Мереке

Ардагерлер қашанда алғы сапта

1 — қазан халықаралық қарттар күні

Алдыңғы толқынның әрбір өнегелі сөзі, тағылымды еңбектері кейінгі жастарға үлгі, бағдар іспетті. Біздің қоғамымызда ардагерлерге деген құрмет те ерекше. Сонымен қатар үлкеннің ұлағаты мен ізгілікті істері күнделікті өмірімізде көрініс тауып жататыны сүйінішті.

Бұл орайда ардагерлеріміз атқарып жатқан ауқымды істер жөнінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтовпен сұхбаттасқанбыз. 

 

— Өмірлік тәжірибесі мол, кейінгі буынға берері көп ардагерлеріміз аз емес. Солай десек те, бүгінгі уақыт ағымына сәйкес белсенді еңбек етіп жүрген ағалар туралы аз-кем айта кетсеңіз.

— Ел Президенті алға қойған келелі міндеттерді жүзеге асыруда елдегі еңбеккерлермен қатар облысымыздың ардагерлер ұйымы да өз үлесін қосуда. Біздің ардагерлеріміздің арасында зейнеткерлікте жүрсе де өндіріс саласында,азаматтық қызмет,кәсіпкерлік пен шағын бизнес, басқа да бағыттарда әлі де нәтижелі еңбек етіп жүргендері аз емес. Солардың ішінде Амангелді Айталы, Қуандық Әлішев, Аманғос Төлеуов, Өтесін Өтепбергенов, тағы басқа алдыңғы буынөкілдері есімдерін ерекше құрметпен атап өтуге болады.

Сонымен қатар Ибраһим Ермекбаев, Жеңіс Қонжарұлы, Нұрлыбек Кереймағанбетов сынды ардагерлеріміз қоғамдық негізде өз міндеттерін жоғары деңгейде атқаруда. Олар басшылық етіп отырған аудандық ардагерлер ұйымдары игі істерімен көпшіліктің ықыласына бөленуде.

— Қазіргі уақытта әлемдегі орын алып тұрған қатерлі жағдай қай жұмысқа да кедергісін келтіріп тұрғаны белгілі. Осы ретте өзіңіз басқаратын облыстық ардагерлер кеңесі қандай жұмыстар атқарып жатқанын айтып берсеңіз.

— Облыстық ардагерлер кеңесінің негізгі мақсаты – ардагерлердің лайықты тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын, олардың қоғамдық өмірге қатысуын қамтамасыз ету, зейнеткерлердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау.

Ұйымның негізгі міндеттерінің бірі жергілікті жерлерде тұрғындарға  мемлекеттік саясатты түсіндіру болып табылады. Осы міндетті жүзеге асыру бағытында облыстық ардагерлер ұйымы тарапынан тұрақты түрде нақты  іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, ардагерлер ұйымдарының белсенді мүшелерінен құрылған үгіт-насихат топтары мемлекет тарапынан қабылданған әр мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғындармен арнайы жиындар, кездесулер, дөңгелек үстел отырысы, пікір алысу кештерін өткізуде. Бұл кездесулерді ардагерлер ұйымдары сол мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың басшыларымен, мамандарымен, эксперттерімен бірігіп жүзеге асыруда.

Біздің ұйым белгілеген тәртіппен мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, басқа да заңды және жеке тұлғалармен ынтымақтасуға және өзара бірлесіп әрекет етуге мүдделі.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бері ұйымымызда екі рет пленум отырысы, жоспарда белгіленген мәселелерге арналған төралқа отырыстары және басқа да шаралар өткізілді. Биылғы мамыр айынан бастап облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен бірге облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері  Мәртөк, Қарғалы, Ойыл, Темір, Хромтау, Әйтеке би және Қобда  аудандарында болып, аудан әкімдерінің мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жөніндегі есептері тыңдалды. Кездесуге қатысқан жергілікті ардагерлер бұрынғыдай  өздерінің жеке басына қатысты шаруаларды айтпай, көпшіліктің, ауыл тұрғындарының тұрмыстарына қатысты шешуін табуды қажет ететін мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Ардагерлер кездесу барысында елді мекендерді сумен, газбен жабдықтау, көшелерді асфальттау және көгалдандыру, телефон, интернет байланысы бойынша жұмыстардың қарқынды жүріп жатқанына назар аударды. Жаңа мектеп, спорт залы, мәдениет үйі,балабақшалардың көптеп салынуы, шағын қалалар мен тірек ауылдарда кәріз жүйелері мен тазарту қондырғыларының салынуын тұрғындар жағымды жаңалық ретінде қуанышпен қабылдауда.

Облыстық ардагерлер кеңесі жергілікті атқарушы органдармен және басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, барлық кәсіби мерекелердің жоғары деңгейде аталып өтуіне атсалысуда.

Өңіріміздегі барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарына қойылатын талаптың бірі — ардагерлер мен жастардың кездесулерін ұйымдастыру. Пандемияға байланысты соңғы кездері бұл маңызды шара назардан тыс қалып отыр. Шын мәнісінде, жастар мен ардагерлердің кездесуінің ұрпақтар сабақтастығы аясында тәрбиелік мәні ерекше. Соның ішінде колледж оқушылары мен мектеп бітіретін түлектердің әртүрлі салада —энергетика, металлургия, машина құрылысы, тағы басқа бағыттарда ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан тәжірибелі маман-ардагерлермен кездесулерінен жастардың алар өнегесі мол болатынын ескерген жөн.

Сонымен қатар осы бағыттағы іс-шаралардың нәтижесін арттыру мақсатында алдағы уақытта мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында оқитын жастармен кездесулерді жоспарлап отырмыз. Жаңадан бастауыш ұйымдар құру мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Өйткені орын алып отырған демографиялық процестер негізінде өңіріміздің ауылдық елді мекендерінен облыс және аудан орталықтарына көптеген тұрғындар, соның ішінде ардагерлер қоныс аударуда.

— Бүгінде облыстағы ардагерлер ұйымы үлкен күшке айналды десек, қателеспеспіз. Сондықтан оның өткен жолдарына қысқаша шолу жасай кетсеңіз.

— Облыстық ардагерлер ұйымының тарихы 1987 жылдан бастау алады. Сол жылы ұйым құрылып, оның төрағасы болып Михаил Емельянович Милов сайланды. Одан соң ұйымға елдің белгілі азаматтары, аға буынның лайықты өнегелі өкілдері Асанғали Шыңбаев, кейін Амантай Әліпов ағаларымыз басшылық етті. Ал 2004 жылдан биылғы жылдың 9 сәуіріне дейін ұйымға 17 жыл үздіксіз облысымыз бен республикаға кеңінен танымал қоғам қайраткері Кеңес Бірманов ағамыз жетекшілік жасады.

Облыстық ардагерлер ұйымының кеңесі өзінің жұмысын облыстық ішкі саясат басқармасымен, қалалық,аудандық әкімдіктермен, Nur Otan партиясының жергілікті филиалдарымен, басқа да қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста атқарып келеді. Негізгі мақсат ардагерлер арасында ел Президентінің халқына арнаған Жолдауын талқылып, оған қолдау көрсетіп, орындалуына атсалысу, облыс тұрғындары арасында ұлтаралық береке-бірлік пен тұрақтылықты насихаттау, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, ардагерлердің әлеуметтік мүдделері мен заңды түрде берілген құқықтарын түсіндіру және қорғау жұмыстарына бағытталуда.

Облыстық ұйым құрамында 97 457 ардагер бар. Жыл басындағы бастауыш ардагерлер ұйымының саны — 307, оның ішінде еңбек ұжымдары мен оқу орындарында — 86, ондағы ардагерлер саны — 29 300, селолық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымы — 147, ондағы ардагерлер саны — 32 150.

Ардагерлер құрамында 16 адам — Ұлы Отан соғысының ардагері, оның ішінде 4 адам — соғыс мүгедегі, 86 ардагер — Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер, 3957 тыл ардагері есепте тұрады.

Облыстық ардагерлер кеңесі өңірдегі барлық елеулі іс-шараларға белсене қатысуда, ардагерлерді мерейлі жастарымен және елеулі отбасылық мерекелерімен құттықтап, белсенді ардагерлерге мерекелік сый-сияпаттар көрсетуде.

Мүмкіндігінше ардагерлеріміздің еңбегі елеусіз қалмайды. Соңғы оншақты жылда облыстық ардагерлер кеңесінің ұсынысы бойынша 70-ке жуық ардагерлер ұйымдарының белсенділері мен Отан соғысы және еңбек ардагерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар соңғы төрт жылда 20-дан астам аудандық, қалалық  және бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағаларының еңбектері республика ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің арнайы төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен атап өтілді.

— «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің «Дәнекер» пилоттық жобасы негізінде жергілікті сотпен бірлесіп жүзеге асырылмақ шаралар туралы не айтар едіңіз?

— Әлемді жайлаған індет салдарына байланысты ардагерлер ұйымдарының жұмыстары біршама баяулап қалғаны жасырын емес. Дегенмен қазіргі таңдағы жағдайға бейімделе отырып, әр деңгейдегі ардагерлер ұйымдарының жұмысы қайтадан жандандырылуда. Осының бір мысалы — республикалық «Дәнекер» жобасы.

Облыстық ардагерлер кеңесі облыстық сот әкімдігімен бірлесіп, елді мекендерде «Дәнекер» жобасын жүйелі түрде жүзеге асыруды қолға алды. Соның нәтижесінде өңіріміздің 48 елді мекенінде билер кеңесі, яғни «сотсыз татуласу орталығы» жұмыстарын жүзеге асыруда. Олардың құрамында 157 ардагер медиатор қызметін игеруде. Бүгінгі күнге билер кеңесінде 7 іс қаралып, олардың жетеуі де татуласумен шешімін тапқандығын бір жетістік ретінде айтқымыз келеді. Жоба аясында билер кеңесінің саны мен сапасын, жұмыс деңгейін арттыру қалалық, аудандық ардагерлер кеңесі төрағаларының алдағы кезеңдегі жауапты міндеті екенін алға тартып отырмыз.

Тарихымызға үңілсек, билер кеңесін құру бізге бүгін келген жаңалық емес. Яғни оны көшпелі қазақ халқының дала дәстүрінің жалғасы деуге болады. Бұрынғы билер соты тарих тереңінде қалса да, оның беделі мен мәртебесі маңыздылығын жоймайды. Істі сотқа дейін жеткізбей, жан-жақты татуластыруға күш салатын билер кеңесі елдігімізді нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын.

— Ардагерлеріміздің қай істе де белсенділік көрсетіп жүргені жанымызды жадыратады. Біздің оқырмандарымызға осы ауқымдағы игі істер жөнінде айтып берсеңіз.

— Халықтық «Атамекен — Асылым» ардагер аталар мен аналар ән ансамблінің өнерін бұл күнде бүкіл жұртшылық тамашалайды. Осы Қарттар күні қарсаңында «Тәуелсіздік — ұлт рухы» атты концерттік бағдарлама қалалық Мәдениет үйінің концерт залында көпшілікке ұсынылмақшы.

Ақтөбеде «Атамекен» ардагер аталар, «Асылым» аналар халықтық ән ансамбльдерінің құрылғанына үш жылдай уақыт болды. Осы кезеңде ансамбль жоспарлы түрде жұмыс жасап, облыс тұрғындарына мәдени қызмет көрсетіп келеді.

Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында ардагерлердің шығармашылықпен айналысуына қолайлы мүмкіндік жасалған. Осыдан екі жыл бұрын ауданда көркемөнерпаздар үйірмесі ашылған. Оған Нұрлыгүл Темірбаева жетекшілік етеді.Екі жыл ішінде қол жеткен біраз жетістіктері бар. Зейнетке шыққан өнерге икемі бар аға ұрпақ өкілдері басын қосқан бұл ұйымда хор, домбыра ансамблі, жеке әнші, күйшілермен қатар, әжелер тобы да бар. Олардың «Қазына» тобы құрамында 18 зейнеткер бар.

— Алдағы уақытта назар аударылатын жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.

— Біз, негізінен, бастауыш ұйымдардың жұмысын жандандыруға бағдар ұстамақпыз. Сонда ардагерлеріміз де түгел қамтылады, олармен байланысымыз да нығая түседі. Өңірдегі салалық ардагерлер ұйымдарымен байланысты бір жүйеге келтіру керек. Қайсыбір салаларда, мысалы, білім беру, байланыс, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары, спорт және дене шынықтыру қызметі, құрылыс саласында салалық ардагерлер ұйымдарының жұмысын күшейтуге байланысты жуырда өткен конференцияда нақты тапсырмалар жүктелді.

Мемлекеттік билік тарапынан жасалып жатқан реформалар адам үшін, әрбір қазақстандық үшін жүзеге асуда. Осыны әрбір азаматымыздың санасына жеткізу біздің, ардагерлер ұйымдарының, маңызды міндеті болып есептеледі.

Биыл — Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Бұл — үлкен мереке, айтулы кезең. Еліміздің осы отыз жыл ішіндегі жетістіктері, негізінен, біздің ардагерлеріміздің тікелей араласуымен, қолдау-көмегімен жасалды. Сондықтан олардың жақсы істерін жастар арасында насихаттау да маңызды шараларымыздың бірі болмақшы.

 

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button