Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет: отыз жылдағы орнықты істер

Биыл ел егемендігінің 30 жылдығына орай көптеген мемлекеттік органдар, құрылымдар өткенге шолу жасап, бүгінге дейін атқарылған шаруаларды саралап жатқаны белгілі. Осы тұста мемлекеттік қызмет саласының жөні тіптен бөлек. Өйткені тәуелсіздік жылдары құрылған Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірнеше белестен өтті. Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым — мемлекеттік қызметші күні болып бекітіліп, жыл сайын ерекше көзге түскендерге «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін беру дәстүрге айналды. Яғни жылма-жыл осы салада еңбек ететіндерге қамқорлық күшейіп келеді. Бұл, сөзсіз, тәуелсіздіктің арқасы.

Біз Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік қызметтің өткені мен бүгіні, өңірдегі сала мамандарының аужайы, жалпы, соңғы өзгерістер жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әділбек Мұқашевпен сұхбаттасқан едік.

— Елімізбен бірге мемлекеттік қызмет саласы да дамып, жаңа кезеңге көшті. Жыл санап қатарларыңыз артып, тиісінше жауапкершілік те молаю үстінде. Соңғы дерекке сүйенсек, Ақтөбеде қанша мемлекеттік қызметші бар?

— Иә, ел егемендігінің 30 жылдық тойы сан ғасырлық ұлттық тарихтағы дамудың жаңа кезеңін ашады. Бұл — жаңа белес.

Ел Президенті тәуелсіздіктің жаңа онжылдықтағы іргелі векторлары ретінде қуатты, әділетті мемлекет және бәсекеге қабілетті ұлтты айқындап, ол үшін саяси-экономикалық реформаларды және қоғамдық сананы жаңғырту үдерістерін жалғастыру керектігін атап өткені белгілі.

Осы орайда халық үніне құлақ асатын, тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет тұжырымдамасын дамыту жөніндегі идеологияны іске асыру үшін бірінші кезекте жалпы мемлекеттік міндеттерді орындауға қабілетті бастамашыл, бейтарап, бәсекелес мемлекеттік аппарат талап етіледі. Ал билікті жүзеге асыруда ерекше рөл атқаратын мемлекеттік аппараттың қажет екені сөзсіз. Яғни елдің әлеуметтік, экономикалық, халықаралық табыстары кәсіби, кәнігі қызметкерлерсіз мүмкін емес.

Бағамдап қарасақ, халықаралық деңгейде 67 елде отандық мемлекеттік қызметшілер елшіліктерде дипломатиялық өкіл ретінде жұмыс істеп жүр екен. Еліміз бойынша барлығы 90 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Ал Ақтөбе өңірінде олардың саны — 4026.

— Бүгінге дейін мемлекеттік қызмет саласы бірнеше реформаны өткергенін білеміз. Соның игілігі туралы айтып берсеңіз.

— Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік аппарат алға қойылған міндеттер мен азаматтардың қажеттіліктерін жүзеге асыра отырып, өзінің жаңа келбеті мен мәдениетін қалыптастырды. Жалғасқан реформалар негізінде атқарушы биліктің барлық деңгейінде мемлекеттік саясатты табысты іске асыратын басқарушылардың кәсіби өзегі қалыптасты.

Республикалық референдумда қабылданып әрі жаңартылып бекітілген еліміздің Конституциясында ұлттық құқықты дамытудың негізі қаланды, мемлекеттік құрылым мен басқару нысаны, билік тармақтарының құрылымы анықталды, азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу құқығына алғаш рет кепілдік беріліп, ресми қолданысқа «мемлекеттік қызмет» термині енгізілді.

Іс жүзінде еліміздің негізгі Заңымен бір мезгілде осы қаралып отырған саланы реттейтін бірінші арнайы нормативтік-құқықтық акт Мемлекет басшысының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Жарлығы болды.

Жарлық мемлекеттік басқару жүйесінің кадрлық ядросын қалыптастыруға және мемлекеттік қызметті дамыту үшін негіз салуға, оның қағидаттарын, мемлекеттік лауазымдар иерархиясын белгілеуге, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі мен әлеуметтік кепілдіктерін анықтауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізуге мүмкіндік берді.

Ал «Қазақстан – 2030» стратегиясы 1997 жылы мемлекеттік дамудың ұзақ мерзімді басым бағдары ретінде кәсіби үкіметті қалыптастыруды анықтайтын және бірінші әкімшілік реформаның бастамасын қалайтын мемлекеттік қызметті дамытудың келесі кезеңі болды.

Мемлекеттік басқару жүйесін іске асыру мен дамыту мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен 1998 жылы еліміздің Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін дербес уәкілетті мемлекеттік орган — осы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды.

Агенттікке мемлекеттік қызмет заңнамасы мен жүйесін жетілдіру, оның қызметкерлерінің еңбегін ұйымдастыру, мемлекеттік аппарат кадрларының жай-күйіне мониторинг жасау мен оны оқыту, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың (қызмет этикасы ережелері — А.Т.) сақталуын бақылау сияқты өкілеттіктер берілді.

Осылайша посткеңестік кеңістікте алғаш рет мемлекеттік органның әлеуметтік, құқықтық, кадрлық өзара іс-қимылының және оның қызметкерлерінің әлеуметтік-құқықтық қатынастарының барлық жүйесін үйлестіретін орган құрылды. Бұл елдің даму кезеңіндегі мемлекеттік қызметтің ұлттық моделін институционалдық рәсімдеу мен қалыптастырудағы алғашқы қадам болды.

Жалпы, мемлекеттік аппараттың қызметі динамикалық өзгермелі институционалдық қажеттіліктерге бейімделген, нақты құрылған заңнамаларсыз мүмкін емес. Осыған байланысты 1999 жылғы 23 маусымда қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң мен агенттіктің актілері негізінде мемлекеттік қызметшілер корпусы саяси және әкімшілік болып бөлінді, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің біліктілік талаптары, оларды аттестаттау бекітілді, азаматтарды іріктеудің конкурстық жүйесі және олардың заңнаманы білуіне электрондық тестілеу енгізілді, мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттары бекітілді. Сөйтіп, халықаралық тәжірибе (АҚШ, Ұлыбритания, Канада) мен біздің өтпелі кезеңнің ерекшеліктерін ескере отырып, біліктілік талаптарына сәйкес келетін кез келген әкімшілік лауазым конкурс бойынша жұмыспен сипатталатын мемлекеттік қызметтің позициялық моделі анықталды.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыста барлығы 432 мемлекеттік мекеме бар. Ал мемлекеттік қызметкерлердің саны — 4026.

— Ал меритократия қағидаты нендей үлесін қосты?

— Осыдан он жыл бұрын меритократия қағидатын күшейтетін екінші реформа басталып, мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын қабылдау үлкен өзгерістер әкелді. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің құрамын қысқарту, әкімшілік қызметшілердің «А» басқарушылық және «Б» орындаушылық корпустарын құру, конкурстық іріктеуде сарапшылар мен байқаушылар институтын енгізу сынды жаңашылдықтар қосылды.

Сонымен бірге 2013 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым — мемлекеттік қызметші күні болып бекітіліп, артынша «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің енгізілуі еліміздегі мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуына зор үлес қосқан мемлекеттік қызметшілерді анықтауға және оларды ынталандыруға мүмкіндік туғызды.

Сондай-ақ «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасының қабылдануы мемлекеттік қызметтің институционалдық негіздерін одан әрі жетілдіруге сеп болды. Алғашқы институционалдық реформамен айқындалғаны кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болды, оны іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заңдары қабылданды.

— Бұл енді мемлекеттік қызметке екінің бірі қабылданбайды дегенді білдіреді дейсіз ғой.

— Солай. Ендігі кезекте мемлекеттік қызметке түсу төменгі лауазымдардан басталып, ал мансаптық сатымен ілгерілеу кезінде меритократия принципі сақталып, тиісті дағдылар, білімі мен төменгі лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі болған жағдайда ғана мүмкін болды.

Мемлекеттік қызметке түсу кезінде заңнаманы білу, құзыреттілікті бағалау және әңгімелесуді қамтитын үш сатылы іріктеу жүйесінен өту қажет.

Мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу рәсімдерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін байқаушылар және сарапшылар институты енгізілді, сондай-ақ онлайн әңгімелесу өткізу мүмкіндігі көзделген. Сынақ мерзімі енгізілді және тәлімгерлік институты күшейтілді.

Мұнымен бірге әдеп жөніндегі Уәкіл институтын енгізу мен тәртіптік кеңестерді Әдеп жөніндегі кеңестерге қайта құру жолымен этикалық нормалардың сақталуын бақылау жүйесі қалыптасты, бұлардың негізін қалаушы бағыт ретінде сыбайлас жемқорлық және этикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу айқындалған.

Тағы бір айтулы өзгеріс деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы мен тапсырмасы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттік Жастар кадрлық резервін құрғанын айтуға болады. Алғыр, болашағынан зор үміт күттіретін қазақстандық жастардың 300-ін іріктеу оларды еліміздің түрлі саласында жауапты лауазымдарға тағайындауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта мұндай резервке екінші іріктеу жүргізілуде.

— Биыл да заңнамаға өзгерістер енгізілді. Жұртшылыққа бұның оңды тұсы қандай?

— Бұл, ең алдымен, мемлекеттік қызмет саласын одан әрі жетілдіруге, оңтайландыру және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталды.

Өзгерістерге сәйкес «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен ауылдық округтің қызметшілеріне қосымша әлеуметтік қолдау көрсету, «А» корпусының кадр резервін тарату,  арнайы тексеруді жүргізу кезеңін мемлекеттік қызмет өтіліне қосу, мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурстық рәсімдерді оңтайландыру, жекелеген саяси лауазымдарға Президенттің шешімі бойынша біліктілік талаптарын белгілеу сияқты бірқатар шаралар қабылданды.

Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға өткізілетін конкурстар үш сатыдан екіге қысқартылып, ішкі және жалпы конкурс өткізілетін болды. Бұл өзгеріс конкурстық рәсімдерге кететін уақытты мейлінше қысқартып, бос орындарды толтыру жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ үміткерлер тарапынан тапсырылатын құжаттар саны 2 есеге азайды.

Оған қоса мемлекеттік орган ішінде мемлекеттік қызметшінің тең дәрежелі лауазымға немесе осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл төмен тұрған лауазымды атқарған жағдайда, жоғары тұрған лауазымға конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасуына мүмкіндік берілді.

Қазақстандық мемлекеттік басқару институты мен аппараттың қалыптасуына талдау жасай отырып, мынаны атап өткен жөн: Тәуелсіздіктің 30 жылдық кезеңі сапалы іріктеуді қамтамасыз етті, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қазіргі заманғы ішкі, әлеуметтік-экономикалық және халықаралық саясатты іске асырудағы міндеттерін айқындады.

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасысыз. Ақтөбелік мемлекеттік қызметшілердің тәртібі қалай?

— Биылғы 9 айдағы есепке жүгінсек, қызметтік этиканы 8 мемлекеттік қызметші бұзған. Олардың дені бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Атап айтсақ, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік тұтынғандар, арасында өзін дөрекі ұстағандар да бар.

— Сұхбат соңында өңірдің бас мемлекеттік қызметшісі ретінде кейінгі буынға қандай кеңес берер едіңіз?

— 19 жылдық еңбек өтілі бар адам ретінде мемлекеттік қызметшілерге, ең алдымен, жауапкершілік керек дер едім. Сосын ізденімпаздық қажет-ақ. Бәрінен бұрын білімді болуы шарт.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button