Басты жаңалықтар

Бюджет қалай игерілді?

Облыстық мәслихаттың кезекті үшінші сессиясы отырысында 2020 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы және салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы мәселе қаралды.

Сессияға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқарма басшылары қатысты.

2020 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы және облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаев баяндады. Ол 2020 жылға арналған облыстық бюджет түсімдері жоспар бойынша 235,3 миллиард теңге сомасында, ал іс жүзінде 247,7 миллиард теңге немесе 105,3% орындалғанын айтты.

— 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылғы облыстық бюджет түсімдері республикалық бюджет трансферттері есебінен 51,6 миллиард теңгеге (26,3%-ға) өсті, — деді баяндамашы. — Салықтық түсімдер 39,1 миллиард теңгені (15,8%), салықтық емес түсімдер 4,4 миллиард теңгені (1,8%), негізгі капиталды сатудан түсетін кірістер түсімдері 0,3 миллиард теңгені (0,1%), трансферттер түсімдері 203,9 миллиард теңгені (82,3%) құрады.

Кірістер түсімдерінің жалпы сомасындағы ең үлкен үлесті республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер құрайды. Негізінен, облыстық бюджеттің кіріс бөлігі шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық жүктемесінің төмендеуіне байланысты шығындарды өтеуге арналған трансферттер бөлу есебінен асыра орындалды.

2020 жылы 6 рет нақтыланған облыстық бюджеттің шығыстары 294,7 миллиард теңгені құрады.

Жалпы 2020 жылы облыс бюджетінің көлемі 355,0 миллиард теңгені құраса, оның ішінде облыстық бюджеттің шығыстары 294,6 миллиард теңге деп есептелді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша барлық ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілді, жалақы бойынша шығыстарды уақтылы және толық қаржыландыру қамтамасыз етілді, мемлекеттің қабылданған барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалды.

Депутаттарға 2020 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуын бақылау нәтижелері туралы баяндаған Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы бюджетті жоспарлау және атқару кезінде уәкілетті органдар мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан бюджет жүйесінің толықтығы, дәйектілігі, нәтижелілігі, негізділігі, уақтылығы және тиімділігі қағидаттарын сақтамау фактілеріне жол берілгенін атап өтті.

— 2020 жылы тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізбеу бойынша облыстық бюджеттің атқарылу сапасына бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жекелеген кемшіліктері әсер етті, — деп атап өтті баяндамашы. — Бюджет параметрлерін бірнеше рет нақтылауға және түзетуге қарамастан, 64,8 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын толық игеру қамтамасыз етілмеген.

Тексеру комиссиясы 2020 жылы 151 объектіде 12 аудиторлық іс-шара жүргізді. 12,6 миллиард теңгеге бюджеттік және өзге де заңнаманы бұзушылықтар анықталды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша 32 мемлекеттік аудит объектісінде 5 миллиард 888 миллион теңге тиімсіз пайдаланылған.

2020 жылға арналған бюджеттің атқарылуы туралы есеп бойынша бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияның қорытындысы туралы баяндай отырып, оның төрайымы Сұлупан Шынтасова: неғұрлым тән кемшіліктер — қаржы ағынын тиімді басқару болып табылмайтындығын, жекелеген жағдайларда бюджеттік бағдарламалардың кейбір әкімшілері арасында қаржылық тәртіптің төмендігі, бюджет қаражатының шығыстарын үнемі дұрыс жоспарлау, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінен тиісті бақылаудың және сұраныстың болмауын атап өтті.

— Біздің басты міндетіміз бюджет шығындарының тиімділігі болуға тиіс деп есептейміз. Сондықтан нәтижелерге қол жеткізуге баса назар аудара отырып, бюджеттің атқарылуын «игеру» санаттарымен бағалаудан бас тарту қажет, — деп пікір білдірді ол.

Есептерді тыңдағаннан кейін депутаттар облыс әкімдігінің есебін бекітуді, тексеру комиссиясының есебін назарға алуды және басқаларымен қатар, облыс әкімдігіне тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізе отырып, бюджет қаражатын тиімді және нысаналы пайдалану бойынша бақылауды күшейтуді, бюджет қаражатын басқару жөніндегі мемлекеттік мекемелер қызметінің тиімділігіне сапалы бағалау жүргізуді қамтамасыз етуді, сонымен қатар шығыстарды сапалы жоспарлауды және бюджеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ететін облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері басшыларының жауапкершілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.

Сессияда депутаттар қараған тағы бір маңызды мәселе 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау болып табылады. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева облыстық бюджетті нақтылау мемлекеттік органдардың ішкі резервін қайта бөлу бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайту, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша үнемдеу есебінен жүргізілетінін еске салды.

— Нәтижесінде 2021 жылы 11 миллиард теңге қайта бөлінеді. Бюджет комиссиясында барлық шығындар жан-жақты зерделеніп, егжей-тегжейлі талқыланғанын тағы да атап өткім келеді, — деді ол.

Бұл қаржының негізгі үлесі Nur Otan партиясының жол карталарын іске асыру шеңберінде қосымша қаржыландыруға тиесілі, олардың орындалуы ел басшылығының бақылауында.

Қаражат, атап айтқанда, облыс пен Ақтөбе тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен, таза ауызсумен және газбен қамтамасыз етуге жұмсалады. Ақтөбе қаласында инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және абаттандыру, білім беру сапасын жақсарту, денсаулық сақтау объектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, мәдениет және спорт салаларын дамыту, кәсіпкерлікті және басқа бағыттарды дамыту бойынша бірқатар жобалар іске асырылатын болады.

Сессияда Ақтөбе қаласының әлеуметтік маңызды қатынастарының тізбесін анықтау, Темір және Байғанин аудандарының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістерге қатысты мәселелер қаралды.

Депутаттар сондай-ақ жер учаскелері жекеменшікке берілген кезде олар үшін төлемақының базалық мөлшерлемелеріне өзгерістер енгізу, жасыл екпелерді күтіп ұстау және қорғау, облыстың қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларына, ауылдық жерлер мен кенттерге, аудандық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау мәселелерін талқылады, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, бейімделген емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру үшін Ақтөбе облысы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емделу кезінде тұрақты тұратын елді мекеннен тыс жерлерге жергілікті бюджет қаражаты, облыс әкімдігінің дербес құрамы есебінен тегін жол жүруді ұсыну мәселелерін қарады.

Сессияда сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин депутаттарға жемісті жұмысы үшін алғыс айтып, барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне 2020 жылға арналған бюджетті іске асыру барысында жіберілген қателіктерді ескеріп, 2021 жылы барынша нәтижеге қол жеткізу үшін барлығын жасауды тапсырды.

Ж.ЖҰБАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button