Басты жаңалықтарМәдениет

Таланттар түлеткен шаңырақ

Өткен сенбі күні А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі жарты ғасырлық тойын атап өтті. Талай жасқа үлкен өнерге жолдама берген арнаулы орта оқу орнының мерейтойына Ахмет Жұбановтың ұрпақтары, музыка мамандары, өнерсүйер қауым арнайы жиналды. 

Ақтөбе музыкалық колледжі атаулы 50 жылдық мерейтойға орай 260 беттен тұратын «А.Жұбанов мұрасы — болашақ ұрпаққа» атты кітапты жарыққа шығарған. Мұнда арнайы орта оқу орнының тарихы, түлектердің тілегі, колледждің қазіргі тынысы қамтылыпты. Сонымен қатаржас пианистерге арналған нұқсаулық пен колледждегі үрлемелі аспаптар бөлімі туралы журнал басылған.

Ең басты мерейтойлық шаралар сенбі күні өтті. Алдымен Ахмет Жұбановтың қызы, биология ғылымдарының докторы, академик Ажар Жұбанова бастаған қонақтарұлы композитор, музыкатанушының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан соң колледж қабырғасында журналистерге арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.

— Әкемнің есімін иеленген музыкалық колледждің деңгейі, жалпы аяқ алысы жайлы нақты ештеңе айта алмаймын. Өйткені мен музыка саласының маманы емеспін. Бірақ түлектердің жетістіктеріне қарағанда, мұнда жақсы базаның қалыптасқаны анық. Бір Димаштың өзі неге тұрады!?

Жалпы, Ақтөбеге осындай мерейтойлар кезінде келемін. Жақсы себеппен ғана жолымның түсетініне қуаныштымын. Әкемнің атындағы колледж, апам Ғазизаның атындағы филармония, үлкен ағам Құдайберген Жұбановтың есімі берілген университеттің жұмысымен жақсы таныспын. Алыста болсам да, жаңалықтарын біліп отыруға тырысамын.

Биыл 80 жасқа толдым. Мені осылай ұмытпай, арнайы шақырғанына ризамын. Колледж жұмысының жандана беруіне тілектеспін. Ұжымға, оқушыларға жақсылық атаулының бәрін тілеймін, — деп лебізін білдірді Ажар Ахметқызы.

Басқосу барысында «Көкіл» мектеп-колледжінің директоры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Абдулхамит Райымбергенов, дирижер, композитор Тұрым Алагөзов, Қазақстан Композиторлар одағының  төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серікжан Әбдінұров,Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Тұрар Әліпбаев, т.б. қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, игі тілегін арнады.

Кешқұрым мерейтойлық бағдарлама Өнер орталығы ғимаратында өткізілген концертке ұласты. Жас таланттардың «ұстаханасын»мерейтойымен облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова құттықтап, ұжымға фортепианоның сертификатын табыстады және бірнеше оқытушығаөңір басшысының Алғыс хатын тапсырды. Артынша облыстық  білім басқармасының атынан бірнеше педагогке Құрмет грамотасы берілді, ал Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Ақтөбе облыстық ұйымы колледжге 500 мың теңгенің сертификатын ұсынды.

Үлкен экраннан Димаш Құдайберген бастаған түлектердің бейнеқұттықтауы көрсетіліп, шәкірттер ән-жырдан шашу шашқан мерейтойлық кеш ақын Ертай Ашықбаев сөзін жазып, әуенін композитор Серікжан Әбдінұров шығарған колледж гимнімен тәмамдалды.

Айта кетейік, 1971 жылы Ақтөбе музыка училищесі болып негізі қаланған аталған колледжде бүгінге дейін 3 мыңнан астам түлек даярланған. Олардың арасында есімдері елімізді айтпағанда, дүниежүзіне танымал Ресей мемлекеттік академиялық Үлкен театрының солисі, белгілі опера әншісі Светлана Касьян мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Димаш Құдайберген, сондай-ақ белгілі музыка мамандары — Абдулхамит Райымбергенов, Тұрар Әліпбаев, Зәмзәгүл Ізмұратова, Нұргүл Жақыпбек, т.б. бар.

Қазіргі таңда колледжде 170 педагог еңбек етеді.Жақында ғана жөндеуден өткен колледж ғимаратында музыкалық аспаптармен жабдықталған 70 кабинет бар. Жатақхана, шағын концерттік зал, кітапхана жұмыс істейді. Мұнда 5 мамандық —  әлеуметтік-мәдени қызмет, халықтық көркем шығармашылығы, аспаптық орындау, вокалдық өнер және хорды дирижерлеу бойынша білім беріледі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button