Жаңалықтар

Соңғы аптада науқастар саны азайды

Тікелей эфир

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 62 жағдай тіркелді. Бұл туралы «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» тікелей эфир барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев  пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баяндады.

Мұхтар Сербаевтың айтуынша, 62 жағдайдың ішінде 55-інде ауру симптомдары болса, қалғаны — симптомсыз.

​​​​ — Жалпы облыста коронавируспен ауырған 32414 жағдай тіркелді, оның ішінде 75,7 пайызы ауру белгілерімен және 24,2 пайызы — симптомсыз жағдай. 29871 науқас жазылып шықты. Жалпы, тіркелген 32414 науқастың 0,7 пайызы — ауруды сырттан әкелгендер, 12,1 пайызы — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 87 пайызы — жергілікті жағдайлар. ​​Қазіргі таңда үй карантиніне 10625 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деді ол.

Бүгінгі күні облыста 4011 кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш берген. Оның ішінде «көшбасшы» мәртебесі бар қатысушылар саны – 60. Бағдарлама енгізілгеннен бастап өңірде «Ashyq» жобасына қатысқан «сары» статусы бар 238, «қызыл» статусы бар 314 адам анықталған. Нәтижесінде «қызыл» статусы бар 77 адамға «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 425-бабы 1-тармағымен әкімшілік шара қолданылып,  3 412 890 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Сондай-ақ биылғы жылдың 24 қыркүйегіне дейін ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 425-бабы 1-тармағы бойынша бетперде режимін сақтамаған «Автопарк» ЖШС-ның қызметкеріне екі рет 43 755 теңге көлемінде және №1, №7, №12, №15, №17, №19, №20, №24, №26, №43, №51 бағыттағы автобустардың жүргізушілеріне айыппұл салынған. Ал әлеуметтік қашықтықты сақтамағаны үшін №1, №10, №11,№25 автобустардың жүргізушілері айыппұл төлеуге тиіс.

Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 425-бабы 1-тармағы бойынша анықталған бұзушылықтар  үшін азаматтарға 88 542 550 теңге көлемінде 877 айыппұл салынды. Оның ішінде қоғамдық тамақтану орындарына 32 128 790 теңгеге 229 айыппұл салынды, — деді М.Сербаев.

Тікелей эфир барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 632 адам ем алып жатқанын, соңғы аптада науқастар саны біршама азайғанын атап өтті.

— Бүгінде жансақтау бөлімінде 76 науқас ем алып жатыр. Жансақтау бөліміндегі науқастардың 22-сі жасанды желдету аппаратына, 39-ы өкпені инвазивті емес желдету аппаратына қосылған. Қазір карантиндік стационарларда бақылауда жатқандар жоқ. Дегенмен 227 бала медициналық қызметкерлердің қарауында тұр. Оның ішінде 5 бала стационарда ем алып жатыр.

Жалпы, стационардағы кереуеттердің 43,6 пайызы, жансақтау бөліміндегі кереуеттердің 43,4 пайызы толық. Өңірдегі 12 зертханаға індет басталғалы 916 620 ПТР-тест әкелінді, соңғы тәулікте 7900 зерттеу жүргізілді, — деді ол.

Тікелей эфир соңында эпидемиолог мамандар әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан түскен сауалдарға жауап берді.   

Айта кету керек, қазіргі таңда Ақтөбе облысы «сары» аймақтар қатарында.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button