Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

  Ер түріктің бесігі Түркістанда Ақтөбе облысының күндері өтті

14-15 сәуірде Түркістан қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бес жылдығына орай «Ер түріктің бесігі Түркістанға — алтын бесік Ақтөбеден» атты

Ақтөбе облысының мәдени күндері өтті. Аталған шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған делегация өкілдері, сондай-ақ өнер және шығармашылық ұжымдары қатысты.

Шараның алғашқы күні ақтөбеліктер ашық аспан астында «Ақтөбе ауылы» этноауылын жасақтап, Түркістан халқына театрландырылған көрініс ұсынды. Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері, шеберлік кластары, облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының этнографиялық бұйымдар коллекциясы көрсетіліп, дәстүрлі әншілер концерт қойды. Киелі өлкенің тұрғындарына ақтөбеліктердің арнайы сәлемін облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жеткізді.

— Күллі түркі әлемінің астанасына айналған киелі Түркістанға келгенімізге  қуаныштымыз. Небір атақты бабалар жатқан, Яссауи кесенесі тұрған қасиетті мекенге тәу ету — бабадан қалған өнеге.

ХХІ ғасыр — руханият ғасыры. Екі дүние есігі болған жаңа Түркістан Ұлы Жібек жолындағы жұлдыздай жарқырап, жақсылыққа жол сілтеп тұрғандай.  Түркістанды түркітілдес халықтар өздерінің ата-бабаларының шыққан жері, атажұрты деп біледі.

Ұлтымыздың арғы-бергі тарихын, жүріп өткен жолын, өркениеті мен мәдениетін сараласақ, Түркістанды іс жүзінде рухани астана, мәдени, ғылыми орталық ретінде  білеміз, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Шарада сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәдени керуенді бастап келген ақтөбеліктерге алғысын білдіріп, құтты мекеннен келген өнерпаздарға сәттілік тіледі.

— Киелі өлкеге ат басын бұрған туристер саны күн санап артып келеді. Мәселен, тек наурыз айындағы бес күндік мереке кезінде Түркістанға 35 мың турист келді. Бүгін, міне, облыс орталығында Ақтөбе облысының мәдени күндері басталды. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бастап келген ақтөбеліктерге алғыс білдіремін, — деді ол.

Бұдан соң Түркістан жұртына Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры, ақын Ертай Ашықбаев жырдан шашу шашты.

Облыстың мәдени күндерінің алғашқы күні өңірден барған әншілердің «Karavansaray Turkistan» туристік кешенінде өткізген «Алтын аймақ — Ақтөбе» атты концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Ал облыс күндерінің екінші күнінде түркістандықтар үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Экобазарда өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне ет, сүт, көкөніс, т.б жергілікті өнімдер қойылды. Ауыл шаруашылығы тауарлары келушілерге арзан бағаға ұсынылды.

Бұдан кейін Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасында «Алтын аймақ — Ақтөбе», «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері» атты фотокөрмелер, «Ақтөбе —  әдебиет ордасы» атты кітап көрмесі, ақтөбелік ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылды. Кітапхананың фойесінде облыстық планетарийдің оңтайлы сандық толық күмбезді бағдарламасы ұсынылды. Оны көруге келген балалар аспан әлеміне саяхат жасады. Кітапхана алаңында «Алақай» облыстық қуыршақ театры ашық аспан астындағы «Жадыра, жайна, достар!» атты балаларға арналған қойылым қойды.

Кешқұрым Түркістан драма театрында «Ер Едіге» этнофольклорлық тарихи драмасы сахналанды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған көрермендермен бірге қойылымды облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ақын, пьеса авторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері тамашалады.

Шара соңында сөз сөйлеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин түркістандықтарға жүрекжарды лебізін білдіріп, Ақтөбе жұртының атынан ризашылығын жеткізді.

— Аты ежелден аңызға айналған Түркістан өңірі қайта түлеген сәтте ел болып асарлатқаны белгілі. Сол кезеңде әр өңір қаланың дамуына өз үлесін қосты. Ақтөбеліктер де бұл бастамаға қосылып, осы әсем ғимараттың бой көтеріп, қаланың көркін арттырып, тұрғындардың рухани өміріне серпіліс беруіне атсалысты. Бүгін күллі түркі дүниесінің кіндігі байланған киелі Түркістан топырағына келіп, өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Екі күн бойы өткізілген Ақтөбе облысының Түркістан қаласындағы мәдени күндері көңілдеріңізден шықты деп ойлаймын. Бүгінгі қорытындылау сәтінде баршаңызға Ақтөбе жұртының атынан алғысымды білдіре отырып, елімізге тыныштық, халқымызға амандық, бақ пен береке тілеймін, — деді О.Оразалин.

Екі күнге созылған мәдени шаралар Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» сарайында өңірімізден шыққан танымал суретшілердің туындыларынан жасақталған көрме мен «Сәлем, Түркістан!» атты гала-концертпен аяқталды.

(Материалымыздың толық нұсқасын газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар).

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button