Жаңалықтар

Екпе алғандар не дейді?

Клара СЕРҒАЗИНА, облыстық тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқыту орталығының директоры:

 Отандық вакцинаны таңдадым

— Қазір қоғамдағы ең өзекті мәселе індетке қарсы екпе алу болып отыр. Бұл мәселе төңірегінде қоғамда екіұдай пікірлер де айтылуда. Тіпті қазір әлеуметтік желілерде арандатушы ақпараттар көп. Алайда ондай ақпараттарға сенбей, алдымен өз денсаулығымызды ойлауға тиіспіз. Бастысы, медицина саласындағы соңғы мүмкіндіктерді өз қажетімізге пайдалана алуымыз керек. Мәселен, тарихқа үңілсек, өткен ғасырларда адамзат холера, малярия, туберкулез сияқты індеттерді вакцинациямен жеңген. Сондықтан мұндай жойқын індетті жою үшін вакцина алу маңызды деп ойлаймын.

Мен о баста-ақ вакцина алу туралы шешім қабылдадым. Дегенмен дәрігерлер денсаулығыма байланысты рұқсат етпеді. Содан бірнеше ай бойы ем алып, міне, шілде айында отандық «Қазвак» вакцинасын салдырдым. Ешқандай жанама әсері болған жоқ. Мен педагогпын. Биылғы жаңа оқу жылында тыңдаушыларыммен қайта қауышып, сабақ өткізу мен үшін маңызды. Сондықтан өзімнің және әріптестерімнің қауіпсіздігін ойладым.

Асылбек ҚОҢЫРАТБАЕВ, Мұғалжар ауданы Жұрын ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы:

 Өзгелердің де, өзіміздің де қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек

— Биыл коронавирус індетіне қарсы екпе алуды медицина қызметкерлері, одан кейін мұғалімдер, құқық қорғау саласының қызметкерлері кезең-кезеңмен алып бастады. Пандемия кезінде полицейлер де дәрігерлер секілді коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрді. Біз, полиция қызметкерлері, тұрғындармен үнемі тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Сондықтан өзгелердің де, өзіміздің де қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек.

Негізінен, екпе ерікті түрде егіледі, ешкімді мәжбүрлемейді. Өзім вакцинаның екі компонентін де алдым. Ешқандай кері әсері білінген жоқ. Жалпы, вакцина алған әріптестерімнің жағдайлары жақсы. Әрине, екпе қойылмас бұрын денсаулықтарымызды мұқият тексерді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button