Жаңалықтар

Жүлдегер отбасылар

Отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жүлдегерлері туралы айтпақпыз. Байқауға қатысқан 268 отбасының ішінен бірінші орынға шалқарлық Сырлыбаевтар, ал екінші орынға Әйтеке би ауданынан келген Әбеновтер отбасы ие болды.

ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ӘУЛЕТІ

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде І орынға ие болған Сырлыбаевтар отбасы Шалқар қаласында тұрады.

Отбасының тірегі болған, марқұм Жаналы ақсақалдың тоғыз баласы бүгінде үбірлі-шүбірлі, бір-бір үй. Жасы тоқсаннан асқан Балжан әже сол балаларынан 24 немере, 28 шөбере сүйіп отыр. Отбасының ерекшелігі сол — ата жолын таңдаған ұрпақ бүгінгі таңда мамандықтарын экономиканың күретамырына айналған теміржол саласымен байланыстырып, осы кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Базарлы отбасы балаларының жетістіктері де жетіп артылады. Шаңырақтың тұңғышы — Қаналы Жаналыұлы 1979 жылы кеудесіне «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін тағып, 2014 жылы «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясының президенті А.Маминнен «Қазақстан теміржолына 110жыл» төсбелгісін алды.

Ал Гүлсара Жаналықызы 1986 жылы «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен,

Бибісара Жаналықызы 1990 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталыпты.

— «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтпаған ғой. Отбасы — ата-ананың, бауырлардың сыйластығы жарасқан кішкентай Отан. Ержетіп, өсіп-өнгеніміз, ел алдында қызмет етіп жүргеніміз — әкеміз бен анамыздың арқасы. Марқұм әкем бізді еңбекке баулыды, адамгершілікке тәрбиеледі, оқытты. Бала кезімізде әкеміздің тепловоздың қасында жүргенін көріп, еліктеп, қызыға қарайтынбыз. Өскенде машинист боламыз дейтінбіз. Шүкір, әулеттің үшінші буыны теміржол саласында еңбек етіп жүр, — дейді Серік Жаналыұлы.

Ол еңбек өтілін Шалқар қаласындағы локомотив жөндеу депосында слесарь болып бастаған. Алты жыл бұрын «Құрметті теміржолшы» атанған Серік Сырлыбаев 2019 жылы «Қамқор вагон» ЖШС-ның филиалы Шалқардағы вагон жөндейтін депоның директоры болып тағайындалды. Қызы, жиендері бар.

Сырлыбаевтардың тағы бір ұлы Елтай бүгінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытында машинист болып жүр, қыздардың бірі Ақсара Матай стансасында тұрады, Матай локомотив депосында нормалау инженері қызметін атқарады.

Кенже ұлыЭрдаф та әке жолын қуып, ағаларына еліктеп, теміржол саласын таңдағанын айтады. 30 жылға жуық теміржол саласында еңбек етіп келеді. Бүгінде ол — «Ақтөбе локомотив жөндеу депосы» филиалы «Шалқар сервис орталығы» директорының өндіріс жұмыстары жөніндегі орынбасары.

Егіз қыздардың бірі  Элмира — тұрмыста, Алматы қаласында тұрады. Жеке кәсіпкер. Ал Гүлмира —  Шалқар айналым депосында инженер.

Бүгінде теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешіп жатқан теміржолшылар әулеті бұл марапатқа толық лайық.

ӨНЕРЛІ ОТБАСЫ

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде II орынға Әбеновтер отбасы ие болды.

Жүлдегер отбасыӘйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылында тұрады. Сыйластық пен жарасымдылық орнаған шаңырақта Көлмырза мен Гүлайым алты перзентті өмірге әкеліп, бүгінде 12 немере сүйіп отыр.

ОтағасыКөлмырза — тәжірибелі көлік жүргізуші, көп жыл бойы жедел жәрдем қызметінде көлік жүргізіпті.Зайыбы Гүлайым —«Күміс алқа» иегері, бұрын мәдениет саласында есепші болған. Халықтық «Асыл әжелер» ансамблінің жеке дауыстағы әншісі, белсенді мүшесі.

Әкеден үлгі, анадан мейірім көрген балалар — бұл күндері  ауданда, облыста түрлі саланың дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан білікті мамандар.

Отбасының алғашқы перзенті Ләззат Көлмырзақызы — аудан орталығындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Ән салып, түрлі музыкалық аспаптарда ойнайды. Күйеуі Мақсатпен бірге үш бала тәрбиелеп отыр.

Ал Бекзат Көлмырзақызы — М.Жұмабаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Мейірбан, бала жанының бағбаны.Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнағанды ұнатады. Отағасы Алмат екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Мал шаруашылығымен де айналысады.

Отбасындағы ұлдың үлкені Аманқос келіншегі Асылгүл екеуі Феруза, Айару, Ақбаян, Перизат, Ұлжан есімді сүйкімді қыздарды тәрбиелеп отыр. Феруза мен Айару — оқу озаттары. Аманқос теміржол саласында еңбек етеді. Бос уақытында футбол ойнағанды ұнатады. Келіншегі Асылгүл — Т.Жүргенов атындағы мектептің математика пәнінің мұғалімі. Айтпақшы, отанасы Гүлайым келіні Асылгүлмен бірге«Есті ене, көргенді келін»аудандық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.

Шаңырақтың кенжесі Шерхан Әлімбет ауылында шекара қызметінде жүр. Қазақша күрес пен асық ату ойындарының шебері. Ал қыздардың кішісі Көркем — мейірімді медбике. Бүгінде ол — Ақтөбе қаласындағы «Дару» клиникасының медбикесі.

Әбеновтердің тағы бір қызы Анар — Әйтеке би аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.

— Біздің отбасымыздың ерекшелігі — әке-шешемізден бастап, балалардың барлығы өнерге жақын. Бәрі де әуесқой өнерпаздар. Тек менде ғана музыкалық кәсіби білім бар екен. Әкем домбыра тартады. Домбыра ұстауды әкемнен, ал күй тартуды атамнан үйрендік. Атыбар атамыз шебер күй орындаушы болды. Мен оқуға түсерде шығармашылық емтиханға сол атам тартқан күйлердің үзінділерін орындап, грантқа түстім. Ал анам ескі әндерді айтады,— дейді Анар Әбенова.

«Бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқ екен» демей ме?! Балалардың алды отау құрып кеткенімен, әрқайсысы алтын ұядан алған ортақ тәрбиенің арқасында бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан отбасы болып отыр. Бір сөзбен айтсақ, Әбеновтер отбасын ауылдастары өнерлі, үлгілі отбасы ретінде таниды.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button