Жаңалықтар

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өтеді

1 қыркүйекте Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталады. Оған ақтөбелік жастар да шақырылып отыр.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің​ біздің облыс бойынша​ департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингте жастарды Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақырды.

1 қыркүйекте басталатын іріктеудің қорытындысында мемлекеттік сектор үшін резервке 50 жас маман іріктеліп алынбақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 18 мамырдағы Жарлығымен белгіленген талаптарға сәйкес іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар ҚР азаматтары қатыса алады. Оның мемлекеттік тілді меңгеруі орташа деңгейден төмен болмауы керек. Резервте болу мерзімі — 3 жыл.

Резервтегі маманды бос мемлекеттік лауазымға тағайындау тиісті заң талаптары ескеріліп және Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынымы бойынша конкурстан тыс тәртіппен жүзеге асырылатын болады. Резервке қабылдау мемлекеттік лауазымға тағайындауға кепілдік бермейді.

Резервке алу үшін үміткерлер бірнеше жүйелі кезеңнен өтеді:

1) күрделі сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;

2) ситуациялық тапсырмаларды шешу;

3) құзыреттерді бағалау;

4) Сарапшылық комиссиядағы әңгімелесу;

5) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы.

Бұл кезеңдердің бірқатары онлайн режимінде өтеді. Биылғы іріктеудің алдыңғысынан айырмашылығы, кадрларды іріктеу процесі талап етілетін білім деңгейі мен дағдыларды анықтауға ғана емес, сонымен қатар кандидаттардың шынайы мотивтері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға да бағытталған. Мақсаты — қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын дарынды жастарды анықтау және мемлекеттік қызметке тарту.

Құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап арнайы әзірленген pkrezerv.gov.kz цифрлық платформасында онлайн режимінде жүргізіледі деп жоспарланған.

Өздеріңіз білетіндей, Президенттік жастар кадр резервіне алғашқы іріктеу 2019 жылы ұйымдастырылды. Ақтөбе облысы бойынша бұл іріктеуге 289 жас қатысып, олардың 12-сі резервке алынды. Бүгінгі таңда резервтегі мамандардың 11-і, яғни 91,6%-ы жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде 2 үміткер — саяси лауазымға (облыс әкімінің орынбасары), 1 үміткер — облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымына, 1 үміткер — басқарма​ басшысы лауазымына,​ ​ 3 үміткер — басқарма басшысының орынбасары лауазымына, 2 үміткер квазимемлекеттік секторға және тағы 2 үміткер орталық атқарушы органдарға қызметке тағайындалды.

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Ақтөбе облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button