған себеп – мектептегі оқушылық кезімізден көкіректе қонақтаған журналистік кәсіпке деген ынтызарлық. Қазақстан бойынша бұл саланың мамандарын бір ғана оқу орны – Алматыда ҚазМУ-дің журналистика факультеті дайындайтын. Онда да бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген екі жылдық өтілің болуы шарт. Сөйтіп, кәмелеттік аттестат алған бойда мүлде бейтаныс мекен — жаңадан құрылып жатқан Мұғаджар ауданының орталығы – Ембі поселкесінен бір-ақ шыққанбыз.
Шүкір, таңдаудан қателеспеппіз: дүниетанымымызды байыта түстік, ой-өрісі кең достар таптық.  Олардың бірқатарымен әлі күнге араласып тұрамыз. Таяуда марқұм Жамбыл Баймұхановты еске алу барысында өңірдің сыйлы қарты болған Зәбиғұлла Елубаев турасында сыр шертіскенбіз.

Ол тұстағы Ембі — шағын жұмысшылар поселкесі, бір жағында Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігінің тікелей бақылауындағы «Ембі-5» әскери сынақ алаңының орталығы болған қала. Теміржолдың бірнеше кәсіпорны, бірі қазақ тілінде, екіншісі орысша оқытатын екі орта мектеп, аурухана, геологтар мен теміржолшылардың дербес клубтары жұмыс істейтін мекенге жаңа ауданның құрылуымен сан тараудан алуан саланың мамандары келіп жатты. Әлеуметтік нысандар, кеңсе ғимараттары, тұрғын үйлер шапшаң қарқынмен салынып, кент қанатын кеңге жая түсті. Темір жолдың бойында, Жем өзеніне таяу қоныс тепкен мекеннің тұрмысқа жайлылығынан өзге ұлт өкілдерінің көбірек шоғырлануы да заңды еді.
Осындай ауқымды аймақта қым-қуыт тірлікті сетінетпей дұрыс үйлестіру салмағы, ең алдымен, еңбекшілер депутаттары Ембі поселкелік кеңесінің атқару комитетіне түсті. Штаттық құрылымында бар болғаны үш адам, төраға жоғарыда біз сөз еткен Зәбиғұлла Елубаев. Тұрғылықты халықтың оның есімін толық атамай «Зәбен» деуінде де сенім мен құрмет аңғарылып тұрды.
Менің бұл кісімен алғаш кездесуім де қызық. Редакторымыз Үбәйдулла Жаулыбаев байқап көргісі келді ме, корректор болып жүрген маған Елубаевтың жұмыс кабинетіне барып, газеттің кезекті нөміріне онымен сұхбат дайындауымды тапсырды. Екінші жағынан Шалқардың Бершүгір селолық кеңесінде төраға болып жүрген әкем Зәбиғұлла ағаны білетінін айтып, арнайы сәлемін жеткізуімді жүктеген еді.
Поселкелік кеңес кеңсесіндемін. Бұрын көрмеген адамым, бірақ былайғы жұрттан ол кісі жайлы жағымды пікірлер естігенім бар. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз — басқа ұлттан болар, төрағаның бос еместігін айтты. Ғажапты қараңыз, есіктің арғы жағынан қатқылдау дауыс естіліп тұр. Бірыңғай орысша, ресми үлгідегі әңгіме, сөйлемдері нақпа-нақ. Тыңдап отырмын, біз мезет тоқтады-ау. Хатшы жедел кірді, рұқсатын алған болар, мені кіргізді.
Ортадан жоғары бойы бар, шашын тықырлап алдырған, жүзі жылы азамат. Баласынған жоқ, сәлемімді қабылдап, алдындағы орындықты нұсқады.
— Кезекті сессияға дайындық қой. Баяндаманы немесе сөзімнің мәтінін қағазға түсіріп, осылай оңашада дауыстап оқып, алдын ала пысықтап алатыным бар, – деді.
Әкеммен қатар адамның ағынан жарылып, ақтарылған кейпі көңіл сарайымды ашып жіберді. Өзімді таныстырып, әке сәлемін жеткіздім. Үйлесімі табылып, сәтімен жалғасқан әңгіме нәтижесінде тым-тәуір мақала дайын болды.
Кейін бұл кісімен әлденеше жүздесудің орайы келді. «Қалайсың, Жөкеңнің баласы» деген сөзі құлағымның түбінде тұрғандай, алғашқы әсерімді бірте-бірте сүйкімді сипатта толықтыра бастадым.
Ол еңбек жолын он жеті жасында теміржол Ембі стансасында мұздату бекетінің жұмысшылығынан бастапты, пойыздың әуелі аға, сонан соң бас кондукторы сатысынан өтеді.
Міндетті ісіне жауапкершілікпен қарап, алғыс алған жігіт 1937 жылы Ембі поселкелік кеңес атқару комитетінде төрағасы орынбасалығына сайланады. Арада бір жыл өткізіп, төрағалыққа жоғарылайды.
1943-1944 жылдары Кеңес армиясы катарында Отанды неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысып, жарақатпен елге оралады. Ембіліктер офицер жерлесін қуана қарсы алып, қайтадан бұрынғы орынтағына — поселкелік кеңес төрағалығына отырғызады. Аға буын өкілдері соғыстан кейінгі кезең қиындықтарын ұмыта қойған жоқ. Елубаевқа да күндіз-түні бел шешпей еңбек етуге тура келді. Табиғи газбен жылыту деген өң түгіл түске кірмеген шақ. Көмірмен жылытатын қазандықтар жиі істен шығады, ақауды жөндей қоятын мамандар тапшы. Зәкең осындай сынақтарда сыр бермей қиын түйіндерді шеше білді.
Қызметтік көлік жоқ, жаяу жүріп, бірнеше жерден қолмен құдық қаздырып, төменгі жағынан жоғарыға дейін Мұғаджардың қара тастарымен шегендетті, осылайша тұрғын үйлерге ауыз су кіргізуді ұйымдастырды. Бүкіл поселке бойынша милицияның бір ғана учаскелік инспекторы жұмыс істеді. Талапшыл төраға сол инспектормен бірлесе отырып қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға күш салды. Көшелерді жарықтандыру мәселесі оң шешімін тапты. Әскери қалашық офицерлерімен, теміржол кәсіпорындары басшыларымен тіл табысып, мүмкіндікті ұтымды пайдалануы нәтижесінде қала көшелері мен алаңдарының тазалығы ұдайы назарда болды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында облыстағы селолық елді мекендер арасында алғаш рет ембіліктердің көгілдір экран хабарларын тамашалауына ұйытқы болған да – осы Елубаев.
Қаланың байырғы тұрғындары әлі күнге Зәкең ағамыздың Жем өзенінің екі жақ беткейінде — ұзындығы жиырма шақырымдық алқапта көкөніс, картоп дақылдарын отырғызу бастамасын көтеріп, ары қарай жалғастырғанын, сөйтіп, жыл сайын мол өнім алынғанын жыр қылып айтады.
Жаңа аудан басшылығында лауазымды қызметтер атқарған Иван Олейников, Ефим Книжник, Василий Кайнарьян, Калерия Зайцева және басқа өзге ұлт өкілдері, Ембі-5 әскери сынақ алаңының бастықтары, генерал-майорлар Николай Рощицкий, Петр Иванов, Василий Кириченко Елубаевтың орынды ой-пікіріне дер кезінде құлақ асып, қажет кезде техника, жұмыс күші тұрғысында қолқабыс берілуіне ықылас білдірді.
Қазақ және орыс тілдерінде сөйлеп, жазуға төселген Зәкең алдына келген адамның мұң-мұқтажын байыппен тыңдап, нақты түйін жасайтын, мәселені жедел шешуге ұмтылатын. Осы қасиеттерімен үлкен-кіші жамағаттың құрметіне бөленді. Отыз үш жыл Ембі қаласын басқарып, күш-жігерін, білімін туып-өскен мекенінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға аянбай жұмсаған азамат 1972 жылы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер мәртебесімен құрметті  демалысқа шықты.
Соғыс және еңбек ардагері Зәбиғұлла Елубаев ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, жеті медальмен марапатталды. Зейнет демалысына шыққанда оған аудандық кеңес атқару комитетінің шешімімен кезектен тыс «Урал» мотоциклі сыйлыққа берілді, «Ембі қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды. Алтыншы мүшелінде дүние салған майдангерді мәңгі есте қалдыру мақсатында Ембі қаласында бір көшеге есімі берілді, өмірбаяны туралы дерек «Ақтөбе» энциклопедиясына енгізілді.
Марқұм әйелі Қадишамен шаңырақ түтінін түзу шығарып, ұлдары Тәжіғұл мен Сансызбайға өнегелі тәрбие берді, немерелер сүйді. Қазіргі күнде немерелер Елубаевтар көшін сәтімен жалғастыруда: Мараты — кәсіпкер, Ермек — балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Берік — мектепте мұғалім, Серік темір жолдың әскери күзет мекемесінде жұмыс істейді. Бәрі де балалы-шағалы.
Айта кету керек, келіні Лиза Бабаниязқызы атасының мұрағатын ұқыпты сақтап, мектеп оқушылары арасында майдангер әрі кеңес қызметіне еңбегі сіңген абзал азаматтың ғибратты ғұмыры жайында әсерлі кештер ұйымдастырудың басы-қасында жүрді.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button