Басты жаңалықтар

Ойыл ортайды, Қиыл құймады

Өткен жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданы мен Ақтөбе облысы Ойыл ауданының белсенділері жыл санап кеуіп, құрғап бара жатқан ортақ өзен Ойылдың мәселесін көтерген болатын. Қос ауданның азаматтары газет-журнал, телеарна, әлеуметтік желілер арқылы өзеннің экологиялық апат алдында тұрғанын айтып, Үкіметтің, министрліктің назарын бұрғызды. Өзен жағалаған елдің жанайқайы да түсінікті. Жайылым мен шабындық құрып кетті. Төменгі ағысынан бастап үзілген өзен әр жерде шалшық суға айналды. Балық қырылды. Мал азығы азайып, бағасы қымбаттады. Қыстық шөптің құнары кеміді. Былтырдан бері өзеннің мәселесін талқылап, арнайы топ құрылып, жазылған арыз, айтылған ұсыныс биыл шешімін тапты ма? Жергілікті жұрттың даусы жоғарыға жеткенімен, қандай шаралар қабылданып жатыр? Бір жыл бойы әрекеттенген халықтың арызы қанағаттандырылды ма? Міне, осы уақыт ішінде өзен жанашырларының бірігіп жасалған жұмыстарының жемісі қандай болғанын айтпақпыз.

Жанайқай жоғарыға жетті

Өзен тағдырына қатысты үш рет онлайн режимінде республикалық конференция өткізіліп, жеті рет Ойыл-Қиыл өзендерінің бойына экспедиция ұйымдастырылған екен.

Қызылқоғалықтар судың келмеуін жоғары ағыстардың бөгеттермен тежеліп, бұлақтардың бітелуінен көреді. Арнайы экспедиция қай жерде қандай бөгеттердің барлығын анықтап, су ағынын заңсыз ұстап тұрған нысандарға зерттеу жүргізді. Бір нәрсе айқын: Ойыл өзенін ешкім ортасынан бөгеп тасаған жоқ. Сол өзенге құятын салалардың бітелуі өзен суын азайтады. Жалпы, Ойыл өзені ағынсыз өзендер қатарына жатады. Бастауын бұлақтан алатын өзен суы жаз айларында азайып, кейде тартылып қалады. Судың да көлемі қыстағы мол қар, көктемгі күрт еріген қар суына, күзгі, көктемгі жауын-шашынға тікелей тәуелді. Ал бірнеше жылдан бері қар болмай, көк суының азайып кеткенін ескерсек, дала өзенінің жайы бесенеден белгілі. Бірақ солай деп бар кінәні ауа райына артып қойып, қол қусырып қарап отыруға бола ма? Былтырдан бастап жағасын тазартып, бұлақтарды ашу жұмыстары жүрді. Қыста мұз бетіндегі қамысын азайтты. Мұның бәрі жергілікті тұрғындардың инемен құдық қазғандай әрекеті көрінгенімен, ешкімнің де табиғатқа бейжай қарай алмайтынын білдіріп тұрған жоқ па? Өзенді қорғау жұмысы мұнымен бітпейді. Жағасындағы ауыл жағалай тал егуге ниет білдіріп отыр. Ірілі-ұсақты 60-тан астам өзенмен қоректеніп, өрден ағатын жылға суларымен молаятын Ойыл үшін арнасына құлайтын әрбір сай тамыры секілді. Міне, сол тамырлардағы су аз ғана болса да тежелмей құйылуға тиіс. Биыл қыстың қары мол болды. Соған қарап қуанған жұрттың жоғарыдан су келеді деген үміті ақталмады. Ойыл мен Қиыл тасыған жоқ. Ойыл ауданындағы «Тамдыкөл» суландыру жүйесінде жиналған қар суы жіберілген кезде екпінмен аққан су ағысын жылдағыдан  біраз ұзартты.  Гидрологиялық болжам бойынша биыл 27-41 миллион текше метр су жиналып, бұл қалыпты норманың 21-37 пайызын құрапты.Төменгі жаққа су барды. Бірақ облыс аумағына түскен қар суы өзен табанындағы қара суды бір тазартып шайып өткені болмаса,  айтарлықтай ағыс жоқ. Белгілі болғандай, өзеннің гидрографиялық орналасуына байланысты көктемгі жиналған судың 70-80 пайызы ағып кетеді екен. Ал өткен жылғы су көлемі 13,6 миллион текше метр болған. Ойыл өзенінің орташа көпжылдық су ағыны 127,0 миллион текше метр екенін ескерсек, соңғы үш жылда арнасы толмаған өзеннің жайы алаңдатып тұр.

Төменнен басталған өзенді қорғау ісі жоғарыға жетті. Жуырда еліміздің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Д.Бекмағамбетовтің төрағалығымен өзен салаларындағы бөгеттерге тексеру жүргізілді. Комиссия құрамында Ақтөбе облысының және аудан әкімдіктерінің өкілдері де болды. Комиссия Мұғалжар, Темір, Қобда және Ойыл аудандарындағы әртүрлі нысандағы 57 гидротехникалық құрылыстардың бар екенін анықтады. Олардың 8-і республика меншігінде болса, коммуналдық меншікте 3 бөгет және иесіз 34  бөгет бар. Сонымен қатар тазартуды қажет ететін 7 бұлақтың көзі табылды.

Тексеру барысында бөгеттердің барлығы өзен арнасында орналаспағандығына көз жетті. Көпшілігі сай-салаларда кеңес заманында салынған, бүгінгі күні қирап тұр. Алайда судың еркін ағуына кедергі келтіреді. Осыған байланысты су ағысына кедергі келтіріп тұрған бөгеттерді транзиттік режимге қойып, өзен арнасын толықтай жауып тұрған бөгеттерді  бұзу туралы ұсыныс енгізілді, — дейді  Жайық-Каспий бассейні инспекция басшысы Ғалидолла Азудиллин.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма басшысының міндетін атқарушы Асхат Көбеновтің айтуынша, Мұғалжар ауданында 10 нысан тексеріліп, кеңес кезінде салынған 5 иесіз бөгет, 1 өткел және тазартуды қажет ететін 4 бұлақ пен 4 нысанды транзиттік режиміне көшіру ұсынылды. Атап айтсақ, олар Бұқа, Шұбараласай және №1, №2 Шитбұлақ.

Қобда ауданында 3 нысан бар. Оның екеуі коммуналдық меншікте болса, Қарағанды өзеніндегі иесіз бөгет бұзылуы керек.

Темір ауданында 29 нысан тексерілді. Мұнда 4 өткел бұзылып, Шығырлы, Шевченко, Қарасай, Жаманағаш, Шілікті бөгеттері транзиттік режимге көшірілмек. Ойыл ауданында 15 нысан тексеруден өтті. Ақшатау, Ашықбай, Қайыңды бөгеттерін транзиттік режиміне көшіру және Ойыл өзенінде Көптоғай ауылдық округіне Қарасты Қарасу өткелін бұзу ұсынылған.

Өзенді сақтап қалуды қазірден бастап қолға алмасақ, ертең кеш қаламыз. Сол себепті қоғамның назарын аударып, әкімдердің көңіл бөлуін, су мамандарының жүйелі жұмыс істеуін, су комитетінің араласуын қалаған едік. Нәтижесі болып жатыр. Жұмыстар жасалып, оң шешімдер қабылдануда. Өзен алабындағы өрістерді сақтауымыз керек. Сондықтан қысы-жазы мал жаюды азайтып, өріс ауыстырып тұрған дұрыс. Жақын елді мекендер өзен бойына тал ексе деген үмітіміз бар. Біз «Ойыл өзені» тобын құрып, жергілікті табиғат жанашырларының басын біріктіріп, қолымыздан келетін шаруаларды жасауға тырысамыз. Бұл — бәрімізге ортақ, бірігіп істейтін жұмыс, — дейді өзеннің  мәселесін жиі көтеріп жүрген ақтөбелік Нұрлан Есенғазы.

Бөгеттер бұзылып, бұлақтар тазартылады

Транзиттік режим деген не? Суды басқару, оны тиімді пайдаланып, алқапқа шығару тағы сол сияқты жұмыстар ауыл шаруашылығы саласына керек. Әрине, су мол болса, оны белгілі бір мөлшерде ұстап, лимандарды толтырып алғаннан кейін төменге жіберу — кең таралған тәжірибе. Кейде мөлшерінен артық жиналған су тоғанды бұзып кетеді. Ондайда әлі шабындыққа тарап үлгермеген су бірден лақ етіп ағып кетеді және су қорынан айырылып қалады. Транзиттік режим дегеніміз — суды өзіне де, өзгеге де жететіндей етіп пайдалану. Қазіргі таңда бұзылуы керек деген бөгеттердің басында бір-бір шаруа қожалығы отыр. Олардың малына, егініне су керек. Сондықтан амалсыз су қорын жасайды. Бүгінгі күнде облыста суармалы жерлерді көбейтеміз десек, сол шаруашылық судан тапшылық көрмеуі керек. Бірақ облыстағы барлық суармалы жері бар шаруашылықтар суды өзеннің өзінен тікелей алады. Қазіргі кезде жерді бөлу тәртібі де өзгерген. Барлық шаруа қожалықтарының жері өзенге тіреледі. Әйтпесе, бірінші алынған жер өзен жағасын түгел жайлап алып, қалғандары өзеннен қашықтап кетсе, тағы тиімсіз. Сондықтан өзенге әркімнің-ақ бар таласы. Дегенмен қазір транзиттік режимге бағынатындай су көріп отырған жоқпыз. Бар су там-тұмдап төменге жіберіледі немесе өзен арнасынан ауыспайды. Қалай болғанда да ешкім сусыз қалмау керек.

Ал жоғарыда айтылған судың ағысына кедергі келтіретін өткелдерді бұзу керек. Жасыратыны жоқ, арғы беттегі ауылдар жабайы өткелдер арқылы өтеді. Демеушілікпен салынған өткел, көпірлердің барлығы бірдей заңды емес. Дегенмен тіршілік тоқтамайды. Халық судан өтуі тиіс. Астына екі су өткізгіш труба қойып, үстін құммен бітей салатын өткелдердің ғұмыры бір жылдық қана. Көбін су шайып кетеді. Ал енді ол жерге көпір салу қаншалықты тиімді? Есептеп қарасаң, көпірдің құнын ауданның бюджеті көтере бермейді. Әрі ол көпірден өтетін халық санына байланысты. Сол себепті Үкімет тиімсіз жерлерге қыруар ақша шаша бермесі анық. Ал жаңағы өткелдер лекердің қамы. Мінеки, өзен бойындағы ауылдардың мәселесі жалғыз суы ғана емес. Өткелдер судың ағысын тежейді. Оны бұзсақ, халықтың қатынасына қиындық келтіреді. Бұл — бөлек тақырып.

Сонымен, өзеннің тағдыры айналып келгенде Тәңірдің тамшысына тіреліп тұр ма? Бөгеттерді бұзып, бұлақтардың көзін ашқанымен бүлкілі аз, ағысы нашар. Жерасты суының да қаша бастағаны ма? Тіпті облыстағы өзен-көлі жоқ өңірлер 80-120 метр тереңдіктен ұңғыма құдық қаздырып, малы да, жаны да сол судан ішіп отыр. Облыс бойынша жалғыз Ойыл өзенінің ғана кенезесі кеуіп отырған жоқ. Жыл сайын болмағанымен, 4-5 жылда бір айналып соғатын тасқынға да зар болып қалмасақ жарар еді…

Самат НАРЕГЕЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button