Мереке

Онлайн концерт ұйымдастырды

Мұғалжар аудандық Мәдениет үйінде Конституция күніне арналған «Ата Заң — елдігімнің тірегі, тәуелсіздігіміздің тұғыры» атты  мерекелік онлайн концерт өтті. Концертті әлеуметтік желі пайдаланушылары тамашалады.  

Мерекелік шара Әнұранның шырқалуымен басталды. Кештің жүргізушілері «Қасым салған қасқа жол», «Есім салған ескі жол», «Әз Тәукенің Жеті Жарғысы» сияқты тарихи дала заңынан бастау алған Ата Заңымыз қашанда өзінің әділдігімен, өміршеңдігімен қымбат екенін айта келе, сол бабалар салған сара жолды жалғап, әлемдік өркениеттің озық үлгілерін ескере отырып, дайындалған Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына биыл 26 жыл толып отырғанын жеткізді.

Сосын «Алтынзер» халықтық би тобының бишілері мың бұрала биледі. Бір топ жас тақырыпқа сай өлеңдер оқыды. Республикалық байқаулардың жүлдегері А.Оспанғали Сейдолла Бәйтерековтің «Қазақстан — қыран далам» әнін шырқады.

Н.Темірбаеваның жетекшілігімен «Қазына» ардагерлер шығармашылық ансамблі Ахмет Жұбановтың «Би» күйін орындады. Осы ансамбльдің сүйемелдеуімен еңбек ардагері Рабиға Қожашева халық әні «Бипылға» салды.

Мерекелік концертте С.Сәңкібай, К.Сүндетбаева, Т.Тоқаева, сондай-ақ Алмас Өтепберген мен Ақдана Жылқамандар әннен шашу шашты. «Жасын» вокалды аспаптар ансамблінің де өнерпаздары өнерлерін көрсетті. Шара А.Оспанғалидың орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен түйінделді.

 Анар САРИНА,

Мұғалжар аудандық Мәдениет үйінің әдіскері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button