Жаңалықтар

Маңғыстауда медиаторлар бас қосты

Жуырда Маңғыстау облысында «Ұлттың ұйысуы — одан әрі дамудың басты факторы» атты республикалық  лекторий өтті.  

Республикалық лекторий аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация    институтын дамыту бойынша семинар-тренинг ұйымдастырылды.

Еліміздің батыс өңіріндегі Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе облыстарының медиаторлары қатысқан республикалық шараның ашылуында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды  дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсінбаев, «Қоғамдық келісім» мекемесінің жобаларын іске асыру және құрылымдарымен жұмыс жасау басқармасының  басшысы, жаттықтырушы-медиатор Талшын Италиева сөз сөйлеп, дау мен жанжалды бітімгершілік жолмен  шешіп, қоғамда   тұрақтылық орнатуда, өзге ұлт арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуда   медиацияның маңызы зор екенін атап өтті.

Семинар-тренингте Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық медиация    кеңесінің мүшесі, заң магистрі Айнұр Сисенбаева, заңгер, психолог, жаттықтырушы-медиатор Күлпаш Шалбулова және т.б. сөйлеушілер этносаралық медиацияның ерекшеліктері,  этносаралық қақтығыстарды шешуде медиацияны қолдану, оның жолдары туралы    мәселелерді қозғады. Шеберлік сабақтарда түрлі  салаларда медиацияны енгізу арқылы   нәтижеге жетудің түрлі мысалдары талқыланды.

Семинар-тренинг барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап   беріліп, тың  пікір-ұсыныстар айтылды. Басқосудың қорытындысында қатысушыларға   сертификаттар тапсырылды.

Бұл шараға біздің өңірден облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің сарапшы медиаторы Есенбол   Әзиев, Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры, кәсіби емес  медиатор Марат Мырзалы қатысты.

Д.АЙДАР.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button