Жаңалықтар

Сағираның сәукелелері

Ұлттық нақыштағы киімдерді тігіп, қазақы қолөнер бұйымдарын дәріптеушілердің бірі —шалқарлық тігінші Сағира Ізімова. Жолдасы Мейрамжан екеуі 2018 жылы дәстүрлі киім үлгілері мен әшекей бұйымдарын әзірлейтін жеке ательесін ашты. Жыл өткен сайын олардың кәсіптері де жанданып келеді. Ине ұстауға Мейрамжан да икемді, әсіресе,  былғарыдан тігілетін бұйымдарды дайындаумен тігіс арқылы матаға жазудың шебері. Келіншегі Сағираның көпке танылуына он саусағынан тамған өнері мен еңбекқорлығы себепші. Осыдан 16 жыл бұрын Шалқар топырағына келін болып түсісімен ол майлы бояулармен қабырға суреттерін, автопортреттер салып, тапсырыстар қабылдағаны бар. Осы өнерімен талай көрмелерге қатысып, суретшілер бәйгелерінде бірнеше мәрте топ жарды. 2011 жылы «Жастар нашақорлықсыз өмірді таңдайды!» атты облыстық байқауда бас жүлдені жеңіп алуы, Шалқар ауданының 80 жылдық мерейтойында жеке сурет көрмесін ұйымдастырып, көптің ықыласына бөленуі оның суретшілік қырының бір жемісі болатын.

— Туған жерім — Мәртөк ауданына қарасты Хазірет ауылы. Ине мен оймақты жастайымнан серік еттім. Анам Шұғадан тігін тігуді, ұршық иіріп, тоқыма тоқуды ерте үйрендім. Сурет салатын да өнерім бар. Әсіресе, табиғаттың тамаша көрінісін ақ параққа түсірген өзіме өте ұнайды. Алайда есейгендегі мамандық таңдаудағы шешімім музыка пәнінің мұғалімдігіне тұрақтады. Әу демейтін қазақ бар ма, ән айту да сүйікті ісім. Осы жоғары білімді мамандығыммен Шалқардағы №4 орта мектепте оқушыларға музыкадан сабақ бердім. Бәрібір мен қолөнерге деген қызығушылығымнан алыстай алмай, бос уақытымда тоқу мен тігуді ермек ете бердім.

Негізінен, сурет салып та табыс табуға болады. Қылқаламмен кестеленген шынайы туындыны бағалайтындар баршылық. Алайда «медальдың да екі жағы бар» дегендей, мен осы бояу жұмысының денсаулыққа кері әсерін сезіндім. Бес баланың анасы ретінде басты байлықтың маңыздылығын ойлап, тігіншілік өнерімді дамытуды мақсат тұттым. Бала күтімі кезінде үйде бос отырмай сәукеле, қарсы ілгек, тұмарша, сырғаларды ұсақ моншақтармен көмкеріп жасай бастадым. Бар уақытың мен көз майыңды тауыса отырып әзірленетін бұл бұйымдарға да сұраныстың аз болмайтындығы байқалды, —дейді Сағира Хабдулақызы.

Ол осы ісін ілгерілету үшін «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының «Бастау-Бизнес» жобасымен оқып, сертификат алады. Алайда Үкіметтен қарастырылған түрлі бағдарламалардың жеңілдігіне әлі жүгіне қоймапты. Әу баста «Каспий банкі» арқылы несиеге екі тігін машинасын алып, кейін олардың қатарын көбейтеді.

Ұлттық нақыштағы киімдер осы жерден қалауындай әзірленетін болғандықтан жылда Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесі қарсаңында Сағираның ательесі қауырт жұмысқа кіріседі. Былайғы күндерде де балабақша бөбектері киетін қазақы киімдерден бастап, зерлі камзолдар, қыз ұзату бұйымдары, той қоржындары, ұлттық реңктегі той көйлектері, есімдері жазылған бетперделерге дейін тапсырыстар түсіп тұрады.

Бұл бүгінде екі адамды жұмыспен қамтып отырған Сағираның шеберханасына бір жақты баға беруіміз емес. Шалқарда өзге де тігін цехтары бар, бірақ ұлттық нақыштағы киім тігу үшін ине сабақтап, көз талдыратындары сирек. Ал тақырыбымызға арқау болған сәукелені жасауға көптің қолы бара бермейді. Бұл орайда Сағира әріптестерінен осы сәнді баскиімдері арқылы ілгері тұр десек болады.

— Сәукеле жасаудың да өз қиыншылықтары бар. Оған, біріншіден уақыт керек, біреуін әзірлеудің өзіне кем дегенде он күнің, кейде екі апта уақытың кетеді. Әртүрлі ұсақ моншақтарды жіпке дәлдікпен тізу үшін көру қабілетің де жақсы болуы керек.

Алайда сәукелелелерге сұраныс жақсы. Қыз ұзатуға той иелерінен бөлек, той студияларынан да тапсырыстар болып тұрады. Біз тұтынушының талғамы бойынша әзірлейміз, безендірілуіне қарай оның жасалу құны да әртүрлі. Бұны баскиім ғана емес, сән-салтанаттың, салт-дәстүріміздің бір озық үлгісі деп ұғынған жөн. Бұрын сәукелені алтынмен аптап, күміспен күптеп, ақ киізден немесе арасына қыл салып сырылған матаны шетін құндызбен, кәмшат терісімен көмкере тіккен. Інжу-маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп әшекейленген. Қазіргілердің де жасалу жолдары осындай, тек салмағында сәл айырмашылық болар. Көбі матасының қалыңдығына емес, көзтартар моншақтардың жиілігіне аса мән береді, — дейді тігінші.

Өркениетті қоғамға ұмтылған тұста қазақы киiм үлгілері де заманына сай дамығаны дұрыс. Десек те ұлттық киім ұлт бейнесі екені қаперімізден шықпауы керек. Бұл — сәукелеші Сағираның да басты қағидасы.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button