Жаңалықтар

Өрт оқиғалары тіркелді

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы берген мәліметке сүйенсек, 2021 жылғы алғашқы өрт оқиғасы 3 қаңтар күні Қобда ауданында тіркеліпті. Қобда кентіндегі  тұрғын үйде газ баллоны жарылып, екі адам түрлі дәрежеде жарақат алған.

Құтқарушылар аталған мекенжай бойынша  дереу жіберілді. Оқиға орнына келгенде үйдің кіреберісінде 5 литрлік газ баллонының жарылғаны анықталды. Өртті сөндіруге жергілікті өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 8 адам мен 1 техника жұмылдырылды. 30 шаршы метрді алған өрт 14 сағат 40 минутта сөндірілді.

— Оқиға кезінде 1986 және 1989 жылы туған 2 ересек адам зардап шекті, әртүрлі дәрежеде жарақаттанған. Қазіргі уақытта зардап шеккендер Ақтөбе қаласына ауыстырылды. Ал 1989 жылы туған азамат Қобда аудандық орталық ауруханасында. Медициналық көмек көрсетілуде. Екі зардап шегушінің де жағдайлары бірқалыпты, — делінген хабарламада.

Ал 4 қаңтар күні  18 сағат 50 минутта Ақтөбе қаласы, Набережная көшесіндегі жеке үйдің жанып жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен. Қалалық өрт сөндіру бөлімшесі оқиға орнына келгенде гараждың жанғанын және өрттің гараждағы BMW автокөлігіне ауысқаны анықталды. Өрт сөндіру кезінде құтқарушылар жанып жатқан гараждан 3 газ баллонын шығарды. Өрт 19 сағат 30 минутта 55 шаршы метр алаңда толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.

Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы биыл мереке күндеріндегі отшашудан бірде-бір өрт оқиғасы тіркелмегендігін айтады.  Сондай-ақ олар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін және өрт шыққан жағдайда дереу 101, 112 телефондарына қоңырау шалу керектігін ескертеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button