«Ер Едіге» алматыда сахналанды
Театр
Рухани жаңғыру бағдарламасының «Ұлы дала есімдері» жобасы аясында Данияр Базарқұловтың режиссерлігімен сахналанған Светқали Нұржанның «Ер Едіге» этнофольклорлық тарихи драмасы алматылық көрерменге ұсынылды.
Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының өнерпаздары «Ер Едіге» этнофольклорлық тарихи драмасын сахналады.
— Бұл қойылым облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша дайындалды. «Едіге туралы тек облыста ғана емес, барша Қазақстанға дәріптеуіміз керек» — деп облыс әкімінің өзі қолдау білдіріп отыр. Қойылымға этнофольклорлық бағыт таңдалды. 2019 жылдан бері Едіге атына даңғыл беріліп, ескерткіш бой көтерді. Байғанин ауданында Едіге жалы деген жерде археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ақтөбе қаласында 4 жерде Едіге атындағы жыр мектебі ашылды. — дейді мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.
Қойылымды Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев бастаған театр тарландары мен мәдениет майталмандары, Қазақстанның Жазушылар одағынан келген зиялы қауым өкілдері және театр өнерін сүйетін көрермендер келіп көрді.
Қойылым басталмас бұрын Алматы қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Алиев қала әкімінің атынан ұжымға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
— «Ер Едігенің» Алатаудың бауырына келіп жатқаны мен үшін үлкен қуаныш. Тағатсыздана күттік. Бала кезімізден жыр-дастандарды жаттап өстік. Сонда осы Едіге туралы құмарта оқитынбыз. Батыр, көреген қолбасшы, тарихи тұлғаның менің жеке өмірімде алар орны ерекше. Өйткені батырдың құрметіне ұлымның атын Едіге деп қойғанмын, — деді ол.
Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі Қалинұр Болысов облыс әкімінің атынан Алматы қаласының әкімдігіне Алғыс хат пен «Ер Едіге» музыкалық антологиясын және М.Әуезов театрының ұжымына облыс әкімінің атынан Алғыс хат табыстады.
«Ер Едіге» қойылымын алматылық көрермен ыстық ықыласпен, ерекше қошеметпен қарсы алды. Көрермен залы лық толды.
Қойылымды көрген халық әртісі Асанәлі Әшімов театр артистерінің шеберлігіне алғысын айтты.
— Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрын еліміздегі атақты театрлардың бірі деп есептеймін. Міне, бүгінде «Ер Едігені», жалпы тарихты көрсетті. Қойылым режиссерінің шеберлігі көрінді, көркемделуі өте жақсы болды. Осы театрдан үлкен үміт күтемін. Алдағы уақытта да халықтың көңілінен шығатын осындай кесек дүниелерді жарыққа шығарады деп сенемін. Тахауи Ахтановтың атына лайық өнер ұжымына ризашылығымды білдіремін. Театр артистеріне сәттілік тілеймін.Осындай тарихи қойылымды Алматыға әкеліп отырғаны — ақтөбеліктердің үлкен жетістігі, — деді халық артисі.
Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, көрнекті ақын Бауыржан Жақып ақтөбеліктерге ыстық тілегін арнап, Едіге туралы өз шығармасынан жыр жолдарын оқыды.
Қойылымды тамашалауға Алматы қаласында тұратын ақтөбеліктер көп келді. Олар жерлестердің жаңалығына әр кез құлағын түріп жүретінін айтып, өнерін тамашалауға арнайы келіпті.
— Жоғары деңгейде сахналанған қойылымнан керемет әсер алдық. Ер Едігенің өмір жолы қызық та күрделі оқиғаларға толы. Сол кездің оқиғалары көз алдымызға келді. Өткен тарихымызды көз алдымызға әкеліп, Едігені «тірілткен» қойылым болды. Мұндай қойылымды тек Қазақстан көлемінде ғана емес, түркі тілдес елдерге шығару керек. Өйткені Едіге — түркі жұртына ортақ тұлға. Ұлан-байтақ жерді, бірнеше ұлысы біріктірген Алтын Орданың тарихын Едігесіз айту қиын. Күллі түркі жұрты бұл тарихи драманы көруге тиіс, — дейді Алматы қаласында тұратын ақтөбелік Жәрдем Ақбисенов.
Қойылымның әсерлі болғаны сонша — соңында көрермендер ұзақ қошемет көрсетті.
— Алтын Орданың 750 жылдығына орай шығарылған қойылымды биыл алғаш ақпан айында сахналадық. Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент қалаларында көрсетілді. Алматыдан соң Нұр-Сұлтан қаласына барады. Қайда барса да, бұл «Ер Едіге» қойылымы жоғары деңгейде өтіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Республикалық гастрольдік сапарда жүрген театр труппасы құрамында 72 адам бар. Қойылым техникалық жағынан құрылымы өте күрделі, музыканың барлығы жанды дауыста ойналады, — дейді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының міндетін атқарушы Жандос Еспанбетов.
С.ЖҰБАНҒАЗИН.