Басты жаңалықтар

«Қонжар» мұғалжар жылқысын өсіруге ден қойып отыр

Кейіпкеріміз Руслан Мұқатов бала кезінен-ақ қолына құрық алып, бас білдіруге құмар болыпты. Көрші ауылдан да «асау тайымды үйретіп берші» деп келетіндер оның қызығушылығын одан сайын арттырған.

Атқа құмарлығы сол кезде басталған Руслан Нәжімеддинұлы бүгінде Мұғалжар ауданы Талдысай ауылындағы «Қонжар» шаруа қожалығын басқарып отыр.

Асау үйреткен

Руслан Нәжімеддинұлының балалық шағы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында өтті. Оның айтуынша, сол кезде ауылда жылқысы бар үй санаулы болыпты.

Бала кезімізде Шұбарқұдықта тек санаулы адамда ғана жылқы болды. Тіпті кімде болғанына дейін әлі жадымда тұр. Менің жабы тұқымды Ақжал деген атым болды. Жалы ақ болатын. Әкем оны маған 1989 жылы сатып алып берді. Мен ол кезде тоғыз жаста едім. Содан бастап атжарыстарға қатысатын болдым. 1992 жылы ауданымызда сабантой кезінде бәйге ұйымдастырылып, сонда Ақжалым бірінші келіп, «Минск» мотоциклін жеңіп алғанымыз бар. 1997 жылы біз облыс орталығына көшетін жылы Ақжалым да ауырып, өліп қалды, — деп еске алды балалық шағын Руслан. Тайдан сан мәрте құлап, құлаған сайын  аттың жалына жабысып, барынша айырылмауға тырысатын табанды бала қатарластарынан гөрі ақсақалдардың қасында көп жүріпті. Солардың әңгімесіне зейін салып, ауылдағы, көрші ауылдағы, облыстағы жылқының жүйріктерін, мықтыларын сұрыптап, іріктеуді ойына тоқи бастайды. Мысалы, өзі мініп жүрген Ақжалдың ауылдағы Күлсары деген атышулы айғырдың төлі екенін біліп алыпты.

Бүгінде қырықтың қырқасына шыққан Руслан бұрынғыдай бас білдірмегенімен, қожалық басында малшылар қауіпсіздігі мақсатында асау жылқыларды қамайтын арнайы орындар салып қойыпты.

Жылқы бағуға ниеттенген

Руслан да мектеп бітірген соң құрдастары секілді арман қуып, Алматыға аттанады. М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында оқып, теміржолшы атанады. Алайда ұлтжанды, атқұмар Руслан темір жолды бағындырғаннан гөрі, асау тайды үйретуді қалайды. Сөйтіп, ізденіске көшеді. Оған дейін сауда-саттықпен айналысып, бизнестің әліппесімен танысады. Ғимаратты жалға алып, ресторатор да болып көреді. Тіпті, шетел асып, Дубайда бес жылдай тұрып келеді. Шетелде жүргенде ағылшын, араб тілдерін үйренеді.  Шетел жылқыларына қызыға қарайтын.

Руслан бірден жылқы жинауға кіріседі. Әуелі 5-6 жылқы сатып алады. Содан Талдысай ауылындағы Қырықөзек бұлағының тұсынан «Қонжар» қожалығын құрады.

— Бұл жерде кезінде менің ата-әжем тұрды. Бала кезімде осы ауылға көп келетінмін. Жылқы десе ішер асын қоятынның өзі едім. Мақтанғаным емес, бірақ кім жылқы туралы көбірек біледі, соның қасынан табылуға тырысамын.  Қожалықты құрғаннан кейін қазақтың жабысын өсіремін бе дегенмін. Іздене келе, мұғалжар-көшім жылқыларының жаңа тұқымдарының авторы, сексен үштегі ақсақал Серікбай Рзабаевпен кездесіп, әңгімелестім. Ақсақал маған мұғалжар жылқысын өсіруге кеңес берді. Біріншіден, мұғалжар асыл тұқымды жылқылары етті әрі сүтті келеді, екіншіден, иммундық жүйесі ерекше дамығаны соншалықты, күй талғамайды, ауа райының ыстық-суығына төзімді. Үшіншіден — жергілікті қазақы тұқым. Содан Алға ауданы Тоқмансай ауылында тұратын кәсіпкер Өтесін Өтепбергеновтен мұғалжар тұқымды 75 жылқы сатып алдық, — дейді кәсіпкер. Сондай-ақ Руслан асылтұқымды мұғалжар жылқыларын өсіруге соншалықты мол қаражаттың қажеті шамалы екенін айтып отыр. Өйткені бұл жылқылар жыл бойы түзде жүреді, ал алты ай қыста тебінде жүрген соң арнайы әзірленген жемшөпті қажет ете бермейді.

«Қонжар» құрылғалы малдың басында болып, құлындаған жылқыларды күтіп, биелерді сауып, ауырып қалған жағдайда емдейтін, негізгі маңдай тердің иелері — Жасановтар отбасы.

— Жетпістен асқан ақсақал Шариф пен оның жұбайы Бану әженің, олардың ұлы Нұрболаттың, бас жылқышы Бекболат Тұрғанбайұлының жылқының ішіндегі мұғалжар тұқымын өсіру ісіне қосқан үлесі зор. Қожалық басында үй бар. Жағдай жасалған. Қора және асауларға арналған арнайы орын бар, — дейді қожалық басшысы.

Мініске жорға дайындап

 Қазір кейбір қожалықтарда малды көлікпен бағатындарды да кездестіруге болады. Ал «Қонжар» қожалығының басшысы жылқыны кейбіреулер секілді қар үстінде жүретін көлікпен қарамайтындарын, керісінше, жылқышылар жылқы мініп жүретінін жеткізді.

— Малды ат үстінде жүріп бағу — ата дәстүріміз. Біз осы бағытты дамыту мақсатында да жұмыстанып жатырмыз. Мініске жорғалар дайындаймыз. Ауылдастарым бұл туралы біледі әрі құлын кезінен-ақ мініске үйретілген түрін сұрап алып кетіп жатады. Атпен қыдыруға да сұраныс бар, енді осы бағытты кеңірек дамытсам деймін. Негізі, жылқы шаруашылығы, әсіресе мініске жорға дайындау — менің жақсы көретін ісім. Жылқының денсаулыққа пайдасы зор екенін қазір қазақтар ғана емес, шетелдіктер де біледі. Пандемияның кезінде бәрі саумал іздеп кетті емес пе. Иппотерапияның жөні тіпті бөлек. Әсіресе жылқы жүрісі беретін әсерді омыртқаға ешбір жаттығу бере алмайтын көрінеді. Тізе буынындағы сұйықтықты ат үстінде аяқты салбырата жүру арқылы қалпына келтіруге болатынын да бір жерден оқығаным бар. Өз басым атқа мінсем демаламын, аңға шықсам, рақаттанамын, — дейді шаруа Руслан.

Айтпақшы, ол жылқының үстін тазалап, жал-құйрығын тарау да жүйкені тыныштандыратынын ғалымдар зерттегенін айтады.

Ер-тұрманын сайлаған

Кейіпкерім тек қана жылқыға ғана емес, сондай-ақ ер тұрманға, ат әбзелдеріне де аса қатты көңіл бөледі екен.  Оның айтуынша, қазақы ерлердің де түрі көп болған, олар қошқарбас ер, үйрекбас ер, найман ер, шошақбас ер деп кете береді.

— Кіші жүз жақта көбіне қазбас ер қолданылады. Батыр бабаларымыз сияқты ата дәстүрді сақтап, мен де өзіме ер жасатып алдым. Әрі балаларға да  осылайша дәріптеуді жөн көрдім. Кәмілжан деген ұста қарағашты ойып, жонып, үш жыл кептіріп, дайын болған ағаш ерді қолыма ұстатты. Ал белгілі суретші, дизайнер Нұржігіт ағаштан жасалған ер жарылып кетпеу үшін түйенің көңімен қаптап, оны әшекейлеп берді. Қазір бұл қазбас ер «Қонжар» қожалығында тұр. Ауылға барғанда Қара алтын деген жорғамды ерттеп мінемін, — дейді Руслан.

«Ізбасарым —  Ислам»

 Бүгінде Ақтөбе қаласында тұратын Руслан Мұқатовтың шаңырағында екі қыз бен бір ұл өсіп жатыр.

— Әкем о дүниелік болды. Қазір анаммен бірге тұрамыз. Есімі — Дәметкен Сәрсенбіқызы. Алпыс үштен асты. Әлі бие сауады. Бие сауғанды ерекше ұнатады, шынымды айтсам, жылқы ұстауымның тағы бір себебі, осы — анам.  Бауырларым Жұлдыз бен Жасұлан да кәсіпкерлікпен айналысады, — дейді кәсіпкер.

Русланның ендігі үміті — он үшке толған ұлы Исламда. Исламның өзі доп қуып, футбол ойнағанды ұнатады. Алайда қанында бар ғой, демалыстарында ауылға жете алмаса, қаладағы ипподромға барып, атқа мініп тұрады екен. «Ізбасарым — Ислам. Жылқы туралы бар білетінімді осы балаға үйретсем деймін», —  дейді кейіпкеріміз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button