Басты жаңалықтарӘкімдер сайлауы

Ауыл әкімдерін сайлау — маңызды қадам

Сайлау-2021

Биыл облыста ауыл әкімдерін сайлау 35 ауылдық округте өтеді. Бұл округтерде жалпы саны 74 сайлау учаскесі жұмыс жасайтын болады.

14 шілде күні ауылдық округ әкімдеріне кандидаттарды тіркеу жұмыстары аяқталғаны белгілі.

Мәртөк ауданында сайлау науқаны басталғаннан бері заңнама талаптарына толық сәйкес келетін 4 үміткер ұсынылды. Тіркелген 4 үміткердің 3-еуі — саяси партия өкілі, 1 кандидат өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылды. Сондай-ақ Nur Otan партиясынан — 1, «Ауыл» партиясынан — 1, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалынан 1 үміткер бар.
Кандидаттардың орташа жасы — 38,8. Барлығы ауданда 19 843 сайлаушы бар. Ал Шалқар ауданы бойынша бүгінде 12 округ әкімі, 1 қала әкімі бар. Заңда белгіленген өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты биыл 25 шілдеде Ақтоғай, Есет Көтібарұлы, Кішіқұм және Шетырғыз ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтеді.

— Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы заңға сәйкес ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын құрып, жұмыстар жүргізуде.

Кандидаттар өзін-өзі ұсыну арқылы құжаттарын тапсырды. Үміткерлердің тапсырған құжаттары заңға сәйкестігін тексеру үшін құзырлы органдарға жіберілді. Ал қалған округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі әзір аяқталған жоқ. Өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін ол жерлердегі әкімдер де тікелей дауыс беру арқылы сайланатын болады, — дейді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сапарғали Құлбергенов.
Әкім болып сайлану үшін үміткердің жасы 25-ке толған, қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуға тиіс. Сондай-ақ сотталмаған және сыбайлас жемқорлық қылмыс, құқықбұзушылық жасау дерегі болмауы керек.

Тұрғындар не дейді?

Сәттіғұл ҚАРАКЕЕВ,

«Мәртөк тынысы» ЖШС директоры:

 БҰЛ — ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамасы өте дұрыс шешім деп есептеймін. Бұл қадам тұрғындардың еліміздегі саяси ахуалға белсене араласып, мемлекеттің дамуына үлес қосуына септігін тигізбек. Мемлекет басшысы үлкен өзгерістің іргетасын қалап берді. Бұл — бәрімізге ортақ жауапкершілік.

Президенттің жаңа бастамасының ерекшелігі бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни жергілікті мәслихат депуттарының шешімі арқылы сайланып келген еді. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықтамақ. Игі бастама билік пен бұқараның арасын бір табан жақындастырады. Өңірдің тыныс-тіршілігін жақсы білетін адам билікке келсе, ауыл халқы оны қолдап отырса, елді мекендердің еңсесін тіктеуге болады деп ойлаймын.

Жалпы, дамыған елдерде мұндай тәсіл бұрыннан бар. Ендеше, жаңа бастаманы шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
Менің ойымша, бұл сайлаудың демократияны дамытуда маңызы зор. Себебі халық өз таңдауын жасайды. Таңдаған кандидатурасымен біріге жұмыс жасап, ел ахуалын жақсарта түседі. Осылайша халық билікке бір табан жақындайды. Үлкен өзгерістер орын алары анық.

Рахима ЕСЖАНОВА,

еңбек ардегері:

 

ӘДІЛ САЙЛАУ ӨТЕДІ ДЕП СЕНЕМІН

— Ел Президенті Қ.Тоқаевтың ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамасын қолдаймын. Негізі, осындай жүйе шетелдерде әлдеқашан дамыған. Мәселен, АҚШ-та губернаторлар, Түркия, Жаңа Зеландия басқа да мемлекеттерде аймақтық, ауылдық әкімдерді тұрғындар өздері сайлайды. Алайда біздің еліміздің аумақтық ерекшелігі де ескерілгені дұрыс және бірнеше шарттар мен міндеттемелер қарастырылуы қажет. Ауыл әкімі міндетті түрде қазақ тілін еркін меңгерген адам болуы керек. Себебі ауыл тұрғындары қазақ тілінде сөйлейді. Сонымен қатар ауыл әкімін тағайындау демократиялық тұрғыдан өзгеріске бастау болады. Халық өзі танитын адамды сайлайды. Яғни, ауыл әкімі сол аймақтан шыққан немесе сол өңірге қатысы бар адам болады. Сол елді мекеннің жағдайынан хабардар адам ғана ауылды дамытуға мол үлес қоса алады деп есептеймін. Халық та кез келген уақытта арыз-шағымын айта алады және тиісті талаптарды қоя алады. Әділ сайлау өтеді деген сенімдемін.

 Әділет КҮЗЕНБАЕВ,

А.Жұбанов атындағы Ақтөбе

музыкалық колледжінің оқытушысы:

АУЫЛДЫҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ПАЙДАСЫ ЗОР

— «Халық қаласа, хан түйесін сояды», — дейді дана халқымыз. Биыл тарихымызда ауыл әкімін сайлау, халық таңдауына берілмек. Иә, көгінде байрағы желбіреп, қыраны еркін қанат қаққан Тәуелсіз Қазақстан үшін бұл үлкен жаңалық.
Бұл сайлаудың ауылдың болашағы үшін пайдасы зор деп есептеймін. Халық өздерінің парасатты, ауылды алға жетелейді дейтін азаматын таңдайды. Соған мүмкіндік беріліп отыр.

Сайлау мәдениеті талапқа сай қалыптасқаны дұрыс.  18 жасқа толған азаматтар сайлауға қатысуға құқығы бар. Сауатты халық өз дауысын беріп, дұрыс таңдау жасай білуі тиіс.

Қордаланған мәселелерге білек сыбана кірісіп, ел экономикасы мен халықтың ахуалын көтеруге атсалысар үміткерлерге сәттілік тілеймін.

Жадыра САТЫБАЛДИНА,
Тоқмансай ауылының тұрғыны,

 

Алға ауданы:

ЛАЙЫҚТЫ ҮМІТКЕРДІ ТАҢДАЙЫҚ

— Әр тұрғынға таңдау құқығын берген Президенттің бастамасын толығымен қолдаймын. Ауыл тұрғындары өз әкімін өзі таңдағаны дұрыс. Халықпен жұмыс жасайтын болғаннан кейін елдің ойында жүрген, түйткілді мәселелерді ортаға салатын, білімді, көппен араласа білетін адам болуы керек.
Бұл жерде жауапкершілік жүгі халыққа түседі. Ел басқарып, халық көңілінен шығатын азаматты таңдап алу — енді халық еншісінде. Әр ауылдың өзіндік мұң-мұқтажы мен атқарылар ұлан-ғайыр істері бар. Әкім үшін ең бастысы, осы істердің басы-қасында халықпен бірге жүру.
Мемлекет басшысы бұл шешімді бекер қабылдаған жоқ. Бүгінде қоғамда жиі орын алатын наразылықтардың басым бөлігі халық тарапынан екенін ескеріп, 4 жыл ауыл басқарар азаматтың сайлауын тұрғындарға жүктеп отыр. Бұл сайлау — қызметін адал атқарып, халық алғысын алам дегендер үшін зор мүмкіндік. Еңбегін бағалап, ел қолдап жатса, ердің беделінің биіктегені сол емес пе? Ең бастысы, арына, абыройына адал азаматтарымыз әкім болса екен деймін.

Аружан ЕРҒАЛИЕВА,

Алға ауданының тұрғыны:

МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

— Қазақстан 30 жыл ішінде талай жолдан өтті. Ал Мемлекет басшысының ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі шешімі болашаққа жасалған маңызды әрі дұрыс қадам деп санаймын. Осылайша еліміз демократиялық бағытқа біртіндеп қадам басып келеді.
Ауыл әкіміне үміткерден жоғары білім талап ету қажетсіз деп ойлаймын. Оның орнына орта және арнаулы білім жеткілікті. Өйткені ауылға саясаткер емес, шын мәнінде іскер, тірліктің көзін таба білетін, сол ауыл тұрғындарының жағдайын жетік білетін әкім керек. Егер қазақ тілін білуді міндеттеп, білімге қойылатын талапты жеңілдетсек, өңірлердегі беделді және белсенді азаматтардың ауыл тізгінін ұстап, дамытуына зор мүмкіндік берер еді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button