Мереке

Жыл иелерінен жылы лебіздер

Сиыр жылы тарих қойнауына еніп, Барыс жылы босағамыздан аттағалы тұр. Қазақ жылдың қай-қайсысынан да жақсылық күткен. Сиырдан кейін, қоян жылынан бұрын келетін мүшел есебінің үшінші жылы қазақ халқы үшін тыныштық жылы болып саналған.

Жаңа жыл қарсаңында «Ақтөбенің» жыл иелерінен жылы лебіз тыңдайтын дәстүрі бар. Сол дәстүрден биыл да жаңылмай, барыс жылы туғандардың әдемі тілегін тыңдап, әзіл-аралас сұрақтарымызды қойған едік.

Мархаббат…

1938

Қайырғали Қожанбаев, академик Ахмет  Жұбановтың  шәкірті,  Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор, дирижер:

— Қайырғали аға, көпшілік асыға күтетін күнтізбедегі 1 қаңтардың сіз үшін маңызы қандай?

Бір қызығы, мен сол жаңа жыл қарсаңында туыппын. 28 желтоқсан күні 83 жасқа шықтым. Үйдегі мерекелік шаралар сол күннен басталып кетті. Балалар шыршаларын безендіріп қойды. Жаңа жыл — халықтық мейрам ғой. Барлығы секілді біз де күтеміз. 31 желтоқсан күні мерекелік дастарқан жайып, отбасымызбен атап өтеміз.

— Кезінде Жетес бала Төле биге: «Ат берсеңіз өліп қалады, тон берсеңіз тозып қалады. Ат-тонға бергісіз өлмейтін, өшпейтін, өмірі естен кетпейтін бір өсиет айтсаңыз, соған ризамын», — деген екен. Сол секілді өзіңізден бата, елге тілек сұрасақ.

Қазақта «Адам сөйлескенше, жылқы кісініскенше» деген сөз бар. Соңғы екі жылда елдегі жағдайға байланысты жақын-жуыққа барудан қалдық. Осы бір індет кетіп, еркін араласатын күнге жетейік. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Халқыма жақсылықтан басқа тілегім жоқ. Биыл барыс жылы табалдырығымыздан аттағалы тұр. Өткен өміріме көз салсам, мен үшін жылдардың жаманы болмапты. Биылғы жылы да елімізде бейбітшілік, татулық, тыныштық болсын!

1950

Сегізай Жаппарова, батыр ана, «Алтын алқа» иегері:

— Сегізай апа, сіз үшін күнтізбедегі 1 қаңтардың маңызы қандай? Жаңа жыл мерекесін қаншалықты асыға күтесіз?

— Қазақ үшін жыл басы барлық тіршілік атаулы түлеп, жаңаратын уақыт — наурыз айы. Мүшел жас та осы наурыз айында басталып, осы уақытта аяқталады. Бірақ бала күнімізден бері 1 қаңтарды асыға күтеміз. Нағыз балалық шақтың мейрамы. Ал қазір бұл күн мен үшін қасиетті күнге айналды. Жаңа жылдың алғашқы күнінде мен сегізінші қызым Мейрамгүлімді дүниеге әкелдім. Осы қызымнан кейін көптен күткен кенжем, шаңырағымның иесі Ардағым туды. Сондықтан күнтізбедегі жаңа жылдың бірінші күні біздің отбасымыз үшін де үлкен мереке.

— Жалпы қазақ халқы барыс жылын тыныштық жылы ретінде санаған. Барыс жылдарында өміріңізде қандай жаңалықтар болды? Есіңізде қалған елеулі оқиғаларыңызбен бөліссеңіз?

Биыл амандық болса, жетінші мүшелге аяқ басамын. Қазақта мүшел жасыңда сақтанып жүру керек деген ұғым бар. Азды-кем қиындықтар да болуы мүмкін. Өзім осы уақытқа дейін кездескен қиындықтарды Алланың берген күшінің арқасында жеңе білдім. Қиындыққа мойымау, оны ақылмен, күшпен жеңе білу барыс жылы туғандардың бойынан табылатын бірден-бір қасиет деп білемін. Барыс —  айбарлы, қайратты, ақылды аң. Ұлтымыз үшін бұл жыл қай уақытта да жақсы болып келе жатыр. Өзі айбарлы болғандықтан, жаманшылыққа жол бермейтін болар. Есігімізден аттағалы тұрған жаңа жыл құтты болсын! Мерекелі, берекелі, еліміз үшін тыныш жыл болғай!

 1962

Қанзира Нысанбаева, Әйтеке би ауданы, Белқопа орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

— Қанзира Айтуғанқызы, кез келген бала 1 қаңтар жақындаған сайын арманын ақ параққа түсіріп, Аязатаға хат жазады. Ал сіз оқушы кезіңізде балалар үшін әлемдегі ең мейірімді атаға хат жазып көрдіңіз бе? Жаңа жылды қаншалықты күтесіз?

— Шырша тойын бала кезімізде асыға күтетін едік. Ертең мерекелік шара өтеді деген күні анамыз тігіп берген көйлекті қайта-қайта киіп, соған қарап жатып, ұйықтап кететінбіз. Тазалықтың, әдеміліктің мерекесі ғой. Аязата мен ақшақар қайдан келеді, олар тұратын жақ суық па екен деген сұрақ сол кездің балаларының барлығының жадында болған шығар. Біз, расымен, Аязатаның барына сеніп өстік. Тіпті терезеге түскен қырауды Аязата салып кетті ме екен деп ойлайтынбыз. Бірақ Аязатаға хат жазып көрмеппін. Жаңа жыл мен үшін әлі сондай сиқырға толы мереке.

— Барыс — қарулы, жылдам жыртқыш аң. Бұл жылы дүниеге келген адамдардың бойында осындай қасиеттер бар деп жатады? Мұнымен қаншалықты келісесіз?

Барыс  жылы дүниеге келген адамдардың басты ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз?

— Ұқыптылық, қайсарлық сонымен қоса сабырлылық барыс жылғылардың бойынан табылатын бірден-бір қасиет. Сондай-ақ бұл жылы туғандар өз сөздеріне берік болып келеді. Осы қасиеттеріміздің арқасында кез келген жетістікке қол жеткізе аламыз.  

1974

Ерлік Шайқақов, «Екі езу» сатира театрының актері:

— Аға, қуанышқа толы сиқырлы мерекелердің бірі — Жаңа жылды қаншалықты күтесіз?

Жаңа жыл мерекесі, меніңше, бала кезіңде қызық. Таңертен ұйқыдан тұрғанда әке-шешең көпшігіңнің астына сыйлықтарын әкеліп қойып, Аяз ата беріп кеткенін айтады. Соған сенесің. Ал есейе келе, жоғары сыныпқа көшкен кезде Аяз атаның еңбектен немесе денешынықтыру пәнінен беретін ағай екенін білген соң, қызығы кетіп қалатын сияқты (күліп).

Жалпы, Жаңа жылды жыл бойы отбасымыздың қасында болайық деген ниетпен үйде қарсы аламыз. Отбасынан артық не бар? Биыл да сол дәстүр бойынша үйде боламыз. Қыздарым Алматы қаласынан 2 бөлмелі пәтер алған, биыл сол жаңа пәтерімізде қарсы алғалы жатырмыз.

— Өтіп бара жатқан сиыр жылы еліміз үшін несімен есте қалды деп ойлайсыз? Биылғы жылдан не күтесіз?

Өтіп бара жатқан сиыр жылы еліміз үшін өзіндік естеліктерімен есте қалды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойладық. Ұлттық халық санағында санымыз 19 миллионға жетіп, бөркімізді аспанға аттық. Өсе берейік, өне берейік. 120 миллионға жетейік. Ескі жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Барыс жылы жақсы жаңалықтарға толы жыл болсын. Көп болайық, көл болайық, таусылмайтын мол болайық!

1986

Ботагөз Жалмағанбетова, №4 Қандыағаш қалалық мектебінің мұғалімі:

— Мұғалімдердің өмірі балалармен тығыз байланысты ғой. Ал жаңа жыл балалардың асыға күтетін мерекесі. Осы ретте сізге «Мұғалімдер Аязатаға сене ме?» деген сұрақ қойғым келіп отыр?

— Мұғалім болғасын балалармен жұмыс жасап жүріп кейде өзімді бала сияқты сезінетін кездер болады. Мұғалімнің Аязатаға сенуі сирек кездесетін шығар. Өзім Аязатаға сенбесем де жаңа жылдан жақсы жаңалықтар мен керемет жетістіктер күтемін. Барыс жылы өзімнің жылым болғасын тіпті сәттілік пен жетістіктер мені өздері іздеп табатындай болып жүрмін (күліп).

— Барыс жылын қалай бағалайсыз? Мінезіңіз барысқа келе ме?

Барыс жылын табыстың жылы деп жатады. Бұл жануарды азулы, көзқарасы да ерекше, ситуациядан тез әрі ұтымды шығуды білетін жануар деп білемін. Менің де бойымда барысқа тән мінез бар. Асықпай, сабырмен күтіп, нысанаға дәл тигізуді ұнатамын. Жан-жақты барлап барып қана шешім шығарамын. Осы орайды пайдаланып газетіміздің оқырмандарын жаңа жылмен құттықтаймын! Әр үйде бақыт, шаттық орнасын! Армандар орындалып, барыс жылы тек жақсы жаңалықтар әкелсін! Еліміз аман, елдігіміз мәңгілік болсын!

1998

Әлиасқар Отарбай, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бас маманы:

— Барыс не себепті күнді бірінші емес, екінші емес, үшінші болып көрді деп ойлайсыз?

— «Мүшел. Түйе сеніп бойына…» деген ертегіні білмейтін бала жоқ шығар. Жыл қайыруды сол ертегінің желісі бойынша жақсы білеміз. Бұл жылы туған адамдар көбіне көшбасшы болуға, бірінші болуға ұмтылады. Алайда айналадағы жағдайды бағдарлай, зерделей келе, көбіне асығыс шешім қабылдай қоймайды. Өте сақ болып келеді. Егер қаласа, күнді бірінші болып көруге де толық мүмкіндігі бар еді. Бірақ бұл жолы асықпай, ойлана келе шешім қабылдаған болса керек. Бастысы, күнді мүлде көрмей қалған жоқ, үштік қатарында (күліп).

— Бүгінде мемлекеттік қызметте жүрсіз. Мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алуға болмайды деген қатаң талап бар. Жалпы, жаңа жыл қарсаңында сыйлық дайындап, сыйлық алуға қалай қарайсыз?

— Мемлекеттік қызметші ретінде барлығымыз талапқа қатаң бағынамыз. Ал менің мемлекеттік қызметте жүргеніме әлі жыл тола қойған жоқ. Сондықтан бұл жаңа жыл — мемлекеттік қызметші ретінде қарсы алатын алғашқы жылым. Десе де осы уақытқа дейін ата-анам мен бауырларымнан басқа жандарға сыйлық жасап немесе алып көрмеппін. 1 қаңтар — мен үшін де ерекше мерекелердің бірі. Сондықтан аса үлкен болмаса да мерекелік көңіл күй үшін отбасы мүшелеріне естелік сый дайындайтыным бар.

2010

Назым Нарымбай, №6 Хромтау гимназиясының 5-сынып оқушысы:

— Назым, осыдан бір мүшел бұрын барыс жылында дүниеге келіпсің. Шын барысты көрдің бе? Сыйлыққа барыстың күшігі аланды берсе баға алар ма едің?

— Шын барысты көрген жоқпын. Бірақ барыстың күшігін баға алар едім және ол үшін жауапкершілік алар едім деп ойлаймын. Барыстың немесе аң патшасы арыстанның күшігін кішкентай кезінен бастап қолда өсіру туралы мен бұрын да ойлағанмын. Меніңше, кез келген жануарды үйретуге болатын сияқты (жымиып). 

— Биылғы жаңа жылға қандай кейіпкер болып киініп жатырсың? Достарыңа деген жаңажылдық лебізің?

Биыл мектепте жаңажылдық кеш болмады. Тек сыныптас достарымызбен кафеге бардық. Сондықтан жаңажылдық костюм кимедім. Ал бұған дейінгі шырша тойларына анам түрлі көйлектер тігіп беретін. Жаңа жылда достарыма барлық жақсылық тілеймін! Сабағымызды тек «5-ке» оқиық.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button