Басты жаңалықтарЭкономика

Ілгерілеуге індет кедергі емес

Баспасөз туры

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Шалқар ауданында баспасөз туры өтті. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері ауданда жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды көріп, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында алға қойылған жоспарларымен танысты.

Қай саладан да салыстырмалы түрде алға басушылықты байқауға болады. Көпті алаңдатқан індет салдарына қарамастан, алға қойылған жоспарлар оңтайлы жүзеге асуда.

Жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен брифингте аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Ақшолақ атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Аудан бюджетінің есепті мерзімдегі нақтыланған шығыстар жоспары 5925,9 миллион теңгені құрап, 100 пайызға орындалған. Оның ішінде 4447,8 миллион теңге —республикалық және облыстық бюджеттерден берілген трансферттер. Атап айтқанда, биылғы жылы елімізде жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламалар мен жобалар аясында Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттен: 7 елді мекеннің су желілерін қайта жарақтандыруға, 2 елді мекеннің су желілерінің құрылысын бітіріп, 1 елді мекеннің кәріз желілерін қайта жарақтау жұмыстарын аяқтауға, 2 мектеп құрылысын тиянақтап және 1 мектепті күрделі жөндеуге, 1 медицина мекемесінің құрылысына және 1 ФАП-ті күрделі жөндеуге, 2 елді мекеннің көшесін орташа жөндеуге қаржы бөлінген.

Сонымен қатар аудандық бюджеттен 1 ауылдық клуб құрылысын, 2 қабатты арендалық коммуналдық тұрғын үй құрылысын аяқтауға, қаланың 5 көшесін жөндеуге, т.б. жобаларға қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

Аудан бюджетінің кірістер жоспары 129,8 пайызға орындалып, 1876,4 миллион теңге салықтар мен төлемдер немесе жоспардан артық 430,8 миллион теңге түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 113,2% немесе 219,2 миллион теңгеге артық.

Өткен жылы Шалқардағы 5 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 мектеп құрылысы басталған. Биылғы жылы да «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында осы мектептердің құрылысы жалғасуда және «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Бегімбет ауылындағы Б.Сүлейменов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге күрделі жөндеу жұмысы жоспарланған Бозой орта мектебі ғимаратына жүргізілген техникалық сараптама бойынша апат жағдайында деп танылып, жаңа мектеп құрылысын салуға жобалық- сметалық құжаттары дайындалуда.

Биылғы жылы Тоғыз елді мекенінен жаңа клуб салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Шалқар қаласынан денешынықтыру-сауықтыру кешені мен ангар типтес спорт кешенінің, Қауылжыр, Мөңке би ауылдарынан ауылдық клуб құрылысын салуға жобалық құжаттары дайындалуда. Сонымен қатар тірек ауылдарынан (ауданда 8 тірек ауыл бар: Бегімбет, Қотыртас, Бозой, Бершүгір, Қауылжыр, Шілікті, Мөңке би, Жылтыр) кезең-кезеңмен демеушілер есебінен жобалық құжаттарын дайындап, ангар типтес спорт кешендерін салу жоспарлануда. Қазіргі таңда Қауылжыр, Бегімбет ауылдары бойынша құжаттары әзірленген.

«Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында республикалық және облыстық бюджет қаржысына Жылтыр ауылынан дәрігерлік амбулатория құрылысы және облыстық бюджет есебінен Байқадам фельдшерлік-амбулаторлық пунктіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Табысы төмен деп саналған 134 отбасының 708 мүшесіне 23,9 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек, 168 отбасына 2,5 миллион теңге тұрғын үй көмегі төленсе, 173 балаға 5,8 миллион теңгенің кепілдендірілген пакеттері берілді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы ұлттық қордан бөлінген 25,0 миллион теңге қаржыға Шалқар қаласынан 8 көпбалалы отбасыға тұрғын пәтер сатып алынды. Және аудандық бюджеттің қаржысына 4 пәтер алынуда.

Есепті мерзімде ауданда 1283 тұрақты және уақытша жаңа жұмыс орындары ашылып, бос тұрақты жұмыс орындарына 1137 адам орналасқан. Ақылы қоғамдық жұмысқа 550 адам, әлеуметтік жұмысқа 188 адам, жастар практикасына 98 адам жіберілді. Тіркелген жұмыссыздық деңгейі 2,5 пайыз құрап, өткен жылғы деңгейден 0,8-ге азайған.

«Еңбек» бағдарламасы аясында биылғы жылға аудан тұрғындарына 110,0 миллион теңге несие беру жоспарланып, 109 адам кәсібін ашуға және кеңейтуге шағын несие алуға жолдама алып, есепті кезеңге 24 адам 84,9 миллион теңге несие алса, қайтарылған қаражат есебінен 36 адам 133,0 миллион теңге несие алып, 60 жаңа жұмыс орны ашылған.

Ағымдағы жылы «Әділ-Жан-Би-Әлібек» шаруа қожалығы құны 25,0 миллион теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 30 тонна мал өнімдерін өңдейтін цех құрылысын аяқтап, іске қосты. Аталған цехта еттен дайындалатын жартылай фабрикаттар өндіріліп, сауда дүкендерінде сатылуда.

Екпенің қарқыны мен оқу жылына әзірлік

Журналистер ауданда тұрғындарды індетке қарсы вакциналау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды да назардан тыс қалдырмады. Бұл жөнінде ауданның бас дәрігері Жангелді Былқайыр мынадай мәліметтерді мәлімдеді.

— Әлемді алаңдатқан індетке қарсы екпе алу жұмыстары ауданымызда өз деңгейінде жүргізілуде. Аудан бойынша 21 200 адам екпе алу қажет болса, оның 13 мыңнан астамы бүгінде бірінші компонентін алып үлгерді. Жергілікті халық жаппай вакциналауға түсіністік таныта бастады. Бұл шараны жүзеге асыруда медициналық жылжымалы кешеннің көп көмегі болып тұр. Аудан орталығында халық көп шоғырланатын теміржол вокзалы маңына тұрақтаған арнаулы көліктегі жылжымалы медициналық кешенге маусым айынан бері 1100 адам келіп екпе алды, — деді бас дәрігер.

Қазіргі таңда жергілікті халықтың көптен бергі басты проблемасына айналған Шалқар көлінің табанын тазарту жұмысы қызу жүргізілуде. Ауқымды шараны міндетіне алған бас мердігер — «Толағай» ЖШС өкілдерінің сөзінше, тазалау барысында табиғи ресурстарға, қоршаған ортаға ешқандай зиян келмейді.

Санаулы күндерден кейін дәстүрлі форматта жалғасатын жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы да тілшілерге деректер ұсынылды. Ауданның білім бөлімінің бас маманы Дидара Ақмалайдың айтуынша, ауданда 67 білім беру мекемесі болса, оның 35-і — мектептер. Осы мектептерге биыл 8 892 оқушы барады, жалпы 1-сыныпқа баратын 910 баланың құжаты қабылдануда. Оқушылардың оқу құралдармен қамтамасыз етілуі 100 пайыз шешілген.

«Дастанның» шөбі, «Баубектің» қымызы

Еліміздің кейбір аумақтарында биыл орын алған қуаңшылық көрінісі шаруалардың қысқа қамсыз отырмау қажеттігін меңзегендей. Қуаңшылық салдары ауданның оңтүстік бағытындағы округтерде сезілуде. Бұл ретте қысқа мал азығын дайындап жатқан шабындықтағы шаруалардың еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Осыған орай тілшілер Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты шабындықтарды аралап, шөп шабу науқанында белсенді жұмыс істеп жатқан «Дастан» шаруа қожалығының мүшесі Нұрболат Нұрғалиевпен кездесті. Техникалары сақадай сай жабдықталған аталған шаруашылық негізгі міндетіне мал шаруашылығын дамытумен қатар, шөп шабу ісін алған. Қожалыққа тиесілі 8000 гектар жердің 3000 гектары шабындық, 4000 гектары жайылымдық жерлер екен. Бүгінгі күні Нұрболаттың қожалығы әзірлеген шөптер сұраныс берген Есет Көтібарұлы, Жаңақоныс, Бозой ауылдық округтеріне жеткізілуде. Бір орама шөптің бағасы — 6000 теңге.

Ауданның ауылшаруашылық саласында мал басын көбейтумен қатар, төрт түліктің өнімін халық игілігіне жарату бағытында да жақсы бастамалар бар екеніне көз жетті. Осындай үлгілі бастаманы Айгүл Құсайынованың иелігіндегі «Баубек» шаруа қожалығынан көруге болады. Мұнда мал басын асылдандыру, бірдейлендіру бағытында да жүйелі жұмыстар бар. Үстіміздегі жылдан бастап аталған қожалық құны 45,0 миллион теңгені құрайтын қымызхана ашып, халыққа қызмет ете бастады. Қожалық мүшесі Нұрболат Ноғаевтың айтуынша, қымызханаға, негізінен, саумал ішуге адамдар көп келеді екен.

— Ашылғанымызға аз ғана уақыт болса да жұртшылық біздің мекенжайды тез біліп алды. Қазір күніне биелерді 5 мезгіл сауып, саумал әзірлейміз. Бастапқы кезде 20 биеге дейін сауатын едік. Алда қымызхананың жұмыс ауқымын кеңейтіп, неғұрлым тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз, — дейді Нұрболат Ноғаев.

Шалқар қаласының іргесінде орын тепкен бұл қымызханада қазір сауыншы, даяшы, бақташы секілді төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Құмнан қашқан ауыл

Шалқар ауылдық округінің орталығы — шаруашылыққа жайлы елді мекендердің бірі. Аудан орталығына жақын орналасқандықтан бұнда қатынас жағынан жылдың қай мезгілінде де қиындық туып көрген емес. Ауыл көгілдір отынмен, ауызсумен қамтылған. Ауыл іргесінде жылыжай жұмыс істеп тұр, жаңадан 40 орындық дәрігерлік амбулатория бой көтеруде.

Журналистерге ауылдағы осындай жарқын істерді тізбектеген округтегі ардагерлер ұйымының төрағасы Жаңбырбай Қаратаев жылтырлықтардың ортақ мәселесін де қаперге салды. Ол — ауылдың шығыс беткейінен төнген табиғи құм көшкіні. Оны тоқтату тұрғысында қанша қадамдар жасалса да, табиғат тылсымы дес берер емес. Үйдің шатырымен деңгейлесетін өркеш-өркеш құмдар қазір ауылдың Мәдениет үйі секілді ортақ нысандардың есігіне дейін ентелеп тұр.

— Ауыл болып осы құмға алаңдаймыз. Өзіміз бірігіп белгіленген аумақтарды қоршап «Үлкен Борсық» орман шаруашылығы мекемесінен мыңдаған түп қара талдар әкеліп егіп те көрдік. Әзірге толық нәтиже жоқ. Өйткені жас көшеттерді тұрақты сумен қамтамасыз етіп, жерсіндіріп жіберуге көп күш керек екен. Біз көліктерімізбен су тасып құйып, бірталайын тамырландырдық, десек те бұл жеткіліксіз бол отыр. Бұл мәселемізді осыған дейін де ауылымызға табан тіреген әр деңгейдегі билік өкілдеріне, халық қалаулыларының қаперіне салдық. Тағы да біздің айтарымыз, құм басқан аумақтардан жас көшеттерді суару үшін ұңғымалар қазылу керек. Су мол болса, көшеттер тез бой көтерер еді, — дейді ардагерлер ұйымының төрағасы.

… Келер жылы Шалқар ауданы торқалы тоқсан жасқа толады. Бүгінгі игі қадамдар — сол мерейлі асуға әзірліктің барысы іспеттес…

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button