«Jas Otan» жастар қанатында жаңа төраға
«Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының кезектен тыс ІХ конференциясы онлайн түрде өтті.
Шараға «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев және әртүрлі деңгейдегі мәслихатқа сайланған жас депутаттар, «Jas Otan» жастар қанатының қалалық, аудандық бөлімше басшылары, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жастар ресурстық орталығының басшылары қатысты.
Жиында «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы қызметіне Nur Otan партиясы облыстық филиалының саяси жұмыстары бөлімінің консультанты Әнуар Искарин сайланды. Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағжан Тілегенов Әнуар Есімханұлының жұмысына сәттілік тіледі. Бұған дейін бұл қызметті атқарған Асылжан Бүркіталин «Jas Otan» жастар қанаты төрағасының орынбасары қызметіне ауысқан болатын. Жиында Нұржан Жетпісбаев ақтөбелік жасотаншылардың жұмысына оң баға берді.
— Ақтөбе облысында кадрлық өзгерістер болып жатыр. Асылжан Бүркіталин орталық аппаратқа ауысты. Бұл — ақтөбелік жасотандықтарға берілген баға. «Jas Otan» жастар қанаты түрлі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда. Осы шаруаларды Әнуар Есімханұлы бастаған жастар әрі қарай жалғастырады. Сайлау науқанында 900-ден астам ерікті жұмыс жасады. «Адагерлерді ардақтайық», «Біз біргеміз» жобалары қолға алынды. Пандемияға байланысты елімізде әлі де көмекке мұқтаж адамдар бар. Партиямыз қиын кезеңде жұмылып жұмыс жасады. Бұл шаруалар әлі де жалғасады. Ақтөбелік жасотандықтар бұл жолы да өз үлесін қосатынына сенімдімін, — деді Нұржан Жетпісбаев.
Жиында жастар атқарылған жұмыстарды айтып, жоспарларын ортаға салды. Мәселен, пандемияға байланысты облыстағы жасотандықтар жұмыс бағытын өзгертіп, қиын жағдайда қалған тұрғындарға көмек көрсетті. Осылайша 510 жасотандық 10 000 отбасына азық-түлік себетін апарды. Ал Ақтөбе қаласы, Темір және Хромтау аудандарының еріктілері өздері бетперде тігіп, таратты.
Сондай-ақ жасотандықтар Nur Otan партиясының басты саяси жарысы — Nur Otan партиясының праймеризінен тыс қалмады. Осы науқанда 460 кандидат Ақтөбе облысынан болды. Оның 129-ы — 29 жасқа дейінгі жастар.
Кәмшат ҚОПАЕВА.