Жаңалықтар

Кітап фестивалі өтті

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының бастамасымен «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты кітап фестивалі ұйымдастырылды.

«Keruen City» сауда, ойын-сауық орталығында өткен фестивальдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысып, барлық кітапхана ұжымы мен оқырмандарын айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Фестивальға қаламыздағы Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы, Нұрпейіс Байғанин атындағы балалар кітапханасы және облыстық зағип және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханалары атсалысты.

Салтанатты жиын «Тәуелсіздікке тарту» атты мерекелік кешпен жалғасты. Кеш барысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Азаттықтың ақ таңы» республикалық әдеби онлайн марафонының«Ең үздік эссе» мен «Үздік өлеңдер» номинациясы бойынша жеңімпаздар жарияланып, бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев фестиваль қонақтарын қасиетті мерекемен құттықтап, кітап оқудың, соның ішінде өз тарихыңды білудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ шараға Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, Т.Досымов атындағы республикалық қоғамдық қорының директоры, ақын Б.Қалмағамбетов, Самбодан әлем чемпионы, Ақтөбе қаласы мәслихатының депутаты Раиса Байлиева, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі, көпсалалы Тарлан колледжі, Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің оқытушылары мен оқушылары қатысты. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлжайнар Қалдина, ақын Ақілгек Мырзабай және «Рух-нама» шығармашылық орталығының жас ақындары жырдан шашу шашып,  Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармониясының өнерпаздары Ернар Дүйсеев пен Нұрәлі Сыдықов өнер көрсетіп, кештің сәнін келтірді.

Кеш соңында фестиваль қонақтары оқу залы қызметкерлері ұсынған «Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік» атты кітап көрмесімен танысып, «Тәуелсіз елдіңжаңашыл айнасы» атты креативті 3D модельдер көрмесін тамашаласа, оқушылар «Білімді мыңды жығар…» эрудиттер алаңындағы интеллектуалдық түрлі викториналық ойындарда бақ сынап, үш тілде өткізілген «Кahoot» ойынына қатысып,  арнайы сыйлықтармен марапатталды. Өнер бөлімінің оқырмандары «Туған жер өрнектері» атты қылқалам шеберлерінің қатысуымен өтетін шеберлік сағатына куә болды.

Балагүл БАКИЕВА,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми

кітапханасының қызметкері. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button