Басты жаңалықтарМереке

Тілегі бір ауыл

Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында облыс орталығынан 82, аудан орталығынан 72 шақырым жерде жатқан Алға ауданына қарасты Сарықобда ауылдық округіне жол түсті. Бұл округтегі Болгарка ауылы ақтөбеліктерге көпұлтты ауыл ретінде жақсы таныс. Мақсатымыз — округте қоныстанған болгарлардың мәдениеті туралы біліп, тұрмыс-тіршілігімен танысу.

Сарықобдаға келген кезде көліктегілер кішкене тынығып алмақ болды. Ауыл шетіндегі үйлердің біріне кірдік. Біздің барғанымыз Мария Грузницкая есімді молдаван әжейдің шаңырағы болып шықты. Биыл 75-ке келген әжей жалғыз тұрады екен. Бізді көріп қуанып қалды. Қыздары тұрмыста, 55 жыл отасқан жолдасы қайтыс болған. Әжей  әңгімесін бірден бастап кетті. Үлкеннің сөзін бөлуді біз де құп көрмедік.

«Қашықтықты жеңеді тек хат қана…»

Ауылдастары арасында «Баба Мария» атанып кеткен Мария Ивановна — Сарықобданың тумасы. Анасы да сол ауылда туып-өсіп, сол ауылдың азаматына тұрмысқа шыққан. Ұлты молдаван болғанымен, жүрегі қазақ деп соққан Мария әжей ешқашан Молдавияға кетуді ойламағанын айтады.

— Менің арғы атам мен әжем 1907 жылы осында қоныс аударған. Ол кезде үлкен әжем 7 жаста болыпты. Олардың не себепті  Ақтөбе жеріне келгенін кезінде сұрамаппын. Бұл — менің ең үлкен қателігімнің бірі. Мүмкін, тарихи отанымызда туыстарымыз бар да шығар. Ол жағын білмедім, — деп қазақша бастады әңгімесін.  Бала кезінен қазақтың ортасында өскен Мария Ивановна өзінің қазақ тілін еркін меңгеруіне ауылдастарының үлкен көмегі болғанын айтады.

— Орыс сыныбын бітіргеніммен, қазақ ауылында тұрған соң қазақ тілін білмеу ұят. Әрі-беріден соң, Қазақстанда тұрғаннан кейін осы елдің тілін білу — әрбір азаматтың парызы. Менің балалық шағым да, жас кезім де қазақтың ортасында өтті, — дейді молдаван әжей.

Әңгіме барысында шаңырақ иесінің қазақтың салт-дәстүріне де үлкен құрметпен қарайтынын байқадық.

Асықпасаңдар, ет салайын, — деді ол шәйнегін қойып жатып. Бұдан соң дастарқанға православие христиандарының Пасха мерекесіне орай пісірген кулич пен түрлі түсті жұмыртқаларын әкелді.

— Қай ұлттың мерекесі болмасын, барынша өз деңгейінде атап өтуге тырысамыз. Жыл басы — Наурыз мейрамын да дүркіретіп атап өттік. Ауылда бесік той, шілдехана, үйлену тойы, тіпті шеке беруді де кең көлемде атап өтеміз. Көрші балалар: «Баба Мария ата барда жылда тәтті кулич пен түрлі түсті жұмыртқа тарататын, биыл бере ме екен», — деген соң, Пасха мерекесіне 100 жұмыртқа дайындадым. Сендер де ауыз тиіңдер, — деді.

Өмірлік серігі туралы айтқаны сол екен, дастарқанға қойылған түрлі түсті жұмыртқалардың бірін алып жатқан фотограф Хайреден Раушанов:

— Шалыңызбен қалай танысып едіңіз? — деп сұрады.

Елу бес жыл отасқан жолдасынан жақында мәңгілікке айырылып, көңілі пәс болып жүрген Мария әжей бір уақыт өткенге оралды.

—  Жолдасымның ұлты — орыс. Мәртөктің жігіті еді. Екеуміз 3 жыл бойы бір-бірімізді көрмей, хат алысып тұрдық. Хаттың қашықтықты жеңетін бір құдіреті бар ғой. Ішкі сезімдеріміз бен сырларымызды ақ параққа түсіріп, хат арқылы жолдайтынбыз. Екеуміздің таныстығымызға ауылдағы құрбым себепкер болды. Оның сөйлесіп жүрген жігіті мен менің жолдасым әскерде бір бөлімге түседі. Кейін әлгі жігіт біздің ауылға келіп, маған Борис туралы айтты. Бәрі содан басталған. Үйленген соң осы ауылда тұрдық. Күмістойымызды да, алтынтойымызды да ауыл болып тойладық. Үш баланың ата-анасы атандық. Қазір қыздарым тұрмыста. Бірі — осы ауылда, екіншісі Алға қаласында тұрады. Бір өкініштісі — ұлымыздың дүниеден ерте кеткені. Өткенде баламның Жеңіс Құрманалин есімді сыныптас досы  келіп, қайыр айтып, жолдасымның басына белгі қоюды өз мойнына алатынын айтып кетті. Айтып отырмын ғой, қазақтардың кеңпейілдігі мен қайырымдылығына басымды иіп, рақмет айтамын, — деді ол.

Жастайынан еңбекке ерте араласқан Мария әжей бір минут тыным таппайды екен. Біз барған күні де таңмен таласа тұрып, үйінің шаңын сүртіп, тазалап шығыпты. Қоңыр салқын үйі тап-тұйнақтай. Үй шаруасынан қолы қалт ете қалса, тоқыма тоқиды екен.

Алдымызда жол күтіп тұрған соң, Мария әжейдің шаңырағында ұзақ отыра алмадық.

— Ауылға тағы келсеңдер, міндетті түрде қайта соғыңдар. Ет асамын. Болмаса молдаван ұлтының ұлттық тағамдарын әзірлеп беремін, — деп, бізбен қимай қоштасты. Шуақты мереке қарсаңында әжейге жақсы тілегімізді жеткізіп, біз де әрі қарай жүріп кеттік…

Болгаркада болдың ба?..

Біз барған Болгарка ауылының жергілікті тұрғындары мұнда бұл халық Болгария мен Бессарабиядан Столыпин реформасы кезінде қоныстана бастағанын айтады. Одан бері талай жылдар өтті. Бүгінде ауылдың тұрғылықты тұрғындарына айналған болгарлар өз салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын жоғалтпаған.

Бұл ауылдағы екі үйдің бірінде болгарлар тұрады. Ал ауылдың орталығындағы бір үйді болгарлардың музей-үйі ретінде жасақтап қойыпты. Үйдің сыртында құдық бар. Ал ішіне кірсеңіз, кеңес заманындағы болгар шаңырағына тап болғандай күй кешесіз. Үйдің кіреберіс бөлмесінен бастап болгар ұлтының ертеректе пайдаланған заттары қойылған. Үш бөлмелі үйдің төргі бөлмесі заманауи тұрғыда жиналған. Бұл бөлмеде болгар ұлты туралы мәлімет, кітаптар және ауыл тұрғындарының жетістіктері қойылыпты. Қыз-келіншектердің қолөнер туындыларын да осы бөлмеден таба аласыз. Ал бөлменің төріне өздерінің ұлттық киімдерін ілген. Ұлттық тағамдарын әзірлеу жолдары да арнайы тақтайшада жазылыпты.

Үйдің шағын бөлмесін ас бөлмесі ретінде жасақтаған. Бұл бөлмеге сәкі құрып, қабырғасына алаша ілген. Өздері алашаның бұл түрін «паллатар» деп айтады екен. Ал сәкінің бір шетінде жаңа туған нәрестені тербететін әткеншек тұр. Оның атын «саллангач» деп таныстырды. Ас бөлмесінің қабырғаларына өрілген жеміс-жидек пен көкөністер ілінген.

Үшіншісі — төр бөлмесі. Бөлменің төрінде қолдан жасалған қоңыр шкаф тұр. Музейді таныстырған ауыл тұрғыны, болгар ұлтының өкілі Марина Маринова бұндай шкаф кезінде әрбір шаңырақта болғанын айтты. Сондай-ақ темір кереуетке төсек жинап, оның бетін қолдан өрнектеп тігілген төсек жапқышпен жауыпты. Кілем тоқитын арнайы құрылғыны да осы бөлмеден көруге болады. Бөлменің бір бұрышында раушан гүлдері бедерленген аппақ той орамалы ілінген. Болгарлар бұл орамалды «года пешкери» деп атайды екен.

— Года пешкериді болгарлар қызға құда түсе барғанда өздерімен бірге алып кеткен. Кейін  үлкен ағашқа осы орамалды байлап, келінді алып келетін болған. Ал жаңа шаңыраққа  түскен келін орамалды сақтап, осылай төргі бөлмесіне іліп қойған. Болгарлар да үйлену тойын ерекше атап өтеді. Бұрын үш күн жүретін едік. Құда түсіп, келінді алып келеміз. Қазақтар секілді бізде де үлкенді құрметтеуге ерекше мән беріледі. Ол тойда жастардың әулеттегі үлкендердің қолын сүю салты арқылы көрінеді, — деді Марина Маринова.

Ауылдағы музей-үйін тұрғындар өз күшімен жасақтаған. Марина Маринова бұрын ауылдағы мектепте этнобұрыш болғанын, бірақ экспонаттардың көптігінен осындай музей-үй жасақталғанын айтады. Әңгіме барысында болгар қызы тағы бір қызық ғұрыптарымен бөлісті.

— Менің білетінім, қазақтар атасының атын баласына қоймайды. Ал болгарларда керісінше, үлкен атасының аты ұмыт қалмау үшін міндетті түрде баласына немесе немересіне қойылады. Мысалы, біздің арғы атамыздың аты-жөні Дмитрий Дмитриевич, ал атамыз — Константин Дмитриевич, күйеуімнің есімі — Дмитрий Константинович. Ұлдарымыздың біріне Дмитрий деп ат қойсақ, екіншісіне Константин деп есім бердік, — дейді.

Татулық — таусылмас бақыт

1 мамыр мерекесін ерекше атап өтетін ауыл биыл да қызу дайындық үстінде. Оны ауылдағы мектеп-балабақшасына барғанда көрдік. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльвира Алманиязова бірлік пен достық мерекесіне орай мектепте  фестиваль өтетінін айтты. Фестиваль аясында әр ұлт өздерінің салт-дәстүрлерінен үзінді көрсетіп, ұлттық тағамдарын әзірлейді. Концертке дайындық барысында болгар қыздардың биін тамашалап, Павель есімді 1-сынып оқушысының қазақ тілінде шырқаған әнін тыңдадық. Болгар баласының репертуарында бірнеше қазақ әні бар екен.

— Ән айтқанды жақсы көремін. Әннің сөзін жаттауға анам көмектеседі. Бос уақытымда достарыммен бірге ойнаймын. Жақын достарымның арасында қазақ балалары да бар. Расул — менің ең жақын әрі адал достарымның бірі, — дейді Павель.

Бір қызығы, бұл ауылда интернационал отбасы көп. Мәселен, бір қазақ отбасында  болгар қызы шай құйып отырса, енді бір үйде чех қызы сәлем салып жүр. Тұрғындары тіліне де, дініне де қарап бөлінбейді. Ауызбіршіліктері өте жоғары.

Ауылда қазақ, болгар, орыс, украин, башқұрт, татар, чех, молдаван, удмурд  ұлтының өкілдері бар.

— Біздің ауыл тұрғындарының түрі басқа болғанымен — тілегі бір, діні басқа болғанымен — жүрегі бір. Мәселен, менің түскен отбасым да интернационал отбасына жатады. Туған қайын ағамның келіншегі — чех ұлтының қызы. Өте татумыз. Ол да біз секілді сәлем салады. Отбасылық мерекелерде бірге қызмет атқарамыз, — дейді Эльвира Алманиязова.

Бүгінде Болгаркада тұратын болгарлар әр қазақпен іргесі айырылмайтын көрші, жақын дос болып алған. Сапар соңында ауылдың байырғы тұрғыны Амангелді Тырнақов ақсақалға соғып кетуді жөн көрдік. Зейнетке шыққанша ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ақсақал болгарлармен тай-құлынша тебісіп, бірге өскен.

— Сыныпта оқыған баланың үшеуі қазақ болса, қалған 15-16-сы болгар ұлтының балалары болды. Ол кезде олар өзара болгар тілінде сөйлесетін. Жақсы араласқанымыз сондай — олар қазақша, ал біз болгар тілін түсінетін болып шықтық. Достыққа адал халық. Араласқан жолдастарымның көбі көшіп кетті. Григорий есімді жақын досым, құрдасым бар. Әлі күнге дейін араласып тұрамыз, — дейді сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал.

Р.S Сарықобда ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ермек Бектұрғановтың айтуынша, екі ауылдағы тұрғындар саны 800-ден асады. Ал Болгарка ауылында 400-ден астам адам тұрады. Ауылда су бар, газ бар, ұялы байланыс та іске қосылған. Мектептің қарсы бетінде футбол ойнайтын жаңа алаң салыныпты. Көшелері толық жарықтандырылған. Ауыл әкімі жолдарды асфальттап, жаңа клуб салып беру мәселесін қарастырып жатқанын айтты. Алдағы уақытта осы екі мәселе шешілсе, тілегі бір тұрғындардың қуанышы еселене түсері анық.  

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button