Жаңалықтар

Көрмеде — тарихтың жарқын сәттері

Тәуелсіздік халқымыздың тарихын түгендеуге, оның бұрын бұрмаланған, көмескіленген тұстарын тереңірек зерттеуге жол ашты.

Осының бір дәлелі — облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған алтынмен апталған ақинақ. Көне грек деректерінде айтылатын сақ-скифтердің алтын ақинағы Мұғалжар ауданындағы ерте темір дәуіріне жататын Жағабұлақ қорымынан табылды.

Ақтөбеліктер бұл өте құнды жәдігерді осы күндері облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтіп жатқан «Тәуелсіздік — ел тілегі, Елбасы — ел тірегі» көрмесінен көре алады. Көрменің ашылуы 15 желтоқсанда өтті. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға мәдениет саласының қызметкерлері мен ардагерлері, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова сөз сөйледі. Ол жиналғандарды ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, мәдениет пен өнер саласының бір топ үздік қызметкеріне «Қазақстан Тәуелсіздігіне — 30 жыл» мерекелік медалін табыстады.

Бұлбұл Ораққызы тәуелсіздік жылдарындағы руханият саласындағы жетістіктер жөнінде баяндай келіп:

— Ақтөбелік мәдениет саласының қызметкерлері Елбасы бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алға қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға зор үлес қосып келеді. Әсіресе соңғы жылдарда тарихи орындарды зерттеу, ата-бабалардың ерлік істерін, есімдерін ұлықтау бағытында қыруар жұмыс жасалды. Елге болсын деген ниетпен, елдің болашағына деген үмітпен атқарған істеріңіздің жемісін көре беріңіздер, — деді.

Мерекелік медальмен марапатталғандар қатарында ақын, ҚР мәдениет саласының үздігі Гүлсамал Аймаханова, облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім жетекшісі Алтынгүл Ғұбайдуллина, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Марат Төлебай, облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархат Досмұратов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Аслан Мәмедов, т.б. бар. Мәдениет саласының ардагері, өлке тарихын зерттеу және насихаттау ісіне өлшеусіз үлес қосқан Рысжан Ілиясова жуырда өмірден өткен еді. Оның марапаты немересі Бекзат Абайұлына табысталды. Жиында осы саланың ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Бекарыстан Мырзабай да құттықтау сөз сөйледі.

Бұдан соң жиналғандар көрмені тамашалады. Көрме екі бөлімнен тұрады: біріншісіне көне дәуір жәдігерлері қойылған.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біздің облыста 2019-2021 жылдар аралығындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жол картасы жасалған болатын. Осының шеңберіндегі археологиялық зерттеулер кезінде тарихтың әр кезеңіне жататын қорған, қорымдардан көптеген құнды жәдігерлер табылды. Бүгінгі көрмеге солардың арасынан ең құнды, сирек кездесетін дүниелер қойылып отыр. Айталық, Тасқопа көсемінің қайта қалпына келтірілген бейнесі, Жағабұлақ қорымынан табылған, алтынмен қапталған ақинақ, осы қорымынан табылған, темірден жасалған аттың ауыздығы секілді дүниелер бар. Мысалы, осы ауыздық көлемі жағынан зерттеушілер назарын аударып отыр. Ат әбзелдері арасында таза темірден жасалған мұндай үлкен ауыздық — өте сирек кездесетін жәдігер, — деді аталған музейдің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Көрменің екінші бөлімі тәуелсіздік жылдарындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліне сіңірген еңбегіне, әлемдік саясаттағы жетістіктеріне, оның басшылығымен жеткен еліміздің табыстарына арналыпты. Мысалы, ел рәміздерінің таныстырылымы (1992 жыл), теңгенің алғаш айналымға енуі (1993 жыл), т.б. тарихи сәттердің суреттері көрме төрінде тұр. Сондай-ақ Елбасының Ақтөбеге сапарларынан естеліктер де бар.

Көрме 30 желтоқсанға дейін жалғасады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button