Басты жаңалықтар

Баспанаң бар ма, бауырым?

Баспана — тұрғындардың тұрмыс сапасының басты көрсеткіші. Елдің əлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін маңызды басымдық берілген салалардың да бірі — осы.

«Ақтөбе» газеті еліміздегі тұрғын үй саясаты, баспана алу бағдарламалары жөнінде ұдайы мақалалар жариялап тұрады. Сондықтан болар, оқырман тарапынан да осы тақырыпқа қатысты сұрақтар жиі келіп түседі. Бүгін оқырманның бір топ сұрағын мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының негізгі операторы — «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы — «Отбасы банкінің» облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің 1-санатты маманы Мақсат Заитовқа қойған едік:

  • Атымда баспанам бар. Екінші пәтер алғым келеді. Бірақ «7-20-25», «Нұрлы жер» секілді кейбір бағдарламаларға қатысу үшін атыңда мүлде баспана болмауы керек. Жақында шыққан «Ұмай» бағдарламасында мұндай талап жоқ екен. Осы туралы білсем деп едім?

Мақсат Заитов:

— «Ұмай» әйелдер ипотекасын алуға өтінімдерді қабылдау еліміз бойынша 12 сәуірден басталған-ды. Ипотека шарттары мынадай: бағдарламаға қатысатын әйел адам кәмелеттік жасқа толған, Қазақстан азаматы болуы керек. Оның отбасылық айлық табысы 320 000 теңгеден аспауға тиіс. Баспананы бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да алуға болады. Сонымен бірге несиені үлестік келісім бойынша да, жөндеу мақсатында да рәсімдеуге болады.

Ай сайынғы кірісі 200 000 теңгеге дейінгі қыз-келіншектер үшін берілетін несиенің ең жоғары сомасы сатып алынатын тұрғын үй құнының 85%-ына тең, кірісі 200 001-ден 320 000 теңгеге дейінгі қыз-келіншектер үшін сатып алынатын тұрғын үй құнының 80%-ына тең. Несие жылдық 12 пайызбен беріледі, несие сомасының 50%-ы жинақталғаннан кейін 3,5%-ға дейін төмендейді. Несие 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Несие рәсімдеген кезде меншігінде басқа үйінің бар-жоғына шектеу қойылмайды.

Егер несиені үй жөндеуге алатын болсаңыз, қарыз алушы жөндеу жүргізетін үйдің иесі болуы керек. Үй жөндеу үшін берілетін қарыз мөлшері 3,7 млн теңгеге дейін. Ол 10 жылға беріледі. Отбасының максималды кірісі 320 000 теңгеден аспауы керек.

  • Әскери салада жұмыс істеп келе жатқаныма 7 жылдай болды. Жеке баспанам жоқ. Үш балам бар. Бізге тұрғын үй төлемін төлейді. «Әскери баспана» бойынша мамыр айының басында өтініш беруге үлгере алмай қалдым. Енді бұл бағдарлама қай уақытта болады? Және оған қатысу үшін қандай да бір шектеулер бар ма?

Мақсат Заитов:

— Биыл «Әскери баспана» бағдарламасына қатысуға өтінімдерді онлайн-қабылдау 17 мамыр күні басталған болатын. Бүгінге дейін бұл бағдарламаға қатысуға  еліміз бойынша 700 өтінім қабылданды. Қазіргі сәтте өтінім қабылданбайды. Дегенмен қам жемеңіз. Келесі өтінім маусым айында қабылданады. Алғашқылардың бірі болып өтінім бергіңіз келсе, «Отбасы банкінің» сайтына кіріп, өтінімді алын ала  беру туралы нұсқаулықпен танысып алыңыз.

«Әскери баспана» бағдарламасы тұрғын үй төлемдерін алатын әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне арналған.

Бұл бағдарлама бойынша несие 8%-бен беріледі. Кейін несие сомасының 50%-ы жинақталғаннан кейін 3,5%-ға дейін төмендейді.

Бастапқы жарна — 15%. Әскери отбасы мүшелері неғұрлым көп болса, несие мөлшері соғұрлым жоғары болады.
Егер сіздің депозитіңізде пәтер құнының жартысы болса, сіз пәтерді веб-сайтқа жүгінбей-ақ сатып ала аласыз. Ол үшін сізге несие алуға банк бөлімшесіне келу қажет. Несиенің максималды сомасы 90 млн теңгеге дейін.
Мамыр айында өтінім берген бағдарлама қатысушылары несие алу үшін 16 шілдеге дейін (60 күнтізбелік күн) банк бөлімшесіне келуі қажет.

  • Мен 50/50 бағдарламасы бойынша «Отбасы банкі» арқылы баспана алғым келеді. Естуімше, тұрғын үй құнының 50 пайызын жинаса, қалған 50 пайызын жылдық 5 пайызбен қарызға рәсімдеуге болады екен. Алайда менің банктен депозит ашқаныма 5-6 ай болды. Жақында қаржы кеңесшісіне 5 пайызбен несие алғым келетінін айтқанда: «Бағалау көрсеткіші жоғары болуы үшін кемінде депозитке үш жыл бойы ақша салуыңыз керек. Ал дәл қазір үй алатын болсаңыз, 7-8,5 пайызбен аласыз», — деп түсіндірді. Соны жазып алмаппын. Бағалау көрсеткіші деген не? Оны қалай жоғары қылуға болады?

Мақсат Заитов:

— «Отбасы банкінің» кез келген салымшысы бағалау көрсеткіші (БК) туралы білгені жөн. Бағалау көрсеткіші — сіздің қаржылық тәртібіңіздің көрсеткіші. Бағалау көрсеткішінің мәні неғұрлым жоғары болса, соманың  несие бойынша мөлшерлемесі соғұрлым төмен болады.
Егер сіз үш жыл ішінде шартта (депозит туралы сертификат) көрсетілген сома бойынша ай сайын қаражат салып, депозитті уақтылы толтырған болсаңыз, бағалау көрсеткішіңіз 16-ға тең болады. Яғни бағалау көрсеткішіңіз кем дегенде 16-ға жеткен кезде тұрғын үй заемын жылдық 5%-бен және несиені төлем қабілеттілігін растамай ала аласыз. Егер 16-дан асса, одан да төмен мөлшерлемемен несие аласыз. Біздің банктегі ең төменгі мөлшерлеме — жылдық 3,5% (жылдық тиімді несие  беру мөлшерлемесі — 3,6%).
Бағалау көрсеткішін көтерудің бірнеше шарты бар: депозитке мерзімінен бұрын жарна салып тұру керек, егер салымшы салымды уақтылы толтырмаса, БК мәні өспейді; жинақтаудың бастапқы кезеңінде депозитті шартта көрсетілгеннен артық сомаға толтырса, БК мәні ұлғаяды; 3 жылдан көбірек уақыт жинаңыз, егер сіз 3 жыл өткеннен кейін де сол депозитте ақша жинақтауды жалғастырсаңыз, БК мәні өсе береді.

  • Менің депозитімде бағалау көрсеткішінің мәні төмен. Дегенмен үйді үш жыл күтпей, қазір 7-8 пайызбен емес, бірден 3,5-5 пайызбен алғым келеді. Оның қандай жолдары бар?

Мақсат Заитов:

— Ол үшін сіз «Отбасы банкінің» сайты арқылы бағалау көрсеткіші жоғары басқа салымшының сатылымға шығарған депозитін сатып алуыңызға болады. Мұны «онлайн табыстау» деп айтамыз. Кейбір салымшылар депозитін жапқысы келеді, бірақ тұрақты толтырылып тұрған, сыйақы мөлшерлемесі бар депозитті сатуды ұйғарады. Сатып алушы мен сатушыға банкке келудің қажеті жоқ, депозитті сатып алу/сату бойынша барлық операциялар онлайн режимінде жасалады.
Депозитті сатып алу/сату қалай жүзеге асырылады?

Алдымен сатушы өз депозитін сату туралы хабарландыруды https://online.hcsbk.kz сайтындағы интернет-банкингте жариялайды; депозит сатып алғысы келетін клиент «Отбасы банкіне» ағымдағы шотты алдын ала ашады және толықтырады, содан кейін депозитті сатып алуға өтінім береді, (депозитті брондайды); жүйе сатушыға сатып алушы табылғаны жөнінде хабардар етеді және салымды беру туралы келісімге қол қоюды талап етеді (смс-код арқылы онлайн); сатып алушы салымды сатып алу туралы келісімге қол қояды (смс-код арқылы онлайн); екі тарап келісімге қол қойғаннан кейін сатушының шотына қаражат аударылады; бұдан әрі депозитті сатып алушыға қайта рәсімдеу жүргізілетін болады; онлайн табыстау аяқталды.
Табыстау уақытында депозиттегі сыйақы сомасы 8 000 теңгеден кем емес, тыйым (арест) салынбаған, үшінші тұлғаның төлем талабы қойылмаған депозиттерді сатуға, сатып алуға болады.
Депозитті сатып алу/сату процесіне интернет-банкингте тіркелген және ағымдағы шоты бар отбасы банкінің клиенттері ғана қатыса алады.

  • Баспана алғым келіп, пәтер қарап жүрмін. Бірақ жалақы мөлшеріне байланысты қанша теңгенің үйін алатынымды білмеймін. Осы ретте банкке барып, ең қымбат дегенде қанша миллион теңгенің үйін алуға болатынын есептетуіме бола ма?

 Мақсат Заитов:

 — Әрине, болады. Несие бойынша алдын ала мақұлдау алу уақыт үнемдеуге септігін тигізеді. Алдын ала мақұлдауды онлайн форматта да, офлайн форматта да алуға болады. Онлайн форматта алғыңыз келсе,  www.hcsbk.kz сайтына кіріңіз, экранның  оң жақ бөлігіндегі пернелер қатарында бейнеқоңырау пернесін  басыңыз. Бірнеше минут ішінде сіз  несие бойынша ай сайынғы төлем сомасын және қандай көлемдегі несие берілетіндігін нақты біле аласыз.
Несие бойынша алдын ала мақұлдауды банк кеңесшілерінен де алуға болады.
Ол үшін ең жақын орналасқан кеңес беру орталығына бара аласыз
немесе банк кеңесшісін үйіңізге/кеңсеңізге шақыра аласыз.
Банк кеңесшісі сізге несие бойынша алдын ала төлемдерді есептеп қана қоймай, несие рәсімдеу үшін құжаттарды да қабылдай алады.
Алдын ала мақұлдаудан өту кезінде сізде анықтамалар мен басқа да құжаттар болуы міндетті емес, өтініш берушінің/ерлі-зайыптылардың жеке куәлігі болса жеткілікті.

  • Мен бірнеше жылдан бері далалық әкімдікте көпбалалы ана ретінде кезекте тұрмын. Қандай бағдарлама бойынша пәтер ала аламын? Айлық табысым оған жете ме? Жалпы, кезекте тұрған адамдар үшін қандай бағдарламалар бар?

Мақсат Заитов:

— Бұл сұраққа нақты жауап алу үшін баспанаға қолжетімділік сатысын қарауға болады. Ең бастысы кезекке тұрған азаматтың отбасындағы адам басына шаққандағы табысы қаншалықты екенін білу керек. Осыдан келіп ол азаматтың қандай бағдарламаға қатыса алатынын айтуға болады.
1. Табысы бір адамға шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын (34 302 теңге) немесе мүлдем табысы жоқ (жұмыс жасамайтын) кезекте тұрған азаматтарға әкімдіктерден сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беріледі. Кезекке сай, тек әкімдікте кезекте тұрған азаматтар пәтер ала алады.
2. Табысы бір адамға шаққанда 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен
(106 336 теңге) аспайтын отбасыларға «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй сатып ала алады. Мысалы, отбасында екі адам болса, жалпы табыс көлемі  212​ 672 теңгеден аспауы керек.
Бұл бағдарламаны «2-10-20» деп те атайды (2% — қарыз бойынша мөлшерлеме, 10% — бастапқы жарна, қарыз мерзімі 20 жылға дейін). Аталған бағдарламаға көпбалалы, толық емес отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспананы алғашқы және қайталама нарықтан да сатып алуға болады.
3. Табысы 3,7 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (126 917 теңге) аспайтын әкімдікте кезекте тұрған салымшылар «Нұрлы жер» немесе «Шаңырақ» бағдарламасына қатыса алады.  2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша несие 5 пайызбен 20 жылға беріледі, бастапқы жарна — 20 пайыз.

Бұл бағдарлама бойынша Ақтөбе қаласында «Нұр Ақтөбе» ауданында салынған жаңа баспаналарды алуға болады. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша несие 5 пайызбен 20 жылға беріледі, бастапқы жарна — 10 пайыз. «Шаңырақ» бойынша алғашқы нарықтағы кез келген құрылысы біткен дайын ​немесе тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдігі бар құрылысы бітпеген​ үйлерден пәтер алуға болады.
​Бұл бағдарламалар бойынша ​ негізгі талаптары: қатысушы әкімдікте кезекте тұруға тиіс, жеке тұрғын үйі және соңғы бес жылда оны иеліктен шығару фактілері болмауға тиіс және тұрақты табысы болуы керек.

P.S. Оқырман тарапынан түскен сұрақтар әлі де баршылық. Алдағы уақытта «Отбасы банк» өкілдерімен тағы да сұхбат жүргізіп, оларға жауап беретін боламыз. Сұрақ жолдаңыздар.

Жазып алған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button