Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Сапасыз жөнделген жолдар қабылданбайды, мердігерлерге талапты күшейту керек

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Ойыл және Темір аудандарына барып, ондағы әлеуметтік нысандардың жай-күйімен, жол құрылысымен танысты.

«Суармалы жерлерді көбейту — басты мақсат»

Атқарушы билік өкілдері алдымен Ойыл ауданына қарасты Саралжын ауылдық округінде болды. Мұнда барлығы 2154 тұрғын бар. Құрамына Кемер, Ақкемер, Шиқұдық, Бестамақ, Қоңырат елді мекендері кіретін округте бүгінгі таңда 3 ЖШС, 39 жеке кәсіпкер, 45 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Солардың бірі — 20 жылдан бері асылтұқымды қойларды өсірумен айналысып келе жатқан «Нұр-Асыл» шаруа қожалығы. Шаруашылық иесі Аманғали Өмірғалидың 1 мыңнан астам асылтұқымды еділбай қойы бар. 5 ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» қаржылай қолдау қоры арқылы 9,5 миллион теңгеге техникаларын жаңартып, сол арқылы кәсібін кеңейтуді көздеген ол Шопаната тұқымдарын көрсетті, жоба-жоспары көп екенін тілге тиек етті.

Саралжын  ауылдық округінің әкімі Абат Мүбараковтың айтуынша, ауылда асылтұқымды қой өсіруге ден қойған екі шаруашылық бар. Қойдың төліне қазірдің өзінде өзге аудандардан сұраныс бар, яғни бір жыл бұрын болашақ иесімен келісім жасалып қойылады екен. Ал мал басы 300-ден асса, мемлекеттен субсидия беріледі. Сол сияқты мал азығын дайындаумен айналысатындарға да осындай демеу бар.

Осы аумаққа есімі кеңінен танымал, мал және егін шаруашылықтарымен қатар айналысатын Спартак Төремұратовтың да кәсібі көрсетілді. «Спарта» шаруа қожалығының иелігінде 1600 гектар аумақ бар, оның 130 гектары — суармалы жер. Жылда қарбыз егіп, Ақтөбе қаласында бақша өнімдерін сататын кәсіпкер қазіргі таңда мұндағы суармалы жерге инфрақұрылым тарту жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл — 30 гектар жерге жоңышқа мен көкөніс егу үшін жасалып жатқан жұмыстар. Осы бағытта бірталай тәжірибесі бар ол енді жемшөп өндірісін де дамытып, жаңа технологияларды іске асырмақ. Яғни бұрынғыдай қолмен суарылмай, алдағы уақытта барлығы автоматты түрде жасалады. 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруа осы мақсатта атқарылған іс-шаралармен таныстырды.

— Ойыл ауданында шаруашылық түрлері жақсы жолға қойылған. Ауа райы да қолайлы. Халқы еңбекқор. Тек заманға сай технологияларды пайдалану жағы кемшін. Осыған ерекше мән беру керек. Өйткені бұл алдымен өздеріңізге керек, өнім көлемі ұлғаяды. Әрі уақыт жағынан да үнемдейсіздер. Соны ескеріңіздер.

Біздің мақсат — суармалы жерлерді мейлінше көбейту. Аудан әкімдері бұған басты назарды аударуы керек. Сондықтан осы жұмысты ыждағаттаңыздар, — деп ескертті Оңдасын Сейілұлы орынбасары Жақсығали Иманқұлов пен аудан әкімі Асқар Қазыбаевқа.

Ойыл ауданының әкімі өз сөзінде Саралжынға әкімдік ғимараты мен спортзал салу туралы жоспарымен бөліссе, кәсіпкер Спартак Төремұратов ауылға мешіт керектігін атап өтті.

Одан соң өңір басшысы бастаған топ Ойыл ауылындағы орташа жөндеуден өткен Н.Оноприенко көшесінің жайын тексерді. Бұл жерде қазіргі таңда 108,5 миллион теңгеге аудан орталығындағы ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын барлығы 5 көшенің (жоғарыда аты аталғанмен бірге Тапалова, Дүсіпов, Байғанин, Еркінов көшелері) қалыпқа келтіріліп жатқаны баян етілді.

Сапар барысында билік өкілдері аудан орталығындағы су жаңа аллеяға да соқты. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ойылдық дәрігерлердің бір күндік жалақысы, демеушілердің есебінен салынған демалыс орнында орындықтар қойылған, шағын гүлзары бар.

— Былтыр қиыншылықтар көп болды. Әлемді жайлаған коронавирус инфекциясы бізді де тығырыққа тіреді. Бірақ осы дәрігерлердің арқасында бірталай адамдарымыз жазылып шықты. Сырттан келіп ешкім емдеген жоқ, бәрі жергілікті кадрлардың арқасы. Сондықтан медицина қызметкерлеріне құрметіміз бөлек. Оларды қолдау мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Ел Президенті де осыған ерекше маңыз беріп отыр. Ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға, дәрілердің қорына өз деңгейінде көңіл бөлініп жатыр. Жалақы да өсті. Ендігі сіздердің міндеттеріңіз — жұмыстарыңызға аса жауапкершілікпен қарау. Біз сіздерге сенеміз, — деген Оңдасын Оразалин аллеяға шырша ағашын егіп, аудандық орталық ауруханасына атымтай жомарттардың қаражатына алынған құрылғыны табыс етті. Сондай-ақ жергілікті мамандарға санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қадағалауды күшейтуді, тұрғындар арасында екпеге қатысты түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Өз кезегінде Ойыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев ақ халаттылардың атынан алғысын айтып, қызметкерлердің барлығы тәжірибелі екенін, биыл ұжымның бірнеше жерлес жас маманмен толығатынын қосты. Артынша 2 мыңнан астам азаматтың вакцина алғанын хабарлады.

Жолдың жыры қашан бітеді?

Облыстық маңызы бар «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк» автокөлік жолының жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Биыл аталған тасжолдың 10 шақырымы жөнделмек. Жауапты —  «Ақпан-2030» ЖШС. Екі жолақты жолдың ені – 7 метр. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы өкілдерімен жұмыс сапасын тексерген Оңдасын Оразалин асфальтбетон жабындысының талапқа сай екеніне көз жеткізді. Бірақ жұмысты тапсыру уақыты жағынан кемшіліктер бар.

— Өңірде жүзеге асырылып жатқан барлық жол жөндеу жұмыстары — менің үнемі бақылауымда. Өйткені бұл Ақтөбе үшін өзекті мәселелердің бірі. Жергілікті компания екенсіздер, жерлестеріңіздің көзіне кейін тура қарай алатындай жұмыстарыңызды сапалы етіп жасаңыздар. Бюджеттен осы мақсатта қыруар қаражат бөлініп жатыр. Сіздердің міндеттеріңіз — жұмыстарыңызды сапалы әрі уақтылы аяқтау. Егер бұл болмаса, өз қаржыларыңызға бәрін қайта жасайсыздар. Жұмыстың сапалы орындалуын арнайы құрылған жол активтері сапасының ұлттық орталығы да бақылауға алуы керек. Халықтың сынына қалмайтындай етіп жасаңыздар. Аудан әкімдігіне де мұндағы жұмыстарды бақылауды күшейтуді тапсырамын. Сонда ғана жақсы нәтижеге жетеміз, — деді облыс әкімі.

Облыстық​ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдан білгеніміздей, аталған жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталуға тиіс.

Түс ауа Ш.Берсиев атындағы ауылдық округтегі «Ақжол М» шаруа қожалығында болды. Шаруашылықта 150 ірі қара мал бар, оның 88-і — асылтұқымды сауын сиыр мен 80 жылқы. «Сыбаға», «Қарапайым заттар экономикасы» сынды мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған қожалық 16,5 миллион теңгеге несие алып, «ҚазАгроқаржы» АҚ қаржысына МТЗ-1 тракторын сатып алған.

Айта кетейік, ресми деректерге сүйенсек, 1930 жылы құрылған Ойыл ауданында жыл басындағы дерек бойынша 18577 адам тұрады. 22 елді мекеннен тұратын  7 ауылдық округтен құралған. Сол 22 елді мекеннің тек 2-уі көгілдір отынға қосылыпты.  Ал орталықтандырылған ауызсу 14 елді мекенге жеткен.

Қызылжар — қарқынды дамып жатқан шағын аудан

37 мың халқы бар Темір ауданына жұмыс сапары Алтықарасу ауылдық округінен басталды. Мұнда 2 мектеп-балабақша, 2 медициналық пункт, 2 кітапхана, негізгі  мектеп, ауылдық дәрігерлік амбулатория, Мәдениет үйі, ауылдық  клуб пен мешіт жұмыс істейді. Облыс әкімі аталған ауылға кіретін «Шұбарқұдық-Ойыл» автомобиль жолының жағдайын қарады. Былтыр тамыз айында пайдалануға берілген жолға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 68,1 миллион теңге бөлінген.

Аудан орталығы — Шұбарқұдық кентінде де біраз ілкімді істер бар. Айталық, жаңадан салынған Қызылжар шағын ауданында 16 пәтерлі екі қабатты үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мердігер — «Спарта и КО» ЖШС нысанның құрылысын биыл қараша айында тәмамдауға уәде беріп отыр. Бұған 132,1 миллион теңге аударылған. Өңір басшысы тұрғын үйді тапсырарда жаяу жүргіншілер жолы, тұрғындар демалатын һәм спортпен айналысатын алаңды салып үлгеру керектігін атап өтті. Өйткені адамдардың жайлы ортада өмір сүруі — басты талап.

Жыл басында кенттің жоғарыда аталған шағын ауданында ашылған «Ар-Амир» супермаркеті туралы «Ақтөбе» газетінде бұған дейін жазылды. Ірі сауда кешені «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жұмысын бастады. Мұнда 27 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер Алтынбек Мұстафин  иелік ететін супермаркетте әлеуметтік жағынан маңызды азық-түліктердің 19 түрі тиімді бағамен сатылып жатыр. Сауда орнының жанындағы ғимаратта кондитер және нан өнімдері пісіріледі. Су жаңа супермаркетте сауда жасаған Оңдасын Оразалин кәсіптің көзін тапқан іскер азаматқа сәттілік тіледі.

Сонымен қатар былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жаңарған Шұбарқұдық балалар музыка мектебіне де жол түсті. Бұл мекеме туралы да біз өткен айда кеңінен жазғанбыз. Қазіргі таңда 340 баланың білім һәм өнер ұясының 40 жылдан астам тарихы бар. Шәкірттерді шығармашылыққа баулып отырған байырғы орталыққа алыс-жақын ауылдардан арнайы келетіндер бар.

— Облыстық білім басқармасына қарасты Шұбарқұдық балалар музыка мектебі — өнер атаулының бастауы, жас ұрпақты музыкаға баулумен қатар, оларға рухани-мәдени тәрбие беріп, кішкентай таланттарды кәсіби жағынан шыңдайтын киелі шаңырақ. Мұнда 2 фортепиано, 5 баян, 11 домбыра, 1 қылқобыз, 1 прима қобыз, 6 вокал, 3 хор, 1 хореография кластары жұмыс істейді. Осы мамандықтар бойынша сабақ беретін музыка мамандарының саны 20-дан асады. Ұлттық музыкаға басымдық беретін өнер ордасына ұл-қыздар көптеп келеді. Мемлекет бекіткен тарифке сәйкес оқу ақысы қолжетімді. Мысалы, фортепианода ойнап үйренемін деушілер айына 822 теңге, басқа үйірмеге қатысушылар 411 теңге төлейді. Содан болса керек, аудан орталығындағы орта мектеп пен Алтықарасу ауылында филиалдарымыз бар, — дейді Шұбарқұдық балалар музыка мектебінің директоры Нәбира Ешімқұлова.

Оның айтуынша, былтыр жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, музыкалық аспаптар, ұлттық сахналық киімдер алынған. Яғни мемлекеттік қолдау бар.

Музыка мектебі, әрине, ең бірінші кезекте шәкірттерімен мақтанады. Соңғы 3 жылдың қорытындысын есепке алсақ, 200-ден астам оқушы халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атаныпты. Бұлардың ішінде «Ақ көгершін», «Шырқа, сырнай», «Үкілі домбыра», «Айналайын», «Бақытты бала», «Мен де жұлдыз боламын» сынды ұдайы ұйымдастырылатын сазды сайыстар да бар.

Қала мен далаға теңдей қамқорлық

Сол жерде Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, жыл басталғалы өнеркәсіп көлемі 105,4 пайыз, ауыл шаруашылығы 103,3 пайыз, құрылыс 118,3 пайыз, сауда 103,8 пайызды құрап, 5,9 миллиард теңгеге инвестиция тартылыпты.

Биыл елді мекендерде ангар типтес екі спорт кешені салынбақ. Ал Шұбарши ауылында 60 орынға шақталған интернаты бар 320 орындық мектеп тұрғызылып жатыр. Сонымен бірге 4 елді мекенде көпфункционалды ойын алаңдары бой көтереді деп күтілуде. 5 ауылда сумен жабдықтау, 6 ауылда газбен жабдықтау

жобалары жүзеге асырылады. Шағын және орта бизнес саласына келсек, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 14 жобаны, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша он жобаны іске асыру жоспарланып отырғаны айтылды. Қысқаша есепті тыңдаған Оңдасын Оразалин инвестиция тарту жұмыстарын жандандыра түсуді тапсырды.

Темір қаласында орналасқан «Ақбөпе» шаруа қожалығы да назарға ілікті. Былтыр «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 28 миллион теңгеге несие алып, үйірі 58 жылқымен толыққан Мұратбай Үмбетов тағы да мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгініпті. Биыл ол 72 миллион теңгеге «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 100 асылтұқымды «Шароле» ірі қара малын сатып алған.

— Украиналық «Шароле» тұқымын алуымның себебі, біздің климатқа төзімді. Әрі басқалар сияқты көп ауырмайды, етті мал.

Жемшөпке субсидия алып жатырмын. Болашақта осы мал шаруашылығынан мол пайда көремін деген ойдамын. 2012 жылы атакәсіпке түбегейлі бет бұрдым. Негізінен, жастайымнан малға жақынмын, — дейді 55 жастағы Мұратбай Үмбетов.

Соңғы жылдары Темір-Кеңқияқ тасжолының бойындағы жасыл желекке де қамқорлық айтарлықтай жақсарған. 1478 гектар алқапты көгалдандыру жұмыстары 2010 жылы басталған-ды. Өткен жылы 212 гектар алқапқа қарағаш, үйеңкі, шаған, қараған, т.б. көшеттер егілген. Алдағы уақытта мұндағы 6 мың гектар алқапты орманға айналдырып, 10,2 миллион көшетті жайқалту жоспарда бар.

— Біздегі орман шаруашылығының аумағы 77 мың гектардан асады. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, орман алқабын көбейтуді мақсат етіп отырмыз. Жоспар — 6 мың гектар орман егу. Ол үшін 5 жылда 10 миллион көшет өсіруіміз керек.

Келесі айда бір трактор жеткізіледі. Жалпы, 2016 жылдан бері техникамыз біртіндеп жаңартылып жатыр, — дейді Темір орман шаруашылығының директоры Сабыржан Молдағұлов.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Ақтөбе-Ойыл-Темір-Ақтөбе.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button