Жаңалықтар

Қауіпсіздік — басты назарда

Енді мектептер мен орта және жоғары оқу орындарында «Тіршілік қауіпсіздігінің негіздері» атты пән білім беру бағдарламасына енуі мүмкін. Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасы су айдындарында балалардың жазатайым оқиғаларының алдын алу мақсатында қалалық білім бөліміне осындай ұсыныс білдірген.

Бұл туралы Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жөніндегі қалалық комиссияның отырысы барысында айтылды. Сондай-ақ басқарма мамандары қалалық денешынықтыру және спорт бөліміне қаладағы бассейндерде балаларды тегін жүзуге үйрету мүмкіндігін қарастыруды ұсынған. Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері Жанболат Төлепбергенов өз баяндамасында төтенше жағдайлар басқармасының мамандары полицейлермен бірлесіп шомылуға тыйым салынған орындарға рейд жүргізгенін, нәтижесінде 43 орын анықтағанын айтты. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 10 жағажайдың бірқатар проблемалық мәселелері талқыланды.

Стихиялық шомылу орындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар басқармасы құтқарушылар санын арттыруды ұсынды. Құтқарушы болған адамға еңбекақы төленеді, ал бұл жұмысқа адамдарды жұмыссыздар қатарынан тарту жоспарлануда. Көп ұзамай өзендердің жағасында шомылуға тыйым салатын белгілер мен баннерлер орнатылады. Сондай-ақ жиын барысында жағажай иелеріне балаларға арналған модульдік бассейндер орнату ұсынылды.

Құтқарушылар ата-аналарды барынша сақ болуға, балаларды қараусыз қалдырмай,  судағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін сақтауға шақырады. Сондай-ақ  тұрғындарға мас күйінде суға шомылуға және  тексерілмеген, жабдықталмаған  жерлерге суға түсуге болмайтынын ескертеді.

Қала әкімі тұрғындар өмірінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында төтенше жағдайлар және жергілікті полиция басқармасы басшыларына жағалауды патрульдеу және рейд жасау кестесін әзірлеуді, соның ішінде атты патрульдеуді ұйымдастыруды тапсырды.
Отырыс соңында ұйым және кәсіпорын басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button