Жаңалықтар

«Көк» статус үшін айыппұл салынбайды

Пандемия жағдайында халықты індет қаупі мен оны өршітіп алмау үшін енгізілген шектеулер ғана емес, түрлі қауесеттер де шаршатып тұр. Мысалы, «Ashyq» қосымшасындағы статусы «көк» болып шыққан жандарға да айыппұл салынып жатыр екен» деген әңгіменің анық-қанығы кеше aktobe_press парақшасында ұйымдастырылған тікелей эфирде сұралды.

Облыстың бас санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева «көк» статус үшін айыппұл салынады дегенді жоққа шығарды.

— «Қызыл» статус жағдайында, яғни індетті жұқтырғаны анықталып, бірақ карантин талабын сақтамаған адамға айыппұл салынады. Ал «көк» статус үшін ешқандай айыппұл салынбайды, — деді ол.

Тікелей эфирде коронавирус індетінің таралуы және вакциналау бойынша ағымдағы жағдай жөнінде баяндалды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, 9 қыркүйек күні өңірімізде 300 адамның індет жұқтырғаны анықталған. Олардың 238-інен түрлі ауру белгілері байқалса, 62-сі — індеттің жеңіл (симптомсыз) түріне шалдыққандар.

Облыста осы дертті жұқтырғандардың жалпы саны 29 999 адам болды. Олардың 0,8 пайызы — індетті сырттан жұқтырғандар; 12,3 пайызы — науқастармен күнделікті қарым-қатынастағы адамдар; ал 86,8 пайызы — жергілікті жерде жұқтырғандар. Бүгінге дейін облыста коронавирустан 489 адам қайтыс болған. Емделіп шыққандардың саны — 25747 адам.

Індет балалар арасында да анықталғаны белгілі. Облыста 75 бала коронавирус індетін жұқтырған. Олар — 48 мектептің оқушылары, бұл мектептердің басым бөлігі, нақтыласақ, 34-і — Ақтөбе қаласының мектептері. Ал балалар мектепке барып оқуды бастағалы аз күннің ішінде жаппай індет жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ. Бір кластан бір баланың коронавирус жұқтырғаны анықталған оқиғалар бар. Ондай жағдайда бүкіл класс карантинге жіберіледі.

Мамандар «Дина», «Анвар» супермаркеттерінде, сауда үйлерінде, қоғамдық көліктерде, мейрамханалар мен дәмханаларда сақтық және шектеу шараларының орындалуын қадағалап, тексерулер жүргізген. Қорытындысында «Гранд холл», «Хан орда» мейрамханаларының иелеріне, «Нұрдәулет», «Арай», және «Аққу» сауда үйлерінде, Ақтөбедегі 51- бағыттағы автобуста маскасыз жүрген азаматтарға, т.б. айыппұл салынған. «Ashyq» қосымшасы бойынша «қызыл» статусты 282 адам анықталып, оларға да әкімшілік жаза қолданылған.

Қазіргі күні облыстағы инфекциялық ауруханаларда осы дерттен емделіп жатқан жандардың саны — 1035. Оның ішінде 100 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Инфекциялық кереуеттер жүктемесі — 55 пайыз, жансақтау бөлімдеріндегі кереуеттер жүктемесі — 45 пайыз.  Өкінішке қарай, өткен 10 күннің ішінде облысымызда коронавирустан 36 адам қайтыс болған. Олардың бәрі де екпе алмаған адамдар.

Коронавирусқа қарсы вакциналау ақпан айынан бері жалғасып келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Куштаеваның айтуынша, бүгінде бірінші компонентпен егілгендер саны 297 806 адам болса, ал вакцинаны толықтай алғандар саны 244 222-ге жеткен.

Тікелей эфирге түскен сауалдардың бірі — «50 адамның басын қосып, той-садақа жасауға рұқсат берілгені рас па?» деген сұрақ болды. Нұрсұлу Беркімбаева мұны жоққа шығарды.

— Әзірге ешқандай көпшілік шараларға рұқсат берілмейді. Індеттің өршу қаупі сейілген жоқ, жағдай әлі де күрделі, — деді ол.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button