Жаңалықтар

Мешіт асханасы ел игілігіне қызмет етеді

Бозой ауылындағы Аманғали ахун атындағы мешіт жанынан ауыл тұрғындарының күшімен 300 орындық асхана ашылды. Құрылысы екі жыл бұрын басталған игілікті нысанның ашылуына ҚР мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Серікжан Еншібай қатысып, бозойлықтардың қуанышына ортақтасты.

Өкіл имам шалғайдағы ауылдан халық өз қаржысымен ауқымды асхана салып, имандылық үйі іргесінен игілікті іс тындыруы бұл асыл дінімізге деген құрметтің бір белгісі деп, осы іске ұйытқы болған барша азаматтарға алғысын айтты.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов: «Бозой жері қашанда береке мен бірліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Бұл округте қай салада да ілгерілеушілік бар. Бүгінгі шара сондай ауызбірлігіміздің бір көрінісі», — деді. Асхананың бой көтеруіне демеушілік танытып, белсенділік көрсеткен бірқатар азаматтар аудан басшысы мен өкіл имам тарапынан Алғыс хаттарға ие болды.

Итес молда діни сауатты, оқыған, тақуа адам болған. Мұсылман дінін жоғары бағалаған ол баласы Аманғалиды алты жасынан білім алуға шыңдап, Хорезмге оқуға жібереді. 1900 жылдары он алты жас шамасында зерек бала Хорезмдегі әйгілі діни медресеге оқуға қабылданады. Осы жолда діни сауаттылығын жылдар бойы жетілдіріп, үлкен ғұламалардан алған білімін шыңдап, «Ұстаз», «Шатырхат ахун» деген ғылыми атақтарды иеленеді.

1920-1935 жылдары Шалқар аймақтық діни басқармасының бас мүфтиі болған Аманғали ахун Итесұлына Орта Азия республикалары мен Қазақстанның діни басқармасы берген мөр қазіргі күні облыстық музейде сақтаулы тұр. Аманғали ахунның ұрпағы Ниедулла Дәулетов осындай мазмұнды деректермен бөлісіп, аталарының діни сауаттылығын, имандылық қасиеттерін көпшілікке айтып берді.

Зәулім асхананың ашылу лентасын бас имам Серікжан Еншібай мен ауыл үлкені Мажжан Әбдуалиев ақсақал қиды. Асхана ішіне кең дастарқан жайылып, меймандарға қонақасы берілді. Қайырлы іске ауыл үлкендері батасын беріп, ақ жаулықты аналар шашу шашты.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button