Жаңалықтар

«Біз Димаштың туған тілін үйренгіміз келеді»,— деп, мексикалықтар қазақ тілін үйреніп жүр

Мексикадағы Қазақстан елшілігіне сол елдің астанасы — Мехико қаласының бір топ тұрғыны хабарласып, қазақ тілін үйрететін курс ашуды сұраған.

Бұл жөнінде «Хабар» телеарнасының журналисі Еркін Байғабылұлы өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды. Журналистің жазбасында: «Дипломаттарымыз қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтың себебін сұраса, «Димаштың фанатымыз, жақсы көретін әншіміздің ана тілін үйренгіміз келеді», — деп жауап беріпті. Бұдан кейін елшілік дереу үш айлық қазақ тілі курсын ұйымдастырады. Мехиколықтар қазақ тілін испан тілінде түсіндіріп оқытуды сұрайды. Сәтіне қарай, дипломаттарымыз Назарбаев университетінде қызмет атқарып, қазақ тілін үйреніп алған мексикалық Сандра Абила атты бойжеткенді тауып, курсты жүргізу жөнінде өтініш білдірген», — делінген.

Үш ай бойы 100-ге жуық мехиколық Сандра Абиладан қазақ тілін үйренген. Енді олар елшіліктің қызметкері Алғаш Оспановқа хабарласып, «қазақ тілін бір жыл бойы оқысақ» деген өтініш айтып жатыр екен. Осыған байланысты елшілік «Отандастар» қорының мамандарымен бірлесіп, қазақ тілін оқыту курсын ұйымдастыруға кірісіп кетіпті.

Димаштың арқасында осылайша алыс құрлықтағы Мексика елінің тұрғындары да қазақ тілін үйренуге құлшыныс білдірген. Бұған дейін мексикалықтар ғаламторда бейнеролик арқылы Димашты өз елдерінде концерт беруге шақырған болатын. Оларға жауабында әнші: «Жақында сіздермен міндетті түрде кездесеміз деп үміттенемін», — деген еді. Әншімен кездесуді асыға күтіп жүрген мексикалықтар оған деген ілтипаттарын қазақ тілінде жеткізуді армандайтын секілді…

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button