Басты жаңалықтарМереке

«Қазақтарға мәңгілік қарыздармыз»

«Ел басына күн туған ауыр, азапты жылдары ата-бабамыздың аман қалғаны — кеңпейілді, жомарт жүректі қазақ халқының арқасы. Сол себепті ата-анамыз қазақ халқына мәңгілік қарыздар екенімізді біздің санамызға құйып өсірді», — дейді кейіпкеріміз, кәріс ұлтының өкілі, Ұлттық трансплантология орталығының аймақтық үйлестірушісі Валентина Арыстанова.

Биыл — кәрістердің қасиетті қазақ елін паналағанына 85 жыл. Бүгінде елімізде кәрістердің алтыншы ұрпағы өмір сүріп жатыр.  

Жақсылықты ұмытпаймыз

Қазақстандағы кәрістердің тарихы 1937 жылдан басталады. Кейіпкеріміз сол аласапыран кездегі кәрістер бастан өткерген қиындықтар туралы былай дейді:

Ата-анам 1937 жылы күзде Қиыр Шығыстан Қазақстанға күштеп қоныс аударылды. Оларға: «Тың және тыңайған жерлерді игеруге барасыңдар», —  деген шұғыл бұйрық беріліп, бір күнде жолға жиналған. Содан ең қажетті деген заттарын ғана алып үлгеріп, туған жер, туған елмен мәңгілікке қоштасып кете барған… 

Жолда оларға Қазақстанға баратындарын айтқан. «Қазақ деген кім? Бұрын-соңды естіп көрмеген бейтаныс ұлттың адамдары бұларды қалай қарсы алады?» деген секілді көкейде көп сұрақ туындайды. Келер күннен, болашақтан қорқып, жақсылықтан күдер үзген... — дейді ол.

Сол жылы жалпы Қиыр Шығыстан жүк вагондарымен 400 мыңға жуық кәріс көшірілген екен. Соның 120 мыңға жуығы Қазақстанға қоныс аударған. Ақтөбеге жіберілген кәрістер қазіргі Әйтеке би және Хромтау аудандарына қоныстандырылыпты.

Кәрістер ойлағандай емес, қазақтар бауырмал екен, құшақ жая қарсы алыпты. Дайын тұрған үй-жай жоқ. Әр шаңыраққа 2-3 отбасыдан бөлініп, паналапты. Сөйтіп, үміт оты қайта жаныпты.

Ата-анамыз: «Сол кезде бізді паналататындай қазақтардың өздерінің тұрмысы жетісіп тұрған жоқ-тын. Олар ауыр тұрмыстан әбден жүдеп-жадаған еді. Бұл  аштық жылдарынан кейін қазақтардың әлі есін жинай алмай жатқан кезі-тін. Оның үстіне біз көшкен жылы саяси қуғын-сүргін басталып, қазақтың көп шаңырағы қара жамылды. Сонда да рухтары асқақ, пейілдері кең халық бізді қамқорлығына алып, сүйеу болды. Төрінен орын беріп, бір үзім нанды тең бөлісті. Осы жарқын күніміз, жайлы өміріміз үшін қазаққа мәңгілік қарыздармыз» деп жиі айтып отыратын.  

Менің әкем мен анам бастапқыда сол кездегі Қарабұтақ ауданының Тасөткел ауылына қоныстанған, кейін, көп ұзамай Хромтау ауданындағы

Бөгетсай ауылына көшіпті. Мен сол Бөгетсай ауылында дүниеге келдім. Отбасында 8 бала болдық. Біреуі нәресте кезінде шетінеп кетті…  

Ата-анам айтатын тағы бір естелік есіме түсіп отыр: Бастапқыда кәрістер қазақтардың нан пісіруінен қатты жиіркеніпті. «Тезектің шоғына піскен нанды қалай жейді?» — деп жағасын ұстаған. Жемейін десе, талғажау ететін басқа ешнәрсе жоқ, аш қалатын түрі бар. Сөйтіп, амал жоқ, алдымен дәмін татып көреді. Содан дәмі тіл үйіретінін білген соң өздері де таба нан пісіруді үйреніпті. Қазір кезінде Бөгетсайда тұрған қазақ, кәріс, орыстар әлі күнге дейін бір-бірімізбен хабарласып тұрамыз. Ынтымақ-бірлігіміз бекем, — дейді Валентина Арыстанова.

Қазақтың ізетті келіні

Кәріс қызы қазақ шаңырағына келін болып түседі. Қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанып, ізетті келін атанған. Валентина Арыстанова — облысқа танымал хирург, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі төсбелгісінің иегері, денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған марқұм Рақымжан Арыстанның зайыбы.

Босағаны аттағанымда-ақ атам бірден: «Қазақ шаңырағына келін болып түстің, енді қазақтың салт-дәстүрін берік ұстан, айналайын», — деді. Өзім де: «Қазақтың дәстүрін құрметтеймін, үлгілі келін боламын», — деп іштей дайын болған едім. Қазақтардың ортасында өскен соң маған қазақтың әдет-ғұрпын үйрену аса қиын болған жоқ. Оның үстіне енем көп нәрсені үйретті.

Келіндерінің кәріс қызы екенін естігенде енем шошып, күйініп, жылап та алыпты. Дегенмен ұлының шешіміне қарсы шықпай, ақ батасын берді.

Кәрістерде қызға құда түсуге күйеу жігіттің ата-анасы барады. Мұны жолдасыма айттым. Мұндағы ойым: ата-енем ата-анамды, біздің үйдің тірлігін көріп, ұлтымыздың ғана кәріс екенін, ал өмір сүру салтымыздың бәрі қазақтардан түк те айырмасы жоқ екенін өз көздерімен көрсе деген ниет, көңілдерін жібіту-тін. Сөйтіп, ата-енем бірі орыс, бірі молдаван жақын жолдастары — Николай Медведев пен Федр Мельникті ертіп, біздің үйге құда түсуге келді. Кәрістің отбасындағы рәсім демесе, біздің үй қонақтарды қазақы дәстүрмен қарсы алды. Ауылдағы әжелер шашу шашты. Әкем: «Құда келеді», — деп жақсы көретін жылқысын сойды. Мұны көріп ата-енем аздап жібігендей болды. Қонақтар үйге екі күн қонып, той күнін белгіледі. Қайтар жолда Хромтауға соқтық. Енем мұндағы жалғыз дүкен «Восходқа» кіріп, «Красная Москва» деген әтір алып берді. Бұл мен үшін ең бағалы сыйлық болды. Сол кездегі қуанышымда шек болмады. Біз осылай отау құрдық. Шүкір, марқұм жолдасым Рақымжан екеуміз бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Ұлды — ұяға, қызды қияға қондырдық. Келінім — туған қызымдай. Бес немерем бар.

Менің жолдасым — отбасындағы ұлдың үлкені, бес ағайынды. Біздің әулетте қазақтың ізгі дәстүрі — үлкенге — құрмет, кішіге ізет көрсету берік сақталған. Қазір қаладағы тума-туыс телефонмен қал-жай біліскені болмаса, бір-бірін жиі көріп, кездесе алмайды ғой. Ал біздің әулетте ағайын-туыстың қарым-қатынасына уақыт тапшылығы кедергі келтіре алмайды. Қайныларым, қайынсіңлілерім, келіндерім, күйеубалаларым аптасына бір рет міндетті түрде үйге келіп, амандасады. Қандай жағдай болса да, менімен ақылдасып, менің пікіріммен санасады, — дейді Валентина Арыстанова.

Көршілер татулығы

Бұл шаңырақта Наурыз мейрамы мен соғымтой ерекше тойланады. Кейіпкеріміз — қазы айналдыру, ет тұздау, табақ тартудың хас шебері.

Апта сайын жұма күні жеті нан пісіреміз, Құран оқылады. Отағасы о дүниелік болғанына 2 жыл уақыт өтті… Содан бері дастарқаннан жеті нан тіпті үзілмейді.

Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова көшесінде тұрамын. Көршілеріміз — түрлі ұлттың өкілдері.  Олардың арасында қазақ та, кәріс те, шешен де, татар да, орыс та бар. Көршілерімізбен татумыз. Қуанышта да, қайғыда да бірге болып, бір-бірімізге тілектес екенімізді айтып, үнемі қолдау білдіреміз. Әр халықтың өкілі өздерінің салт-дәстүрін берік сақтайды әрі қазақ халқының дәстүрін, ұлттық мерекелерін құрметтейді. Мысалы, біздің көшенің тұрғындары Наурыз мейрамын ерекше тойлайды. Қасиетті рамазан айында ауызашар жасап, ораза ұстаған көршілерімізді қонаққа шақырамыз. Мен ораза ұстамаймын, сонда да көршілерім ораза ұстағандармен бірге шақырады. Мұның өзі сыйластық, құрмет деп түсінемін. Сәуірдің 22-сі күні ауызашар жасап, туыстарыммен бірге көршілерімді де қонаққа шақырдым. Бұл күн — жолдасымның дүниеге келген әрі о дүниелік болған күні. Биыл атаулы күн қасиетті рамазан айымен тұспа-тұс келгенін жақсы ырымға баладық.

Құрбан айтты да көршілерімізбен бірге тойлаймыз. Бірігіп құрбан шаламыз. Далаға қазан құрып, ет асамыз, — дейді Валентиа Арыстанова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button