Өңірдегі мәселелерді шешу жолдары талқыланды
Ақтөбе қаласындағы «Дулат» мейрамханасында «Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы мен облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ерікті ұлттық шолуды талқылау және халықтың пікірін ескере отырып, тұрақты даму мақсаттарының басым міндеттерін айқындау» тақырыбында семинар өтті.
Шараға жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар, сондай-ақ кәсіпкерлер қатысты.
Семинардың мақсаты — кедейлікті жою, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы күрес, сондай-ақ экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған жобаларды түсіндіру, халықтың пікірін тыңдау.
Шарада «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ мамандары жиналғандарға «Тұрақты даму мақсаттары: іс-әрекетке шақыру» тақырыбында дайындаған материалдары мен «Қазақстанның тұрақты даму саласындағы ерікті ұлттық шолу» жобасын түсіндірді.
Семинарда белсенді қатысушылар мамандар ұйымдастырған ойындар арқылы өз пікірлерін білдіріп, әлеуметтік, экологиялық, т.б. проблемаларды шешу жолдарын ұсынды.
— Бүгін біз, экономикалық зерттеулер институтының мамандары, «Миссия-2030» іскерлік ойыны арқылы Ақтөбе өңіріндегі проблемаларды анықтау, қатысушылардың проблемаларды шешу жолдарын тыңдау мақсатында осындай басқосу өткізіп жатырмыз. Семинарға жергілікті мемлекеттік органдардың да өкілдері қатысып отыр. Бұл шара болашақта осы өңірдегі бірқатар мәселелердің шешілуіне түрткі болады деп ойлаймыз. Бұған дейін мұндай семинарды еліміздің өзге де облыстарында өткіздік. Қызығушылық танытқандар көп, — деді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ тұрақты даму мақсаттары бойынша хатшылық директорының орынбасары Ерлан Каримов.
Д.ҚАЗИХАН.