Жаңалықтар

Жаңа кодекс күшіне енеді

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс — Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына тірек болатын басты құжат. 1 шілдеден бастап күшіне енетін кодекс төрт бөлімнен тұрады.

— Оның негізгі екі бөлімі — әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу. Әкімшілік рәсімдерді реттеу бөлігінде мынадай ережелер көзделген. Біріншіден, мемлекеттік органдарға ғана емес, сонымен қатар басқа да органдарға билік өкілеттіктері берілгенін ескере отырып, жаңа  «әкімшілік орган» ұғымы енгізіледі. Егер мемлекеттік емес субъект азаматтардың құқықтарын іске асыруға бағытталған шешімдер қабылдауға уәкілетті болса, ол кодексте белгіленген кепілдіктерді сақтауға міндетті. Бұрын «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңда мемлекеттік орган жеке және заңды тұлғалардың арасындағы қарым-қатынасты реттейтін.  Ал кодекс күшіне енген сәттен бастап, билік пен әкімшілік фнукциялары бар мемлекеттік емес субъектілердің қызметінде де жеке және заңды тұлғалардың қарым-қатынасы реттеледі, яғни кодекс мемлекеттік  емес ұйымдар мен азаматтардың қарым-қатынасын реттейтін болады,  — деді облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Айгүл Жақсыбек.

Жаңа кодекске сәйкес азамат тек арыз беріп қана қоймай, сонымен қатар оны қай мемлекеттік органның қалай қарап жатқаны жөнінде толық қадағалауға, ол туралы ақпарат алуға мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ өтініш иесі мемлекеттік органдардың қайтарған жауабына қанағаттанбаса, одан жоғары тұрған органға шағым келтіруге, шешім қабылдаған мемлекеттік органды сотқа беруге құқығы бар. Тұрғындардың мәселесіне жүрдім-бардым қарап, оларды әуре-сарсаңға салғандар жауапқа тартылады. Шағымдану кезінде шешімдердің немесе жауаптардың негізділігін мемлекеттік орган дәлелдейді. Бұл ретте жаңа әкімшілік соттар құрылады.

1 шілдеден бастап қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер, атап айтқанда «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңдар өз күшін жояды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button