Мереке

Үстел теннисінің үздігі

23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күні

Мемлекеттік қызметтегі өз ісінің майталмандары туралы аз жазып жүрген жоқпыз. Аға буынның тәжірибесін өз газетімізде жиі насихаттаймыз. Барша мемлекеттік қызметшілерді ертеңгі мерекелерімен құттықтай отырып, биылғы кейіпкерлерімізді жұмыс өтілі он жылға толмаған жастар арасынан таңдауды ұйғардық.

Үстел теннисінің үздігі

Темір ауданы әкімдігінде қызмет ететін Нұрпейіс Сәрсенбаев кейбір әріптестері секілді костюм киіп, жиналыстарға қатысумен шектелмейді. Ол — мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған түрлі облыстық сайыстардың жеңімпазы. Өнерге де бір адамдай бейімі бар.

Тәуелсіздік құрдасының мамандығы — тарихшы. Тарих ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін де сәтті қорғаған. Диплом алған бойда мектепке мұғалім болып орналасқан ол арасында балаларға домбыра тартуды да үйретті. Кейіннен Ақтөбе қаласында облыстық дін істері басқармасында жұмыс істеді. Соңғы үш жылдан бері өзінің туған жері — Темір ауданындағы әкімдікте мемлекеттік қызметкер.

— Мемлекеттік қызметке келгеніме үш жылдан асты. Қазіргі таңда аудан әкімі аппаратында бас маман әрі баспасөз хатшысы қызметіндемін.  

Шүкір, қызметіме өкінген кезім болмады. Өмірімдегі барлық жағдайды «осылай болуға тиіс» деп қалыпты қабылдаймын.

Биыл кәсіби мерекемді үшінші рет атап өткелі отырмын. Қазір кез келген кәсіптің, саланың өзінің атаулы күні, мерекесі бар ғой. Сондықтан 23 маусым күнгі мерекені біз де ескерусіз қалдырмаймыз. Жыл сайын түрлі мәдени-спорттық шараларға белсенді қатысып, қалыс қалмауға тырысамын, — дейді Нұрпейіс.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Гүлмира Бисекешевадан білгеніміздей, облыста барлығы 436 мемлекеттік орган бар. Ал мемлекеттік қызметшілердің саны — 4179.  

Ата-анасының Нұрпейіс Байғаниндей ақын әрі жыршы болсын деп атын қойғаны текке кетпеді: кейіпкеріміз өлең шығарып, домбырамен ән де салады. Гитараны да шебер меңгерген. Бәрінен бұрын, спорттағы қабілеті жақсы. Үстел теннисінен талай рет үздік шыққан.

— Өнер мен спортты қатар алып жүруге тырысамын. Күні кеше ғана мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық турнирде үстел теннисі бойынша І орынды жеңіп алдым. Осымен үш дүркін чемпион атандым. 2018, 2019 және биыл қарсыластарымды шаң қаптырдым. Сондай-ақ 2014 жылы «Темір ауданының бірінші ракеткасы» атандым. Үстел теннисінен бөлек, футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, гір спорты түрлерінен ауыл, аудан және облыс деңгейінде жүлдегер болып жүрмін, — дейді мемлекеттік қызметші.

Қай істе болсын, ұстаздың қажет екені сөзсіз. Нұрпейіс қызметтегі ақылшым деп кезінде өзіне басшылық еткен Жолдас Батырханды ерекше қадір тұтады екен.

«Мемлекеттік қызметтің бергені көп. Ұстаздықты мамандықтардың төресі санаймын. Еңбек жолымды мұғалімдіктен бастағаныма мақтанамын. Мемлекеттік қызметтің де өзіне тән игіліктері көп. Сөйлеу мәнерің, мәдениетің қалыптасады. Осы жылдар ішінде мемлекеттік қызметте қандай да бір жетістікке жетсем, әуелі Жаратқанның, кейін ата-анам мен ұстазымның арқасы деп білемін», — деді ол.

Біз де өз тарапымыздан сырбаз мінезді, көпшіл, сөзі мен ісі келіскен Нұрпейіске бар жақсылықты тілейміз.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button