Жаңалықтар

Облыс әкімі О.Оразалиннің қатысуымен өткен тікелей эфирге Ақтөбе қаласы мен аудандардың тұрғындарынан келіп түскен сұрақтарға берілген жауаптар

— Темірге жазда интернет жүйесі жүргізілді. Әлі қосылған жоқ.

Зағи Айтжанова, зейнеткер

— Ағымдағы жылы Ақсай және Темір елді мекендеріне 4G жылдамдығы бар интернет желісі жүргізілді. Алайда елді мекендегі жоғарғы жылдамдықтағы интернет жүйесін орнатқысы келетін ниет білдірушілердің үйлері орналасуына  және тағы да басқа өзіндік ерекшеліктеріне қарай дербес қаралып орнатылады.

— Кірпішті-Ақжар тасжолы қашан жөнделеді?

Бөлекбай Жолай

— «Кірпішті ауылындағы Елек өзенінен өтетін көпірден «Ақтөбе-Орск» автомобиль жолына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту» жобасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Жобаны жүзеге асыру 2021 жылғы нысандар тізбесіне енгізілді.

— 2017 жылы жаңа үйдің кілті тапсырылды. Енді үйді заңдастыра алмай жүрмін.

Сарманов Амангелді

— Сарманов Амангелді мемлекеттік тұрғын үй қорынан   тұрғын үй алу үшін кезек тізіміне тіркелмеген.

Қолданыстағы  ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-бабына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана тұрғын үйге мұқтаж осы елді мекенде (тұру мерзіміне қарамастан) тұрақты тұратын азаматтарды кезекке қою 6 санат бойынша жүргізіледі.

  1. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
  2. Жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  3. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары;

– Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;

– 1 және 2-топтағы мүгедектер;

– Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;

– Заңдарда белгіленген тәртіппен бекітілген аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратын адамдар;

– Жасына қарай зейнетке шыққан зейнеткерлер;

– Оралмандар;

– Экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;

– Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары;

– Толық емес отбасылар;

  1. Көпбалалы отбасылар;
  2. Мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар;
  3. Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.

Сарманов Амангелді жоғарыда көрсетілген санаттардың біріне жататын болып, Ақтөбе қаласында тіркеуде болса және соңғы 5 жылдың ішінде жеке меншігінде тиесілі тұрғын үйі болмаса ғана тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізіміне тұруға өтініш бере алады. Өтініш беру үшін барлық қажетті құжаттарды жинақтап Халыққа қызмет көрсету орталығына жолығуды ұсынамыз.

— Ембі-Қандыағаш жолы қашан жөнделеді?

Бірмағамбетов, Ембі ауылы

— «Орталық-Батыс» халықаралық дәлізіне кіретін «Ембі-Қандыағаш» учаскесінің жолын жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қаржыландыру болған жағдайда құрылыс жұмыстары басталатын болады.

— 20 автобус уақтылы қатынамайды

Әзенова Гүлдара

— Қазіргі таңда қалалық бағытта жолаушылар тасымалдайтын «Автопарк» ЖШС-на қарасты №20 «Оңтүстік Батыс е/м – Пушкин саябағы» бағытына «Паз» маркалы күнделікті 5 автобус 21-22 минут қозғалыс аралық уақытпен жолаушыларға қызмет көрсетуде. Автобус техникалық себептерге байланысты желіден шығып кеткен жағдайда қозғалыс аралық уақыттары ұзап кетуі мүмкін. «Автопарк» ЖШС-на 20 «Оңтүстік Батыс е/м – Пушкин саябағы» бағыт автобусындағы жолаушылар легінің аздығы, бағыттың шығынын өтей алмағандықтан «Әлеуметтік маңызды жолаушылар тасымалдарын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға» ұсынылды. Алдағы уақытта тасымалдаушыға бюджет қаражаты есебінен субсидия төленген жағдайда негізгі сипаттамасына сәйкес қызмет көрсететін болады.

— 2008 жылы жерге кезекке тұрғанмын, әлі берілмеді.

Қаратбиев Ержан, Шалқар ауданы

— Бүгінгі таңда тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін 2007 жылғы кезек бойынша берілуде. 2008 жылғы кезек бойынша жер учаскелерін 2021 жылдың 2 жартыжылдығында берілу жоспарлануда.

— Қызы, әйелі мүгедек. Теміржол күзету мекемесінде себепсіз жұмыстан қысқартылған.

Сейітов, Шұбарқұдық кенті

— 2020 жылдан бастап ҚТЖ стационарлық объектілерін қорғау бойынша бірқатар қызметтер бәсекелестік ортаға көшірілгені анықталды. Осыған байланысты стационарлық объектілерді тікелей Шұбарқұдық елді мекенінде күзету үшін күзетшілердің лауазымдары  қысқартылуы көзделді. Г.Х. Сейітов өз шағымында денсаулығы бойынша мүгедектер болып табылатын оның асырауындағы отбасы мүшелеріне қатысты (әйелі: Ш.М.Далеткереева – 1965 ж.т., қызы: Сейітова А.Г. – 1992 ж.т.) жазған болатын. ҚР Еңбек Кодексінің 54-бабының 2-тармағына сәйкес 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы анасыз тәрбиелейтін адамдармен жұмыс берушінің бастамасы бойынша ҚР Еңбек Кодексінің 52-бабы 1-тармағының 2-тармағында (қызметкерлердің санын немесе штатын қысқарту) көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.

Еңбек шарты бұзылғаннан кейін «ӘТЖК» АҚ-ның қабылданған ұжымдық шартына сәйкес Г.Х. Сейітовке  бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде 313 431 теңге көлемінде өтемақы төленді. Шұбарқұдық елді мекеніндегі стационарлық нысандарды күзетуге арналған күзетшілердің штатын қысқарту процедурасынан кейін барлық қысқартылған күзет, соның ішінде Г.Х. Сейітовке бос жұмыс орындары «ӘТЖК» АҚ Ақтөбе қаласындағы филиалының басқа бөлімшелерінде ұсынылды.

Бұл ретте Г.Х. Сейітов «ӘТЖК» АҚ филиалы ұсынған лауазымдардан бас тартты, сонымен бірге  «ӘТЖК» АҚ-ның Ақтөбе қаласындағы филиалынан бәсекелестік ортаға бұрын өткізілген объектілерге күзет қызметтерін ұсынатын «MusakhanSecurity» ЖШС-да жұмыс істеуге ниет білдірді.

«ӘТЖК» АҚ Ақтөбе қаласындағы филиалы ұсынылған құжаттар бойынша  (соның ішінде ЕШ-н  тоқтату туралы бұйрықты, қысқартулар туралы хабарламалар мен бос лауазымдарға ұсыныстарды және басқа құжаттаманы) талдауға сәйкес заңды тұлғаның іс-әрекетінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу, яғни Г.Х. Сейітовты  жұмыстан заңсыз қысқарту  анықталмады.

— Әкесі ұстаз болып қызмет еткен. Әкесіне ескерткіш тақтайша қою туралы сұрайды.

Дәулетов Марат

— «Мемориалдық тақталарды орнатуға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 26 мамырдағы №149 бұйрығы негізінде Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен жүзеге асырылады.

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес қызметті алушы төмендегідей құжаттарды  қағаз түрінде немесе электронды түрде («электрондық үкіметтің» веб-порталы www.egov.kz, www.elicense.kz) басқармаға тапсыруы қажет.

  1. Аса көрнекті тұлғаның сіңірген еңбегін және/немесе айрықша оқиғаның маңыздылығын, сондай-ақ аса көрнекті тұлғаның тұруын жұмысын, болуын және мемориалдық тақта орнату болжанатын ғимаратта немесе құрылыста болған айрықша оқиғаны растайтын архивтік және өзге құжаттардың көшірмелері;
  2. Мемориалдық тақталар орнату қағидаларының (Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 2 сәуірдегі №77 бұйрығы) 5, 6 және 7-тармақтарында көрсетілген мәліметтер мен талаптарды қамтитын мемориалдық тақтаның эскизі (мемориалдық тақтаның өлшемі 50 х 80, екі метрден төмен емес биіктікте орнатылады);
  3. Қасбеттерінде мемориалдық тақта орнату болжанатын ғимараттың немесе құрылыстың меншік иесінің (иелерінің) немесе өзге де заңды иесінің жазбаша келісімі.

Аталған құжаттар толығымен тапсырылған жағдайда өтініш облыс әкімдігі жанындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссиясында қаралып, шешімі 30 (отыз) күн ішінде беріледі.

— Жерге салық төлейді. Жарық, газ, су жағдайы қашан болады?

Тәңірбай Төлегенұлы

— Қазіргі таңда «Жаңақоныс-4» тұрғын үй массиві бойынша жарық жүйесі қосылып, газ бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы құрылыс бөлімімен жасалуда. Су жағдайы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жерасты су қоры анықталғаннан кейін мүмкін болатындығын хабарлаймыз.

— Автобус мәселесі

Ботиқов Қобай

— Қазіргі таңда қалалық бағытта жолаушылар тасымалдайтын «Автопарк» ЖШС-на қарасты №5 бағытына «Паз» маркалы күнделікті 5 автобус 21-22 минут қозғалыс аралық уақытпен жолаушыларға қызмет көрсетуде. Автобус техникалық себептерге байланысты желіден шығып кеткен жағдайда, қозғалыс аралық уақыттары ұзап кетуі мүмкін. «Автопарк» ЖШС №5 бағыт автобусындағы жолаушылар легінің аздығы, бағыттың шығынын өтей алмағандықтан «Әлеуметтік маңызды жолаушылар тасымалдарын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға» ұсынылды. Алдағы уақытта тасымалдаушыға бюджет қаражаты есебінен субсидия төленген жағдайда негізгі сипаттамасына сәйкес қызмет көрсететін болады.

— Қазақ тілі мәртебесі.

Ерлан Мұхамбетқали

— Облыста тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыс тұрғындарының тілдік сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған жүйелі шаралар  кешені  жүзеге асырылуда. Мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде меңгергендер облыс тұрғындарының үлесі – 94,2%, қоғамдық өмірдің негізгі салаларындағы мемлекеттік тілдің қолданылу дәрежесі – 79,7% әртүрлі деңгейді құрап отыр. Облыста ересек азаматтарды оқытудың толыққанды жүйесі қалыптастырылды. Ақтөбе қаласында және облыстағы орыстілді орта қалыптасқан 6 ауданда мемлекеттік және ағылшын тілін үйрету курстары ұйымдастырылуда. Тілдерді оқыту орталығының «Til – Aktobe.kz» сайты және Вконтакте әлеуметтік желісінде «Дистанционное обучение», «Тілтану» қашықтан оқыту жүйесі енгізілді. Мемлекеттік тілді насихаттау, тілдерді үйрету процесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында балаларға арналған танымдық сайт, ютуб каналы ашылды. Жүйелі шаралар арқасында облыста тұрақты тілдік ахуал қалыптасып отыр. Зерттеу қорытындысына сәйкес облыс тұрғындарының басым бөлігі мемлекеттік тілді меңгеру үшін барлық жағдайлар жасалған (96,2%), тілдік себептерге байланысты құқығымыз бұзылмауда (96,5%) деп есептейді.

— Махамбет (ВОХР) ауданындағы үйлер қашан көшіріледі?

Самал

— 2017 жылы көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбе қаласындағы өзен бауырайларында және жақын орналасқан бау-бақша ұжымдары мен елді мекендер су басу аумағында қалды. Осыған орай, өндірістік аймақ жанындағы су басу және санитарлық-экологиялық аумақ болып саналатын  ауданда орналасқан «ВОХР», «Новостройка-2» (Махамбетовка), тұрғын массивтері және «Строитель-1», «УВД-4»   бау-бақша ұжымдарын қауіпсіз аймаққа көшіру үшін Сазды ауылдық округі аумағынан «Жаңа тұрмыс» тұрғын массивінің 523 участокке егжей-тегжейлі жоспары дайындалды. Тұрғын массивіне коммуникация (газ, жарық, су) желілерін жүргізуге жұмыс жобалары дайындалды. Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға «Жаңа тұрмыс» тұрғын үй алабының инженерлік-коммуникациялық желілерінің (газ-электр-сумен жабдықтау) құрылысы аяқталып, мердігер мекеме тарапынан кемшіліктер жойылуда. Сонымен қатар 2019 жылдан бастап «Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-сі тарапынан «ВОХР», «Новостройка-2» (Махамбетовка), тұрғын массивтері және «Строитель-1», «УВД-4»  бау-бақша ұжымдары тұрғындарына  жер бөлу мәселесі бойынша арыз қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

— Сазды ауылындағы жарық мәселесі

Исенова Нұрша

— Көше жарығы Сазды ауылына 2021 жылға қаржы бөлінуіне байланысты жоспарға алынады.

— 41-разьезд ауданы, Қобыланды батыр көшесінде жарық жоқ

Ақзия

— 41-разъезд ауданына көше жарығы 2021 жылға қаржы бөлінуіне байланысты жоспарға алынады.

— Кәсіп ашқым келеді. Көпбалалы анамын, тиімді бағдарлама керек.

Айнұр Есеналиева

— Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыздарға шағын несиелер ұсыну көзделген. Несиелер ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлердің қызметін кеңейту үшін ұсынылады. Несиенің ең жоғары сомасы – 6 500 АЕК (2021 жылға – 18 960 500 теңге) құрайды; Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6%-дан аспайды; Несие мерзімі – 5 жылға дейін;

Несиенің нысаналы мақсаты – айналымдағы қаражатты инвестициялау немесе толықтыру; Негізгі борыш және есептелген сыйақы бойынша жеңілдік кезеңі – оператордың шешімі бойынша несиенің мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Оператор – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры».

Толық ақпарат алу үшін Әбілқайыр хан даңғылы, 51-1, тел. 90-83-19, мекенжайы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» жүгінуге болады.

— Қазақауыл шағын ауданына жаңа саябақ, таза ауызсу керек.

Сейітов Ғалымжан, Темір ауданы Шұбарқұдық кенті

— Шұбарқұдық кентінің Қазақауыл шағын ауданында 2019 жылы балалар ойын алаңы салынды. Қажеттілігіне қарай саябақ орнын белгілеуде қарастырылатын болады. Жол мәселесі бойынша қазіргі таңда аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімімен жобалық-сметалық құжаттамасы өтіп, 2021 жылдың жоспарына екі көшеге асфальт төсеу көзделіп отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта ауызсумен қамтамасыз етілуі де жоспарлануда.

— Ақтөбе-Қандыағаш тасжолы жөндеуден өтсе.

Нәсіпқали Иғалиев

— Ағымдағы жылы «Ақтөбе-Қандыағаш» бағытындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолын қайта жаңартуға мердігер мекеме нақтыланды. Жұмыстар 2021 жылы жалғасын табады.

— Көмек керек, жағдайы нашар, жалғызбасты анамын.

Гүлнар Жұмабаева

— Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 2020 жылдың 1 қаңтар айынан бастап жанұяға кіретін кіріс жан басына шаққанда белгіленген күнкөріс деңгейінің 70%  яғни (2020 жылдың IV тоқсанына 22908 тг кедейшілік шегінен) аспаған жағдайда мемлекет атаулы көмек алуға жүгінуге құқылы. Жан басына шаққандағы орташа табыс атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеп шығарылады. Атаулы көмек алу құқығы тоқсан сайын табыстар туралы құжаттардың табыс етілуі арқылы расталады. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесіне сәйкес отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде құрамында бірге тұратын, ортақ шаруашылықты жүргізетін және тұрғылықты жері бойынша бір елді мекен төңірегінде тіркелген отбасының барлық мүшелері ескеріледі. Сонымен қатар мемлекет тарапынан біржолғы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен болғанда көрсетіледі және әлеуметтік   көмек көрсету мүмкіншілігі арнайы комиссия отырысында қаралады. Өмірлік қиын жағдайлардағы азаматтарға, егер жолыққан сәттің алдындағы тоқсанда отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы Ақтөбе облысы бойынша төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен 1 еседен аспаса, әлеуметтік көмек көрсетіледі.

2020 жылдың 3 тоқсанына  күнкөріс  деңгейі  – 32725 теңгені құрайды.

— Ақдәулетова Жайнагүл, Ырғыз ауданынан үй керек. Жас отбасы, 2 баласы бар.

Тұрсынбек Шүлтіков

— Ырғыз ауданы бойынша тұрғын үй кезегіне жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша 25.12.2013 жылы тіркеліп, қазіргі уақытта №39 кезекте екендігін хабарлаймыз.

— Қарабұлақ ауылында жол бітпеген. Сапасы өте нашар. Қашан дұрысталады?

Жарқынбек Маденов

— Алға-Қарабұлақ ауданаралық автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарының мердігері «Ақтөбе-ГорДорСтрой» ЖШС. Жолдың ұзындығы 40 км. Жобаның жалпы құны 930,8 млн теңге. 2016 жылы 163,1 млн теңге, 2017 жылы 397,1 млн теңге, 2018 жылы 248,6 млн теңге қаражат бөлініп, жалпы 808,8 млн теңге қаражатқа 31 км. жол асфальттанды. 2019 жылы Алға-Қарабұлақ автомобиль жолының қалған 9 км жөндеу жұмыстарын жалғастыруға 100,0 млн теңге бөлінген болатын. Алайда, мердігер сметалық құжаттамалардың ескіруіне байланысты жөндеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда Алға-Қарабұлақ автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарының сметалық құжаттамалары қайта есептеліп, сараптамаға жолданды.

— Байғанин ауданы Алтай батыр ауылына газ қашан келеді?

Айтжан Нұралы

— ҚР Энергетика министрі Н. Ноғаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында облысы әкімдігімен халық саны  1 700 адамнан асатын Байғанин ауданының Алтай батыр, Ебейті ауылдарын газға мәселесі көтерілген болатын. Кеңес барысында аталған ауылдарға жақын орналасқан кен орындарын пайдаланушы компанияларға өз қаражаты есебінен көрсетілген ауылдарды газдандыру тапсырмалары берілді. Қазіргі таңда компаниялар тарапынан газдандыру мүмкіндіктері қарастырылуда.

— «Ақтөбе» футбол клубы жайында.

Арыстан (журналист)

— «Ақтөбе» футбол клубы Қазақстан Премьер-Лигасына мерзімінен бұрын шығуды қамтамасыз ете отырып, қойылған міндетті орындады. Келесі маусымды клуб Премьер-Лигада бастайды. «Ақтөбе» ФК құрылымына бірден бірнеше бөлімшелер кіреді, олар бір бюджетпен қаржыландырылады: негізгі команда, қосалқы команда, шағын футбол клубы, шағын футболдан жасөспірімдер командалары, екі әйелдер командасы, 700-ден астам бала білім алатын 14 жас топтары бар футбол орталығы, 16 аудандағы футбол орталықтары, 32 адамнан тұратын футбол орталығының жаттықтырушылар штабы. Негізгі командаға клубтың жалпы бюджетінен шамамен 870 миллион теңге жұмсалады. Қазіргі бюджеттен (2 миллиард теңге) бұрынғы футболшылар, жаттықтырушылар штабы, түрлі жеткізушілер алдындағы қарыздар, салық бойынша қарыздар, жалпы сомасы 700 миллион теңге өтелді. Биылғы жылы «Ақтөбе» ФК орталық стадионды сенімгерлік басқаруға алғаны маңызды.Барлық тиісті қаржылық шығындар (қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық шығындар, алаңды ұстау бойынша шығындар) енді «Ақтөбе» ФК бюджетінен қаржыландырылады. Осы маусымда клубтың барлық қарыздары жабылды. Осылайша біздің клуб 2021 маусымын қарыздарсыз, соның ішінде ауыспалы міндеттемелерсіз бастайды.

— Жерұйық ауылына қашан газ келеді?

Жолдасов Азамат

— Ақтөбе облысының елді мекендерін газдандыру жоспарына сәйкес елді мекендерді газдандыру жұмысы жүргізілуде. Бағдарламаға сәйкес негізгі бағыт бірінші кезекте аудан орталықтарын, қалалық агломерацияларды, шағын қалаларды, даму әлеуеті жоғары ауылдарды газбен қамтамасыз етуге бағытталған. Облыс елді мекендерін газбен жабдықтау бойынша барлық шаралар қабылданып және газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Бөлінген қаржыға байланысты жүзеге асырылатынын және Жерұйық ауылын газдандыру мәселесі облыс әкімдігімен бақылауға алынғандығын ескертеміз.

— Облыс әкімінің тікелей қабылдауында болғым келеді.

Әшкеев Әмірхан

— Облыс әкімінің 2.11.2020 жылғы №381 қаулысымен бекітілген Ақтөбе облысы әкімдігі мен әкімі аппаратының лауазымды тұлғаларының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау регламентіне сәйкес облыс әкімінің қабылдауына жазуды Ақтөбе облысы әкімі аппаратының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды бақылау бөлімінің қызметкерлері күн сайын жұмыс күндері жұмыс уақытында (9.00-ден 18.30-ге дейін) түскі үзіліспен «электрондық үкімет» веб-порталындағы электрондық құжаттар, қағаз форматтағы, оның ішінде қолма-қол түскен өтініштер немесе бөлімінің қызметкеріне ауызша нысанында келіп түскен өтінімдер негізінде жүргізіледі. Бұл ретте жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі өзінің жеке басын куәландыратын құжатты, ал басқа тұлғалардың атынан өтініш жасаған кезде – олардың мүдделерін білдіру өкілеттігін растайтын құжаттарды көрсетуге тиіс.

Сонымен қатар, мәселенің мәні баяндалмаған жеке қабылдау туралы өтінішті қараусыз қалдырылатынын хабарлаймыз. Қабылдау өтініштің кезектілігі тәртібімен жүргізіледі. Өтініш берушінің келісімімен облыс әкімінің қабылдауы бейнеконференцбайланыс арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Облыс басшылығының қабылдау кестесі мемлекеттік және орыс тілдерінде, облыс әкімдігінің фойесінде (кіру «Айна» СҮ жақтан) және әкімдіктің сайтында ілінген.

— №42, 13 маршруттар көбейтілсе, кондукторлар дұрыс жұмыс жасамайды.

Әбденхалықов Алдан

— Қазіргі таңда «Автопарк» ЖШС №13 «Кірпішті ауылы – Орталық базар», №42 «Ақжар-2 ауылы – Шығыс базары» бағыт автобустарындағы жолаушылар легінің аздығы, бағыттың шығынын өтей алмағандықтан «Әлеуметтік маңызды жолаушылар тасымалдарын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға» ұсынылды. Алдағы уақытта тасымалдаушыға бюджет қаражаты есебінен субсидия төленген жағдайда негізгі сипаттамасына сәйкес қызмет көрсететін болады.

— Ырғыз ауданы Құтикөл ауылына интернет желісі керек.

Тұрсынбек Шүлтіков

— 20.12.2019 жылы Құтикөл ауылына  талшықты оптикалық байланыс желісі Т.Шонанұлы атындағы орта мектеп, «Аманкөл ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі, Аманкөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясы мекемелеріне жүргізілді. Қазіргі уақытта бұл мекемелерде интернет байланысы жақсы. Жеке тұрғындарға интернет байланысын жүргізу үшін тиісті мекеме Шалқар қаласында орналасқан «Магистральдық байланыс және теледидар желісі техникалық торабына» (басшысы – А.Брезе) хат жолданды. Алдағы уақытта осы мекеме тарапынан жеке тұрғындарға интернет байланысы  тартылатын болады.

— Баспана мәселесі әлі шешілмей келеді. Әкімнің қабылдауында болғым келеді.

Иса Сараалтын

— Қызы Қайбалдина Жанар Бақытқызы тұрғын үй кезегіне 2006 жылы желтоқсан айында толық емес отбасы ретінде тіркелген. Бүгінгі күнде бұл кісіге «Нұр Ақтөбе», 19-үйден пәтер беріледі деп жоспарланды.

— «Рауан-2» ауданына газ керек. Осы мәселе қашан шешіледі?

Толғанай Әлішева

— Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуда. 2020 жылдың аяғына дейін газ жүйесін іске қосу жоспарлануда.

— Шалқар ауданының жолы қашан салынады?

Жеңіс Түгелбайұлы

— «Шалқар-Бозой-ӨР шекарасы (Нүкіске)» бағытындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолының 35 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы аталмыш жолдың 45 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

— Бөкенбай батыр, 133-үйде салқын, жылу қашан дұрысталады?

Батырхан Әбдігиев

— «Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ ПИК төрағасы ақпараты бойынша, Бөгенбай батыр көшесі, 133-үй мекенжайы бойынша жылыту мәселесі шешіліп, барлық пәтерлерге жылу беру штаттық режимде жұмыс істейтіндігін хабарлайды.

— Ырғыз ауданы Жаныс би ауылына газ, су керек.

Жұбатхан Махамбетов

— ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан жалпы құны 655,0 млн теңгеге Ырғыз ауданы Жаныс би-Шеңбертал топтық су құбырының құрылысы жүзеге асырылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылға ауыспалы.

2018-2020 жылдары республикалық және облыстық бюджеттерден қаржыландырумен «Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Жаныс би ауылында АГТС және кент ішіндегі газ құбырын орнатып газ құбырын-бұру салу» нысаны жүзеге асырылып, 2020 жылдың желтоқсан айында іске қосылатын болады.

— Заречный-2 көшесінің аты жазылмаған, көшені жарықтандыру, асфальттау керек.

Есенқұлов Сәрсен

— Қаржы қөзінің бөлінуіне қарай сұрағыңыз 2021 жылдың жұмыс жоспарында қарастырылатын болады.

— Баспана кезегінде тұрмын. Пәтер қашан беріледі?

Гүлнұр Рсаева

— Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген кезден бастап тізім ретімен беріледі. Рсаева Гүлнұр мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін кезек тізіміне 2011 жылы мамыр айында «Толық емес отбасылар» санаты бойынша тіркелген. Қазіргі уақытта №1269. Халықтың әлеуметтік осал тобы ішінде №2487 болып тұр.  Жоғарыда айтылғандар негізінде Рсаева Гүлнұр баспана коммуналдық (жалдамалы) тұрғын үйдің салынып және тапсырылу шамасына қарай кезек ретімен берілетін болады.

— Сайлау өткізу барысы қалай болады?

Самат Нұрбаев

— Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалды.

Сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары негізінде тиісті жұмыстарды жүргізетін 14 аумақтық, 517 учаскелік сайлау комиссиялары сайлау науқанына қатысады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға сәйкес Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттары саяси партиялар ұсынатын партиялық тізімдер бойынша сайланады. Қазақстан Халық партиясы, Nur Otan партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «ADAL» саяси партиясы Қоғамдық бірлестіктерінің Ақтөбе облысы бойынша филиалдары облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттығына партиялық тізім бойынша кандидаттарды ұсынды.

2020 жылдың 10 желтоқсаны сағат 18.00-ден бастап саяси партиялар сайлау алды үгіт жұмыстарын бастады. Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда, азаматтарға тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi. Сайлаушылар тiзiмiмен танысу мен сайлау күні арасындағы кезеңде сайлаушы өзінің болу орнын ауыстырған кезде учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушының өтініші бойынша және ол жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлаушыға дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін табыс етедi. Сайлауда дауыс беру жергiлiктi уақытпен сағат жетiде басталып, сағат жиырмаға дейiн өткiзiледi.

— Қызылжар-3 ауданындағы Мұқағали Мақатаев атындағы мектепте интернет жоқ. Жол мәселесі

Махраденов Берік

— М.Мақатаев атындағы №73 жалпы орта  білім беретін мектептің  интернет желісі жұмыс жасап тұр, бірақ  желінің қуаттылығының әлсіздігін тексеру үшін «Қазақтелеком» мамандарына хабарланды. Қазіргі таңда маман-техниктер жұмыстанып жатыр.

— Водохранилище жолы асфальтталды, енді автобус жүрмейді

Дүйсенбаев Қуаныш

— Қазіргі таңда Ясный елді мекеніндегі асфальт жабындысы салынғанымен, жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған жоқ. Ескере кететін жайт, Ясный елді мекеніне қалалық бағытта жолаушылар тасымалдайтын «Автопарк» ЖШС-на қарасты №14 «Теміржол вокзалы – Ясный ауылы» бағытына «Паз» маркалы күнделікті 6 автобус 15-18 минут қозғалыс аралық уақытпен жолаушыларға қызмет көрсетуде.

— Құрашасай «Қанағат» ауылында ұялы байланыс желісі нашар. Тек актив ұстайды. Онлайн оқу қиындау.

Сағиталин

— Ақтөбе қаласының әкімдігімен  қазіргі күні антенна-мачталық станцияларды құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл мачталық станциялар арқылы байланыс операторлары байланыс арналарын күшейту арқылы қала тұрғындарын сапалы мобильді байланыс және интернетпен қамтиды. Осыған байланысты Құрашасай ауылында антенна-мачталық станцияларды құру келесі жылға жоспарланған.

— Ақжар ауданында жарықтандыру мәселесі шешілсе.

Әлімбаев Азамат

— «Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі» ММ  «Ақтөбе қаласының «Ақжар-2» қосалқы станциясының құрылысы» нысанына тапсырыс беруші, бас мердігері «Актобеэлектросетьстрой» ЖШС. Бүгінгі күні аталған нысандардың құрылыс-монтаждық жұмыстары жүргізілуде. Нысанды аяқтау мерзімі – 2021 жыл

— 2017 жылы ауыл шаруашылығы колледжін бітірдім. Мамандығым ветеринар-фельдшер. Мамандығым бойынша жұмыс пен үй берілсе. Қолымда сырқат әкем және қарындасым бар.

Ақылбеков Нұрбек

— Ақылбеков  Нұрбектің мамандығы бойынша еңбек өтілі 3 жыл 3 ай. Қазіргі таңда  орталыққа келіп түскен бос жұмыс орындары ұсынылып, өзінің мамандығы бойынша жұмыс іздейтінін жеткізді. Алайда мамандығы бойынша жұмыс жоқтығына байланысты қайта даярлау курстары туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар бос жұмыс орындар туралы ақпаратты www.enbek.kz ресми сайтының «Электрондық еңбек биржасы» порталынан қарауға және түйіндемесін жариялауға болады. Қосымша мәліметтер ozsp_aktobe инстаграм  әлеуметтік желілерінде жарияланатынын мәлімдейміз.

— Шалқар көлі тартылып бітті. Болашағы қалай болады?

Кәдіров Темірхан

— Көлдің түбінде қалыңдығы 1,2 м-ге дейін жиналған тұнба қабаты бар. Көлдің 30%-дан астамын сулы өсімдіктер алып жатыр. Су пайдаланушылар саны 20-дан 6-ға дейін азайды. 2018 жылы жергілікті бюджет есебінен техникалық-экономикалық негіздеме жасалды, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу 2019 жылы басталды, 2020 жылы аяқталды. Содан кейін жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Алдын ала бағалау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 3,1 миллиард теңгені қажет етеді. Жобаны 2021 жылы Республикадлық бюджеттен 432,0 млн теңгеге қаржыландыру жоспарлануда.

Әйтеке би ауданы Әйке ауылына газ қашан келеді?

Ақылбек

— 2019 жылы «Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Құмқұдық ауылына тартылатын газ құбырын салу» жобасы әзірленіп, мемсараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны 3 286,0 млн теңге.

Жобамен Құмқұдық ауылының газдандырылуы, болашақта Ақтасты, Әйке, Тереңсай, Сұлукөл, Жабасақ ауылдарын газдандыру қарастырылған.

Осыған орай, аталған жоба жүзеге асырылғаннан кейін Әйке ауылының газдандыру мүмкіндіктері қарастырылатын болады.

— «АЗНО» Жаңаөзенге көшейін деп жатыр. 250 адам жұмыссыз қалады.

Мұстафин Қайдар

— Ағымдағы жылдың 30 қарашасында БАҚ-та «АЗНО» АҚ қызметкерлерінің жұмыс орындарын қысқартуды көздейтін Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына зауыттың көшуіне байланысты орын алған толқулар туралы материал шықты. Орын ауыстырудың себебі «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін сорғы штангін ұзақ мерзімді сатып алуға арналған тендерде талап болып табылады, оған сәйкес әлеуетті өнім беруші Жаңаөзен қаласында 155 жұмыс орнын құруға міндеттенеді, бұл жағдайда іс жүзінде барлық өнеркәсіптік өндірісті ауыстыруды көздейді.

Қалыптасқан жағдайға байланысты ағымдағы жылдың 2 қарашасында «Атамекен» ҰКП алаңында Ақтөбе және Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары, «Самұрық-Қазына», «Өзенмұнайгаз» АҚ өкілдері және «АЗНО АҚ директорының қатысуымен селекторлық кеңес өткізілді. Кеңес қорытындысы бойынша зауыт қызметкерлері тарапынан наразылық тудырған талаптарды тендерлік құжаттамадан алып тастау туралы келісілген шешім қабылданды. Мәселе шешілді.

— Ойыл ауданы Көптоғай ауылына газ берілсе.

Светлана

— Ағымдағы жылы «Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Қаратал ауылында тартылатын және кентішілік газ құбырын салу» жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұл жобада Ойыл ауданының Екпетал, Қарасу, Көптоғай, Амангелді, Шұбарши ауылдары үшін газдың көлемі ескерілген. Аталған жобаның жүзеге асыруын қаржыландыру үшін республикалық бюджеттің нақтылауына бюджеттік өтінім ұсынылатын болады.

Сонымен бірге, келер 2021 жылға «Ойыл ауданы Көптоғай ауылына жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысы» жобасын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Жобалаушы мекемені анықтау мақсатында конкурстық рәсімдер жүргізілетін болады. Қорытындылай келе, «Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылына жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысы» жобасын жүзеге асыруға қаражат бөлінген жағдайда Ойыл ауданының Көптоғай ауылын газдандыру мүмкіндіктері қарастырылатын болады.

— Белогорка – Бекқұл баба грейдер тасжолы аяқталған жоқ. Ауылға кіретін жол жоқ.

Жұматаев Бисенғали

— Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 2021 жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады.

— Әйтеке би ауданы Белқопа ауылы газға қосылама?

Есенов Анарбек

— Хромтау ауданы әкімдігі «Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Тасөткел, Ақбұлақ ауылдарында тартылатын және орам ішіндегі газ құбырын салу» нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын бөлінген қаржыға байланысты жүргізуде. Нысанды аяқтау мерзімі 2021 жыл. Аталған жобада Әйтеке би ауданының Белқопа ауылы үшін газдың көлемі ескерілген. Ағымдағы жылы Әйтеке би ауданының Белқопа ауылын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, конкурстық рәсімдер нәтижесінде жобалау мекемесімен келісімшарт жасалды. ЖСҚ әзірлеуді аяқтау мерзімі 2021 жыл. Аталмыш жобаға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған соң республикалық және облыстық бюджеттік комиссияларының қаралуына ұсынылады. Бюджет комиссияларының оң шешімі шыққан жағдайда жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары жүзеге асырылатын болады.

— Қарлау ауылына газ беріле ме?

Арғынбаев Әбунасыр

— 2019 жылы Хромтау ауданы әкімдігімен «Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Қарлау ауылының тартылатын және орамішілік газ құбырын салу» жобасына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны 363 417,0 мың теңге. Хромтау ауданы әкімдігімен облыстық және республикалық бюджеттік комиссияларының қарауына бюджеттік өтінім ұсынылатын болады.

WhatsApp желісі арқылы түскен сұрақтар

— Саламатсыз ба! Сұрағым: Рауан ЖМ газ тарту жұмысы қашан аяқталады, биыл газ беру аяқтала ма? Жарық қашан келеді?

Қала тұрғыны

— Жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда.

— Менің қызым үй кезегінде тұр, қандай көмек бересіз, баласы бар, жалғызбасты ана. Өзі 3-топтағы мүгедек. Сізден жауап күтеміз. Сізге қалай мұқтаждығымызды жолығып айтуға болады?

Қала тұрғыны, Рсаева Гүлнұр

— Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 2020 жылдың 1 қаңтар айынан бастап жанұяға кіретін кіріс жан басына шаққанда белгіленген күнкөріс деңгейінің 70%-ынан (2020 жылдың IV тоқсанына 22908 тг кедейшілік шегінен) аспаған жағдайда мемлекет атаулы көмек алуға жүгінуге құқылы. Жан басына шаққандағы орташа табыс атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеп шығарылады. Атаулы көмек алу құқығы тоқсан сайын табыстар туралы құжаттардың табыс етілуі арқылы расталады.

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесіне сәйкес отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде құрамында бірге тұратын, ортақ шаруашылықты жүргізетін және тұрғылықты жері бойынша бір елді мекен төңірегінде тіркелген отбасының барлық мүшелері ескеріледі. Сонымен қатар Мемлекет тарапынан біржолғы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы  табысы күнкөріс деңгейінен төмен болғанда көрсетіледі және әлеуметтік   көмек көрсету мүмкіншілігі арнайы комиссия отырысында қаралады. Өмірлік қиын жағдайлардағы азаматтарға, егер жолыққан сәттің алдындағы тоқсанда отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы Ақтөбе облысы бойынша төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен 1 еседен аспаса, әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2020 жылдың  3  тоқсанына  күнкөріс  деңгейі  – 32725 теңгені құрайды. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген кезден бастап тізім ретімен беріледі. Рсаева Гүлнұр мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін кезек тізіміне 2011 жылы мамыр айында «Толық емес отбасылар» санаты бойынша тіркелген. Қазіргі уақытта №1269. Халықтың әлеуметтік осал тобы ішінде №2487 болып тұр.  Жоғарыда айтылғандар негізінде Рсаева Гүлнұрға баспана коммуналдық (жалдамалы) тұрғын үйдің салынып және тапсырылу шамасына қарай кезек ретімен берілетін болады.

— Құрметті әкім мырза! Мен зейнеткермін. Жасым 68-де жердің кезегіне 2012 жылы тұрған едім, өзім үйімнен бір себептермен айырылып қалып, 10 жылдан бері пәтер жалдап жүрміз кемпірім екеуміз. Енді сол жерді қашан ала аламын, қиналып жүрген адаммын.

Қала тұрғыны

— Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері кезек бойынша беріледі. Кезектен тыс ұсыну ҚР заңымен қарастырылмаған.

— Жаңақоныс-4 мекеніне қашан коммуникация болады? Я жол жоқ, я газ жоқ, я су жоқ жер бергеніне 3 жыл өтті, нақты ештеңе шешіліп жатқан жоқ.

Қала тұрғыны

— Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жерасты су қорын анықтағаннан кейін мүмкін болады. ЖСҚ қазіргі таңда құрылыс бөлімі тарапынан жасалуда.

— Менің сұрағым Шығыс базарының қасындағы саяжайға жеке тұрғын үй құрылысы мәртебесі беріле ме екен?

Қала тұрғыны

— Ақтөбе қаласының бас жоспары бойынша Госстандарт и метрология бау-бақша ұжымында жеке тұрғын үй құрылысын салу қарастырылмаған және Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 44 және 109-баптарына сәйкес Ақтөбе қаласының бас жоспарына және осы ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау мақсатына сәйкес келмегендіктен жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіншілігі жоқ.

— Саламатсыз ба, Оңдасын Сейілұлы! Мен аз қамтылған отбасымын, 3 баланың анасымын. Маған азық-түлікпен, киім-кешектермен көмек бере аласыз ба?

Қала тұрғыны

— 2020 жылдың қаңтар айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алды:

1 тоқсан – 152568 тг (қаңтар, ақпан, наурыз)

2 тоқсан – 160197 тг (сәуір, мамыр, маусым)

3 тоқсан – 123147 тг (шілде, тамыз, қыркүйек)

4 тоқсан – 133614тг (қазан, қараша, желтоқсан) тағайындалды және отбасындағы 1-6 жасқа дейінгі балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет алады (азық-түлік). Сонымен бірге 14.02.2020 жылы Мемлекет тарапынан біржолғы әлеуметтік көмек — отбасының жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен болуына байланысты 30 мың теңге әлеуметтік көмек берілді.

— Кезекке Алға қаласына 2009 жылы жерге очередке тұрғанмын, бірақ әлі берілмеді, неге кезек алға жылжымайды? Жалдамалы пәтерде тұрамыз, үш балам бар.

Қала тұрғыны

— Алға қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер теліміне 3805 адам тіркелген. 2018 жылы Алға қаласында 311 жер учаскесіне инженерлік коммуникация желісі өткізіліп, кезекте тұрған адамдарға таратылып берілді. Бүгінгі таңда жер теліміне кезек тізімінде бірінші 2007 жылдары өтініш берген азаматтар тұр. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін беру үшін инженерлік коммуникация желілері өткізуіне қарай кезек ретімен берілетін болады.

Облыс әкімі атына хабарласқан азаматтың ұялы телефон нөмірі сөндірулі болғандықтан  және аты-жөні көрсетілмегендіктен жер теліміне кезегін анықтау мүмкіншілігі жоқ. Аталған азамат өз кезегін интернет желісіндегі «Алға ауданының әкімдігі» сайтынан, одан басқа Алға қаласы А.Байтұрсынов көшесі, №20 мекенжайының 2-қабатында орналасқан Алға қаласынан жер теліміне кезекте тұрған азаматтар тізімі орналасқан тақтадан немесе 4-15-39 телефон арқылы білуге болады.

— Бауырластар 5-ке келесі жылы газ, су, электр беріле ме?

Қала тұрғыны

— Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жерасты су қорын анықтағаннан кейін мүмкін болады.

Жобалық сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жолданды.

— Бұдан он жыл бұрын 1 санатпен 614 болып үй кезегінде тұрдым, кезек әлі жылжымайды. Қай уақытта арендалық үй беріледі, неге кезек алға жылжымайды?

С.Таспағанбет ауған соғысы ардагері, қала тұрғыны

— Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74- бабына сәйкес мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген кезден бастап тізім ретімен беріледі. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары ретінде 2010 жылы қазан айында тіркелгенсіз. Қазіргі кезегіңіз №223. Халықтың әлеуметтік осал тобы ішінде №2074 болып тұрсыз. Жоғарыда айтылғандар негізінде сізге баспана коммуналдық (жалдамалы) тұрғын үйдің салынып және тапсырылу шамасына қарай кезек ретімен берілетін болады.

— Мен Ясное-2 ауылының тұрғынымын. Біздерге қалдық жинайтын машина 1 ай болды келген жоқ. Осыны шешіп берсеңіз.

Қала тұрғыны

— Ағымдағы жылдың 13 желтоқсанында Ясное ауылында тұрмыстық қалдықтар толық көлемде шығарылды. 16 желтоқсаннан бастап аталған аумақтан қоқыс  шығару бойынша қызметтерді уақтылы және сапалы жүргізу мақсатында жаңа компания көрсетіп келеді.

— Рауан-2-ге қашан газды қосады? 2 айдан асты бастағандарына әлі бітер түрі жоқ.

Қала тұрғыны

— Жұмыстар жүргізілуде, 2020 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда

— Мен «Нұр-Ақтөбе» ауданындағы 1-шағын аудан, 65к үйінің тұрғынымын. Көшіп келгенімізге 3 жыл болды, байланыс жүйесі нашар, интернет қосылмаған. Қазір барлығы онлайн болғандықтан әсіресе мектеп мұғалімдері мен оқушыларына қиындық туғызуда.

Қала  тұрғыны

— Бүгінгі күні жергілікті оператор «Компастелеком» ЖШС «Нұр-Ақтөбе» ауданы тұрғындарын сапалы интернетпен қамту мақсатында талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу бойынша жұмыстарды атқаруда. Аталған жұмыстар 2021 жылдың қаңтарына дейін аяқтау жоспарлануда

— 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагог қызметкерлердің жалақысы 25 %-ға өскен болатын. Байғанин ауданындағы «Денешынықтыру және спорт бөлімі» ММ қарасты «Темірқазық мектептен тыс аула клубының» педагог қызметкерлері 2020 жылдың қаңтар айынан осы күнге дейін 25%-дық өсім жалақыға қосылған жоқ. Басқа аудандардағы білім саласына қарасты аула клуб педагогтеріне 25 % өсіммен төленуде. Құзырлы мекемелерге хат жолданған болатын нақты жауап жоқ. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймын.

Байғанин ауданының  тұрғыны

— Ақтөбе облысы денешынықтыру және спорт басқармасына хат жолданып , Ақтөбе облысы денешынықтыру және спорт басқармасы Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне Республикадан қосымша педагогтердің 25% жалақысы өсуіне қаражат сұратып  облыстағы барлық балалар-жасөспірімдер спорт мектебімен бірге біздің ауданның аула клубын  жіберілген тізімде, аула клубы Білім және ғылым министрлігіне қарасты екенін айтып тізімнен алынып тасталды. Жалпы барлық аудандарда аула клубтары аудандық білім бөліміне қарасты.

— 2013 жылы Алға ауданынан үй кезегіне тіркеліп едік әлі берілген жоқ, қай уақытта беріледі?

Еділ Демеуов, І-топ мүгедегі, Алға ауданының  тұрғыны

— Алға ауданы бойынша үй кезегіне халықтың әлеуметтік қорғалатын санаты 1, 2- топ мүгедектігі бар тұрғындар қатарынан 2014 жылдың 12 наурызынан 144 тізімде кезекте тұрғандығыңызды хабарлаймыз. Аталған кезекке тұру кезінде Сіздің реттік кезегіңіз 772 болды. Сонымен қатар Сізге Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының нормаларына сәйкес Сіздің тұрғын үй кезегіңіз аталған Заң аясында жылжитын болатындығын хабарлаймыз. Өзіңіздің үй кезегіңіздің жылжуына бақылау жасау мақсатында «Алға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, 4-20-94 нөміріне хабарласып, мамандардан біліп отыруыңызға болады.

— Бестамақтағы шошқа фермасын жабатын болды ма, сол жөнінде білгім келеді.

Қала тұрғыны

— Бестамақ ауылының тұрғындарының «Парижская коммуна ХХІ» ЖШС-нің жұмыс барысында санитарлық-гигиеналық талаптарды өрескел  бұзып отырғандығын мәлімдеп,  кемшіліктерді жоюды талап еткен наразылықтарына байланысты облыс әкімінің 19.11.2020 ж. №326-Ө өкімімен  комиссия құрылып, жұмыс жүргізуде. Болған жағдайды зерттеп, зерделеу үшін 18-23 қараша күндері кәсіпорын мал сою және оны өңдеу жұмыстарын уақытша тоқтатты.

Ағымдағы жылдың 24 қарашасынан бастап бүгінгі күнге дейін 3 791 бас шошқа сойылып, 356 381,6 кг ет өндірілді. Қазіргі күні шаруашылықта 54 306 бас шошқа бар. Cоңғы мәліметтер бойынша траншеялардан 35 520 кг ішек-қарын мен қалдықтар қазып алынып, жойылды. 41 торай өлекселері мен жалпы салмағы 39 тн қалдықтар арнаулы орындарға көмілді. Аналық мал басын ұрықтандыру тоқтатылды. Қазіргі кезде өлекселер крематорийлерде өртеліп, қалдықтар экструдер аппараты арқылы өңделуде. Байбақты өзенінен және кәріз құбырынан сұйықтықтың үлгілері алынып, зерттелді. Ағынды лас суларды шығару нәтиежесінде ластаушы заттардың артық мөлшері анықталды. Тазартылмаған сарқынды сұйықтарды ағызу дерегі бойынша шаруашылыққа әкімшілік іс қозғалды. Химиялық талдау нәтижесінде 26 089 шаршы метр жер учаскенің ластанғаны анықталды. Қоршаған ортаға эмиссия нормативтерінен асу дерегі бойынша шаруашылық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар «Парижская коммуна ХХІ» ЖШС-на қатысты ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 324, 326, 328, 331, 332, 337, 344, 351-баптары бойынша 13 әкімшілік іс қозғалды. Жерді бүлдіру дерегі бойынша Алға аудандық полиция бөліміне қажетті материалдар жолданды. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, іс-шаралар жүргізілуде. Облыс әкімдігі тарапынан шаруашылықтың бағытын өзгерту немесе кәсіпорын жұмысын тоқтату туралы ұсыныс жасалды. Құқық қорғау органдары арқылы тиісті тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

— Қаланы тазарту қашан қолға алынады? Қалдықтар апталап шығарылмайды аулаларда. Сырттан қаламызды көрсетуге, аулаға әкелуге қонақ келсе өте ұят, машина жүретін жолды жауып қалады.  

Қала тұрғыны

— Қазіргі уақытта қала аумағынан жеке тұлғалардан қоқыс шығарумен 3 ұйым айналысады: «NEO PLUS» ЖШС, «Ақжол LTD» ЖШС және «Таза Қарғалы» ЖК.

Бүгінгі таңда үш компаниядан ҚТҚ шығаруға 50-ден астам арнайы техника, соның ішінде қоқыс тасығыштар, тиегіштер, самосвалдар жұмылдырылды.

Қоқыс шығаратын ұйымдар ҚТҚ-ны күн сайын көп қабатты үйлердің аулаларынан, сондай-ақ жеке сектор аудандарынан аптасына 2 рет шығарады.

Қоқыс шығаратын компаниялар күнделікті көп қабатты үйлердің ауласынан тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарады. Алайда жауапсыз тұрғындар ірі көлемдегі қоқыстардан полигондар жасайды (тозығы жеткен жиһаздар, пәтерлерді жөндеуден кейінгі құрылыс қалдықтары және т.б.), оны қарапайым қоқыс таситын машиналармен алып тастауға болмайды, мүмкіндігінше құрал-жабдықтарды тарту қажет, бұл арнайы кәсіпорындарды қосымша қаржылық шығындарға әкеледі.

Сонымен қатар халықтан ТҚҚ шығару бойынша жұмыстарды оңтайландыру үшін коммуналдық қалдықтарды шығару бойынша қызметтерді жеткізушіні таңдау бойынша конкурс өткізу үшін құжаттар дайындалуда. Конкурстық құжаттамаға сәйкес қала аумағын 5 учаскеге бөлу жоспарлануда.

— Мұғалжар ауданы Жұрын станциясы елді мекеніне алдағы жылы газ кіргізе ме?

Мұғалжар ауданының тұрғыны

— 2018 жылы Қаракөл, Жұрын ауылдарының газдандырылуы ескерілетін жоба құны 2 960,1 млн теңге болатын «Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылына жеткізуші газ құбырының құрылысы» жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген болатын. Сонымен бірге құны 134,96 млн теңге  болатын «Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жұрын ауылындағы кентішілік газ құбырының құрылысы» жобасы әзірленді. «Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылына газ құбырын тарту» және «Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Жұрын ауылында кентішілік газ құбырын салу»жобалары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін 2021 жылға облыстық және республикалық бюджеттерден қаражат қарастырылған. Осыған орай, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілетін болады.

— Жаңақоныс ауылының Жастар 1, 1-10 үйлері қашан орталық кәріз жүйелеріне қосылады? Жаз айларында үйде отыру мүлдем мүмкін емес. 2010 жылдан бері айтылып келеді, болмаса комиссия жіберіп қарауыңызға болады. 

Бақытқали Мамытбаев, 2-топ мүгедегі

— ЖСҚ, ЖКХ бөлімімен жасалып мемлекеттік сараптамадан оң шешімін алғаннан соң, құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы сұралатын болады.

— Прохоров, 10-үй, 1-подъезд тұрғындары 4-пәтер тұрғыны Остапенко Н., ауытқушылығы бар азаматшадан зардап көріп отырмыз.

Қала тұрғыны

— «Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ Прохорова көшесі, 10-үй, 1 кіреберіс тұрғындарының 4-пәтер тұрғыны Н.Остапенкаға байланысты қоқыс жинау мәселесі комиссиялық түрде қаралды. Сол бойынша тәртіпке шақырылып, үйін жинауға кеңес берілді және тұрғындарға  косымша полицияға шағымдану жөнінде кеңес берілгендігін хабарлаймыз.

— Бізде Хромтауда Дөң тау-кен байыту компаниясының төленіп жатқан айлығы азайып бара жатыр, осыны қолға алсаңыз. Шахтер деген атымыз бар…

Қала тұрғыны

— Еңбек инспекторларының жоспардан тыс тексеру  нәтижесінде «Казхром» АҚ-ның ДГОК   мекемесі тарапынан  қызметкерлердің жалақысы төмен деңгейде төленуі жөнінде еңбек инспекциясы басқармасына арыз түскен жоқ. Алайда,  Сіздің жалақыңыз  жылма жыл төмендетіліп төленсе, Сіз Тілеу батыр көшесі, 10 мекенжайы бойынша «Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-не жазбаша  түрде шағымдануыңызға болады.

— Ақтөбе қаласына 30 шақырым жерде Алға ауданына қарасты Жерұйық ауылында газ жоқ. Ауылдың ауа райы салқын, халық отпен күнелтіп отыр, ауылда көптеген қарттар тұрады сол кісілерге қиындық туғызып отыр. Осы мәселе жайлы бағдарламада қозғай кеткеңіз.

Қала тұрғыны.

— Ақтөбе облысының елді мекендерін газдандыру жоспарына сәйкес елді мекендерді газдандыру жұмысы жүргізілуде. Бағдарламаға сәйкес бірінші кезекте аудан орталықтарын, қалалық агломерацияларды, шағын қалаларды, даму әлеуеті жоғары ауылдарды газбен қамтамасыз ету көзделген. Облыс елді мекендерін газбен жабдықтау бойынша барлық шаралар қабылданып және газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Бөлінген қаржыға байланысты жүзеге асырылатынын және Жерұйық ауылын газдандыру мәселесі облыс әкімдігінде бақылауға алынғандығын ескертеміз.

— Мен үйде жұмыссызбын. Аптекада жұмыс жасадым,  өздері шақырып, заңды түрде алған. Үлкен бастығым менің намысыма тиіп, құқығымды таптады. Мені заңсыз жұмысымнан шығарып тастады.

Қала тұрғыны.

— Бұл жағдайда жұмыс берушінің Сізді заңсыз жұмыстан шығаруы еңбек заңнамасы нормаларының бұзылуы болып табылады. Осы заң бұзушылықты жою мақсатында мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан шара қолдану үшін Сізге «Ақтөбе облысының, еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-не Ақтөбе қ., Тілеу батыр, 10 мекенжайы бойынша шағымдануыңызға болады.

— Мен жақында өрт болған Сәңкібай батыр 159-үйдің тұрғынымын. Бізге қандай көмек болады? Үйіміздің шатырын кім жөндейді?

Қала тұрғыны.

— «Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ 2020 жылдың 30 қарашасында Сәңкібай батыр даңғылындағы №159 үйдің шатырында өрт шығу мәселесі бойынша келесіні хабарлайды. Шатырды жөндеу демеушілік қаражатты тарту арқылы шешілетін болады. Қаражат бөлінген жағдайда үй шатырын жөндеу жұмыстары басталады. Бұдан басқа, 4-5 қабаттағы (48 пәтер) пәтер иелеріне 100 000 теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленеді.

— 2004 жылы Өзбекстаннан көшіп келген едім оралманмын. 2004 жылы туылған балама 4 айлық квота алынған еді, енді балама куәлік ала алмай отырмын. Қазақстан азаматтығында жоқ деп жатыр. Өзім көпбалалы анамын, енді кімге барсам болады?

Қала тұрғыны

— Азаматша  Р.Саксанбаева   жолдасы Б.К.Сагиновпен бірге 2004 жылғы 28 тамызында Қазақстан Республикасы Президентінің №1429 Жарлығымен Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау кезінде, кәмелетке толмаған баласы: 2004 ж.т. Кундибаев Нурдавлет Бауржануглиді бірге қоспағандығы анықталды. 20.12.1991 жылғы «ҚР азаматтығы туралы» Заңының  11-1-бабына сәйкес, ата-анасы шет мемлекеттің азаматы болып табылатын баланың азаматтығы яғни, бала туған кезде ата-анасының екеуі де шет мемлекеттің азаматы болса, ол туған жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайды. Осыған орай көші-қон заңнамасына сәйкес кәмелетке толмаған 2004 ж.т. Кундибаев Нурдавлет Бауржануглиді  Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау үшін Ақтау қаласындағы орналасқан Өзбекстан Республикасының елшілігіне барып Өзбекстан Республикасының паспортына құжаттануы қажет.

— Байғанин ауданы Көкбұлақ ауылына газ келе ме?

Байғанин ауданының тұрғыны

— Ақтөбе облысының елді мекендерін газдандыру жоспарына сәйкес елді мекендерді газдандыру жұмысы жүргізілуде. Бағдарламаға сәйкес бірінші кезекте аудан орталықтары, қалалық агломерацияларды, шағын қалаларды, даму әлеуеті жоғары ауылдарды газбен қамтамасыз ету көзделген. Облыс елді мекендерін газбен жабдықтау бойынша барлық шаралар қабылданып және газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Бөлінген қаржыға байланысты жүзеге асырылатынын және Көкбұлақ ауылын газдандыру мәселесі облыс әкімдігінде бақылауға алынғандығын ескертеміз.

— «Нұр-Ақтөбе» 1-шағын аудан, 53-үйге брон жасаған едім, тапсыру мерзімі шілде болды сол кезде. Жаз өтіп кетті, әлі күтіп жүрміз. Қашан беріледі екен?

Қала тұрғыны

— Жұмыстар жүргізілуде, 2020 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда.

— Жаңақоныс-3 ауданына газ, су, жарық қашан келеді?

Қала тұрғыны

— ЖСҚ қазіргі таңда құрылыс бөлімімен жасалуда. Электр жарығын қосу жұмыстары аяқталды, «Жаңақоныс-3» жарық іске қосылды

— Ақтөбе облысында педагогтерге, яғни мұғалімдерге балаларын балабақшаға кезекке тұрмай апара беруге бола ма?

Қала тұрғыны

— Педагогтердің мектепке дейінгі ұйымдарда бірінші кезекте орын алуға құқығы бар. Алайда МДҰ-да орын алу кезегінде міндетті түрде тіркелуі тиіс. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласының балабақшаларында бос орындары бар. Баланы МДҰ-ға кезекке қойғаннан кейін орын болған жағдайда сол күні МДҰ-да бос орын алуға болады.

— Ембі көшесіндегі «Арай» дүкенінің жанындағы аялдаманы салғанда суағар қалдырмаған, көктемде суда қалайын деп отырмыз. Жылда өзіміз амалдап суағармен ағызып жіберіп отыратын едік. Сол мәселені қарап жөндетіп берсеңіз, үйлеріміз саман үй, шаққа тұр.

Қала тұрғыны.

— Қала бойынша көктемгі кезеңде су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізіледі. Сіздің сұрағыңыз осы іс-шараларды өткізу кезінде ескерілетін болады.

— Біздер Қарғалы-2 тұрғындары атынан жол мәселесін және көшеде жарық жоқ, соны айтқымыз келеді.

Қала тұрғыны.

— Қарғалы-2 аумағында көше жарығын жүргізу қаржы көлемінің бөлінуіне байланысты 2021 жылы жүзеге асырылады.

— Байғанин ауданы Жарлы ауылына биыл газ беріле ме?

Қала тұрғыны.

— 2018-2020 жылдары республикалық және облыстық бюджеттерден қаржыландырумен «Байғанин ауданы Жарлы ауылына жеткізуші газ құбырының құрылысы» және «Байғанин ауданы Жарлы ауылының ауылішілік газ құбырының құрылысы» нысандары жүзеге асырылып, желтоқсан айында іске қосылды.

— Ақжардан қалаға жұмысқа қатынау қиын, 51 маршрутқа сыйымдылығы үлкен автобус қашан жіберіледі?

Қала тұрғыны.

— Қазіргі таңда қалалық бағытта жолаушылар тасымалдайтын «Ақтөбе қалалық жолаушылар автокөлік кәсіпорны» ЖШС-на қарасты №51 «Нұр Ақтөбе т/м – Сапар автовокзалы» бағытына орта сыйымдылықты «Анкай» маркалы күнделікті 6 автобус 15-20 минут қозғалыс аралық уақытпен жолаушыларға қызмет көрсетуде. Тасымалдаушының жылжымалы құрамын жаңарту барысында сұрағыңыз қаралатын болады.

— Біз толық емес отбасымыз. «Жилстроймен» «Нұр-Ақтөбеден» жалға пәтер алдық. Енді соған мемлекет тарапынан жеңілдік жоқ па?

Қала тұрғыны.

— Мемлекет тарапынан біржолғы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы  табысы күнкөріс деңгейінен төмен болғанда көрсетіледі және әлеуметтік көмек көрсету мүмкіншілігі арнайы комиссия отырысында қаралады.

Өмірлік қиын жағдайлардағы азаматтарға, егер жолыққан сәттің алдындағы тоқсанда отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы Ақтөбе облысы бойынша төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен 1 еседен аспаса, әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2020 жылдың 3-тоқсанына  күнкөріс деңгейі  – 32725 теңгені құрайды.

— Ақжардың жолы қашан жөнделеді?

Қала тұрғыны.

— «Кірпішті ауылындағы Елек өзенінен өтетін көпірден «Ақтөбе-Орск» автомобиль жолына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту» жобасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Жобаны жүзеге асыру 2021 жылғы нысандар тізбесіне енгізілді.

— Родниковка ауылының тумасымын. Родник ауылы мен қала арасындағы жол нашар екі бағытқа көлік сыймайды. Ауыл тұрғындарының көбі қалаға қатынап жұмыс жасайтындықтан жол қауіпсіздігін қолға алған дұрыс шығар.  

Мәртөк ауданының тұрғыны

— Ақтөбе-Родниковка бағытындағы 05-42 км учаскесін орташа жөндеу жұмыстары 2021 жылы жүргізілетін болады. Жобаға сәйкес автомобиль жолының ені 7 м, жол жабыны асфальт төсеу жоспарлануда. Жыл сайын автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстары аясында автомобиль жолын қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіледі.

— Ақтөбе қаласындағы «Нұр-Ақтөбедегі» 51-үйдің құрылысы қашан бітеді? Сол үй неге аяқталмай қалды?

Қала тұрғыны.

— «Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі» ММ «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінде №51 бес қабатты тұрғын үй салуға тапсырыс беруші болып табылады. Мердігер мекеме – «Глобал БизнесСтрой» ЖШС. Бірақ қазір аталған мердігер мекеме шарттық міндеттемелерін толық түрде  орындамағандықтан шарт бұзылды. Мердігер мекемемен соттық процестер жүргізілуде.

— Маржанбұлақ ауылана алдағы жылы су мен жарық беріле ма?

Қала тұрғыны.

— Маржанбұлақ ауылының тұрғын алаптарына су құбырларын тарту бойынша ЖСҚ әзірлеу үшін ауылдағы бекітілген суасты қоры жетіспейді. Осыған байланысты бүгінгі күні Маржанбұлақ ауылына су қорын іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталған соң 2021 жылға  ЖСҚ әзірленетін болады. Ал электр желісін тарту бойынша ЖСҚ дайындау үшін Алға ауданының бюджетінен 2021 жылға 6 млн тенге қаралған.

— Сіздің қала көркін жақсартуға атқарған еңбегіңізге ризамыз. Енді ескі Жаңақоныс көшелеріне көңіл бөлінсе, Совет, Комсомол, Алматы көшелерін асфальттап, маршрут қатынасын жақсартса, жақсы болар еді. Бұл жерде «Зеленый пятиэтажка» аталып кеткен екі және тағы бір бес қатарлы алты екі қатарлы үйлер мен жеке сектордың оқушыларына мектепке баруы қиындап тұр.

Алмас Пангереев

— «Ақтөбе қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы,  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ хабарлайды: қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының көше-жол желісі 650 шақырымнан астам жолды құрайды. Ағымдағы жылы жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 166,6  км 118 көше қамтылды, бұл барлық жол ұзындығының 26%-ын құрайды. Бір жыл ішінде жолдарды жөндеу бойынша барлық жұмыстар мен іс-шараларды жүзеге асыру мүмкін емес екені түсінікті. Сондықтан қаржы көзінің бөлінуіне орай 2021 жылы Сіздің сұрағыңыз қарастырылатын болады.

— Байғанин ауданы Қопа ауылына интернет сызбасы салынып, интернет тартылған жоқ. Орталығы Ебейтіге 1 ай бұрын қондырылды. 200-ден астам тұрғыны бар, 9 жылдық мектеп, медпункт бар, мектеп оқушылары баға қою үшін бір интернет қосылған компьютерге тәуелді. Бізге интернет қосуға көмек сұраймыз.

Нәбиев Шаңғытбай, ардагерлер, ақсақалдар алқасының төрағасы.

— Байғанин ауданы Қопа ауылына ұялы байланыс, интернет желісі «Kcell» АҚ-ның жоспар кестесіне сәйкес желтоқсан айының соңына дейін іске қосу жоспарланды. Қазіргі уақытта тиісті атқарылатын жұмыстар жүргізілуде. Желтоқсан айының аяғында ұялы байланыс, интернет желісін іске қосылу жоспарлануда.

— Ақжар-2 басты жолындағы жарықты қашан жүргізеді, түнгі уақыттарда жүру мүмкін емес, көлік оқиғасы көп болады.

Қала тұрғыны.

— «Кірпішті ауылындағы Елек өзенінен өтетін көпірден «Ақтөбе-Орск» автомобиль жолына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту» жобасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Жобаны жүзеге асыру 2021 жылғы нысандар тізбесіне енгізілді. Жарықтандыру жобада қарастырылған.

— Мүгедек бала тәрбиелеуші анамын. 12 жыл үй кезегінде тұрмын. Жасым 55-те, жалдамалы үйде тұрамыз, өзім медбикемін. Осы уақытқа дейін баланы емдеумен келеміз, диагноз ДЦП. Бүгінгі таңда аяғына операция жасалды. Жасы 17-де, баспана жоқтығы қинайды. Ипотекаға ақшамыз жетпейді. 

Айна Мұқанова, қала тұрғыны.

— Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74- бабына сәйкес мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген кезден бастап тізім ретімен беріледі. Мүгедек баланы асыраушы отбасы ретінде 2009 жылы тіркелгенсіз. Қазіргі кезегіңіз №154. Халықтың әлеуметтік осал тобы ішінде №1224 болып тұр. Жоғарыда айтылғандар негізінде баспана коммуналдық (жалдамалы) тұрғын үйдің салынып және тапсырылу шамасына қарай кезек ретімен берілетін болады.

— Атырау-Ақтөбе жолы қашан бітеді?

Қала тұрғыны.

— «Ақтөбе-Атырау-РФ (Астраханьға)» бағытындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолының 52-100 км учаскесіне 2021 жылы қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады. 100-220 км учаскесі және 236-330 км учаскелеріне қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 220-236 км учаскесін қайта жаңарту жұмыстары 2018 жылы толығымен аяқталды.

— Мұғалжар ауданы Жем қаласының статусы қалай шешіледі екен? Осы сұрақты анықтап берсеңіз.

Мұғалжар ауданының тұрғыны.

— Жем каласының статусын ауыл статусына өзгерту мәселесі қаралу үстінде. Статустың өзгеретіндігі туралы нақты шешім қабылданбады. Жалпы бұл мәселе жан-жақты зерделеніп, ауыл статусының пайдалы тұстары туралы түсіндірме жұмыстары және ауылдық деңгейге қосылатын пайыздың мөлшерлері есептеліп, тізімі жолданған болатын. Дегенмен Жем қаласы тұрғындарының басым бөлігі статустың өзгеріссіз қалғанын қолдауда. Статустың нақты өзгеретіндігі жөнінде нақты дәйекті жауаптың шықпағандығын мәлімдеймін.

— Темір ауданы Алтықарасу елді мекеніне газ мәселесі қашан шешімін табар екен?

Айдынғали Боранбаев.

— Ағымдағы жылы «Ақтөбе облысы Темір ауданы Алтықарасу ауылына жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысы» жобасына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, конкурстық рәсімдер нәтижесінде жобалау мекемесімен келісімшарт жасалды. ЖСҚ әзірлеу мерзімі 2020-2021 ж.ж. Аталған жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін, жобаны жүзеге асыру үшін облыстық және республикалық бюджеттік комиссияларына ұсынылатын болады.

— Тасөткел ауылына газ жүрейін деп жатыр. Неге Белқопа ауылына жүрмейді? Соны қолға алуыңызды сұраймын.

Әйтеке би ауданының тұрғыны.

— Хромтау ауданы әкімдігімен «Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Тасөткел, Ақбұлақ ауылдарында тартылатын және орам ішіндегі газ құбырын салу» нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары бөлінген қаржыға байланысты жүргізілуде. Нысанды аяқтау мерзімі 2021 жыл. Аталған жобада Әйтеке би ауданының Белқопа ауылы үшін газдың көлемі ескерілген. Ағымдағы жылы Әйтеке би ауданының Белқопа ауылын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, конкурстық рәсімдер нәтижесінде жобалау мекемесімен келісімшарт жасалды. ЖСҚ әзірлеуді аяқтау мерзімі 2021 жыл. Аталмыш жобаға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған соң республикалық және облыстық бюджеттік комиссияларының қаралуына ұсынылады. Бюджет комиссияларының оң шешімі шыққан жағдайда жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары жүзеге асырылатын болады.

— Қазіргі кезеңде жеке компаниялар қиын жағдайда. Сол компаниялардағы қызметкерлерді қолдау үшін қандай шаралар қолданылады?

Қала тұрғыны.

— Жеке компаниялардың  қызметкерлерін көтермелеу және қолдау ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес жүзеге асырылатыны  мәлім.

— Аралтоғай ауылында тұрамын. Жасым 49-да, екі балам бар. Қызым туылғаннан мүгедек ДЦП, сонымен үйдемін, жұмыста жоқпын. Үкіметтен қайтарымсыз ақшаға сауатын ешкі алам ба деп едім. Соның қандай жолдары бар?

Жаңабек Қуандықов, Әйтеке би ауданының тұрғыны.

— Келесі жылға «Бастау-бизнес» жобасына қатыстырып, оқытуға жəне қайтарымсыз несие алуға құжаттарын дайындап өткізуге ықпал жасалады. Сондай-ақ мүгедек баласына басқа да қолдаулар көрсетіледі.

Сонымен қатар, ауыл əкімдігі тарапынан осы отбасыға үнемі демеушілік көмектер көрсетіліп отырады. «Рахат» шаруа қожалығы қолдауымен 25000 теңге көлемінде демеушілік көрсетілді. «Балаларды қорғау» күнінде 20 мың теңге сомасына азық түлік сатып алынып берілді. «Біз біргеміз» акциясы аясында мектеп ұжымы 20 мың теңгеге азық-түлік жиынтығын табыстады.

— Тіл мәселесі неге өз деңгейінде қаралмайды? Қашан мемлекеттік тіл — қазақ тілі өз деңгейінде жүзеге асады?

Қала тұрғыны.

— Облыста тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыс тұрғындарының тілдік сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған жүйелі шаралар  кешені  жүзеге асырылуда. Мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде меңгергендер облыс тұрғындарының үлесі – 94,2%, қоғамдық өмірдің негізгі салаларындағы мемлекеттік тілдің қолданылу дәрежесі – 79,7%-ы әртүрлі деңгейде құрап отыр. Облыста ересек азаматтарды оқыту бойынша толыққанды жүйесі қалыптастырылды. Ақтөбе қаласында және облыстың орыстілді орта қалыптасқан 6 ауданда мемлекеттік және ағылшын тілін үйрету курстары ұйымдастырылуда. Тілдерді оқыту орталығының «Til – Aktobe.kz» сайты және Вконтакте әлеуметтік желісінде «Дистанционное обучение», «Тілтану» қашықтан оқыту жүйесі енгізілді. Мемлекеттік тілді насихаттау, тілдерді үйрету процесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында балаларға арналған танымдық сайт, ютуб каналы ашылды. Жүйелі шаралар арқасында облыста тұрақты тілдік ахуал қалыптасып отыр. Зерттеу қорытындысына сәйкес облыс тұрғындарының басым бөлігі мемлекеттік тілді меңгеру үшін барлық жағдайлар жасалған (96,2%), тілдік себептерге байланысты құқығымыз бұзылмауда (96,5%) деп есептейді.

— Шілікті ауылына газ қашан беріледі?

Шалқар  ауданының тұрғыны.

— «Ақтөбе облысы Шалқар ауданының 6 елді мекеніне жеткізуші газ құбырының құрылысы (Тоғыз а/о Көпмола, Кеңдала, Жылан, Тасбұлақ, Тоғыз ауылдары және Кішіқұм а/о Шілікті ауылы, перспективада Қарашоқат, Шоқысу ауылдары)» жобасының қосу нүктесі – «Шалқар» АГТС. Бүгінгі күні «Шалқар» АГТС аталған жобаға қажет газ көлемін өткізе алмайды (нақты газ көлемі жобалық өткізу қабілеттілігінен асады). Осыған орай облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасы «Интергаз Орталық Азия» АҚ МГҚБ бірлесіп «Қобда» АГТС қондырғысын Шалқар қаласына көшіру бойынша жұмыс жүргізілуде.

— Батыс-2 шағын ауданында Қазақтелеком компаниясы тарапынан интернет желісі тартылмаған үйлер көп. Онлайн режимінде жұмыс жасау, оқушының сабаққа қатысуы, мұғалімнің сабақ өткізуі үлкен мәселе болып отыр. Аталған компания 70-80% тұрғыннан өтініш түспей желі тартпайтынын мәлімдеді. Тұрғындардың материалдық-әлеуметтік мәселелері бар, алайда интернет өте қажет. Қызметіне тиесілі ақша төлеуге дайын тұрғындар үшін неге жағдай қарастырылмаған? Екінші сұрақ: Батыс-2 ауданында жаяу тұрғындар үшін жол жоқ. Жалпы тұрғындар өте көп қоныстанған осы ауданның халқы үшін тиісті жағдайлар жасалмаған.

Қала тұрғыны.

— Бүгінгі таңда «Қазақтелеком» АҚ және «Компастелеком» ЖШС сияқты жергілікті операторлар Батыс-2 шағын ауданы тұрғындарын сапалы интернетпен жабдықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған байланыс операторларының техникалық мүмкіндіктеріне байланысты Батыс-2 шағын аудан тұрғындарын талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

— Қаламыздағы көптеген салаларда мемлекеттік тілдің мүддесі ескерусіз қалып жатады. «Тіл туралы» заңның 21-бабы бойынша көрнекі ақпараттардың қазақша нұсқасы жоқ немесе қате жазулар көп кездеседі. неге бұл заң бұзушылықтар қадағаланбайды? Тіл басқармасының құзыреттері жоқ, тек кеңес берумен шектеледі. Ал сонда мемлекеттік тілдің қолданысын кім қадағалайды? 

Қала тұрғыны

— Тілдерді дамыту басқармасының құзыретіне көрнекі ақпарат мәтіндерінің заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру құзыреті қарастырылмағанмен, басқарма «Тіл туралы» Заңның 21-бабын негізге ала отырып, қала көшелеріндегі жарнама мәтіндерінің заңнама талаптарына сәйкес рәсімделуіне үздіксіз рейд жұмыстарын жүргізіп келеді. Көрнекі ақпарат мәтіндерінде қателіктерді анықтау және оны бірлесе шешу жолдарын қарастыру мақсатында 2019 жылдан бастап басқарма мен Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облыстық филиалының өзара ынтымақтастық меморандум аясында бірлесе жұмыс жасау жолға қойылған. Сонымен қатар «Жас Отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалымен, қоғамдық ұйым өкілдерімен, «Ана тілім – арым» еріктілер тобымен, тіл жанашырларымен  бірге жыл басынан бері қала көшелеріндегі нысандарға бақылау рейдтері үнемі жүргізіліп отырады. Сонымен қатар аудандарда да мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мамандарымен бірге қоғамдық ұйым өкілдері рейд жұмыстарына шығып келеді.  Жоспарлы жүргізілген рейд барысында жарнама мәтіндерінен анықталған кемшіліктер негізінде нысан иелеріне әдістемелік көмек көрсетіліп, түзетіліп отырылады. Жыл басынан бері жоғарыда аталған ұйым өкілдерімен бірлескен жұмыс негізінде 2397 жарнама мәтіні сараланды. Оның ішінде жоспарлы рейд жұмысы негізінде 1183  деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтініне талдау жасалып, электронды пошта арқылы 893 жарнама мәтіні қаралды. Жарнама агенттіктері өкілдері 321 көрнекі ақпарат мәтіндерінің мемлекеттік тілдегі нұсқасын тексертіп алу үшін басқармаға тікелей алып келген. Бұл тұрғыда басқарма тарапынан үнемі мониторингтеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сондай-ақ халық арасында түсіндіру шараларын жүргізу және медиа-жұмыс жолға қойылған. Жыл басынан бері БАҚ, facebook, instagram әлеуметтік желілерінде #ономастика хэштегімен 310 материал жарияланды. Оның ішінде 72 сыни өтініш – қаламыздағы «Дина», «Анвар», «Симба», «Айна», «Жилгородской» секілді ірі сауда орындарында, «Kaspi bank», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Ақтөбе облысындағы филиалдарында,  «Армада» моншасында, «Ақбұлақ» АҚ-ның тұрғындар базасында, «Миллениум», «Айболит» АҚ дәріханалар желісінде, «Ақжол LTD» АҚ-да Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңының» 21-бабының бұзылып отырғандығы жөнінде болды. Аталмыш мекемелердегі заң бұзушылықтарды заңнама талаптарына сәйкестендіру «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облыстық филиалына  хат жолданып, көрнекі ақпарат мәтіндері заң талаптарына сәйкестендірілді. Алдағы уақытта да қоғамдық ұйым өкілдерімен бірге жүйелі рейд жұмыстары жалғаса бермек.

— 101-атқыштар бригадасы көшесіндегі 16-үйдің 1 қабатында орналасқан сыра сататын дүкен өз қызметімен тұрғындардың мазасын алуда. Сыраны алушыларға ыдыспен алудың орнына сыра ішіп отыратын кафеге айналдырған. Ол жерде отырыстарды түн ауғанша өткізу дағдыға айналған. Сол жерде бірнеше рет төбелес, айқай-шуға айналып, тыныштығымызды бұза берді. Полиция, басқа орындарға шағымданғанмен нәтиже болмай тұр. Осы мәселені шешуде көмектесуіңізді 16-үйдің тұрғындары атынан сұраймыз.

Қала тұрғыны.

— Осы сұрақ бойынша Ақтөбе қаласының полиция басқармасы бастығының атына тиісті шаралар қабылдау үшін  хат жолданды.

— Заречный-1 ауданының тұрғынымын үй салдым. Заңдастыра

алмай жүрмін. Қашан құжат береді бізге.

Қала тұрғыны.

Сіздің сұрағыңыз жер қатынастарын реттеу және жер учаскесіне құқық беру жөніндегі қалалық жер комиссиясының отырысында қаралады. Ол үшін өтінішпен жүгіну керек. «Жер учаскесінің тағайындалған мақсатын өзгерту туралы шешім беру» өтініш қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру «электрондық үкімет» веб-порталы elicense.kz арқылы жүзеге асырылады. Өтініш бекітілген үлгі бойынша толтырылады.

— Саламатсызба! Менің әжем тыл ардагері, Уменова Танай 1935 жылғы. Жолдасы — соғыс ардагері ертеректе қайтыс болған. Гришина 72-де жетеқханада тұрады, өзі мүгедек, көзі көрмейді. Әжеме комиссия жіберіп, үйді өз көздерімен көріп, бір көмегін берсеңіздер.

Қала тұрғыны

— Уменова Танай қараша айында Ақтөбе қаласына көшіп келген. Тыл ардагер: ретінде ай сайын коммуналдық төлемдерді төлеу үшін құжаттары тапсырылуы қажеттілігі туралы телефон байланысымен түсіндірілді. Келесі жылы 9 мамыр Жеңіс күніне 30 мың теңге беріледі.

— Шалқар ауданы Жылтыр ауылында су ащы, соны тұщыландыратын аппарат керек.

Шалқар  ауданының  тұрғыны.

— Аталмыш ауылдың орталық сумен жабдықтау жүйесіндегі ауызсу үлгілері жабдықтаушы мекеме – «Ұлы Борсық» КМК-мен ай сайын, тоқсан сайын Ұлттық сараптама орталығының Шалқар аудандық бөлімшесінің зертханасына тапсырылып, зерттеліп отыр. Аталмыш хаттамаларға сәйкес ауызсу санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келеді.

— «Әлия» сауда орталығына қарама-қарсы бағыттағы көпірді қашан ашады?

Қала тұрғыны.

— Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан жұмыстың толық аяқталмағандығын хабарлайды.

— «Нұр-Ақтөбе» ауданында 1-шағын ауданында интернет жоқ. Қазақтелеком мен «Компас» біздің жұмысымыз емес дейді. Сонда кім жауап береді?

Қала тұрғыны.

— Бүгінгі күні жергілікті оператор «Компастелеком» ЖШС «Нұр-Ақтөбе «ауданы тұрғындарын сапалы интернетпен қамту мақсатында талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу бойынша жұмыстар атқаруда. Аталған жұмыстар 2021 жылдың қаңтарына дейін аяқтау жоспарлануда.

— Ақтөбе облысының бокс клубтары неге дұрыс жасамайды, кешегі Шымкент қаласында өткен Қазақстан чемпионатында өте төмен көрсеткіш көрсетті.Не себепті?

Қала тұрғыны.

— Ақтөбе облысында бокс спорт түрі бойынша басқармаға қарасты «Бокстан олимпиада резервін даярлайтын балалар-жасөспірімдер облыстық мамандандырылған спорт мектебі» жұмыс жасайды. Онда жалпы саны 398 спортшы және 17 жаттықтырушы бар. Бұдан бөлек, облыста төрт Балалар жасөспірімдер спорт мектебі (№2 ОБЖСМ, №4 ОМБЖОРСМ, Қандыағаш қаласының МБЖСМ, Цеханович атындағы №1 МОБЖСМ) және Есет батыр атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат колледжі, Ақтөбе облысының олимпиада резервін даярлау орталығы мен Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде бокс бөлімдері бар. Ақтөбе облысының бокстан құрама командасының Шымкент қаласында өткен ҚР чемпионатында төмен көрсеткішіне спортшыларымыздың дайындығының аздығы себеп болды. Былғары қолғап шеберлеріміз жыл бойы еліміздегі карантиндік шараларға байланысты жаттығудан бірнеше уақытқа қол үзіп қалды. Сонымен қатар боксшыларымызға 2020 жылға жоспарланған жарыстар және оқу-жаттығу жиындары өтпей қалуы кері әсерін тигізді. Оның үстіне өңіріміздегі шектеулерге байланысты облыс чемпионаты да өтпеді және осы себепті облыс құрамына үздіктерді жинақтау қиынға соқты.

— Шалқар ауданы Шетырғыз ауылында халықтың күшімен мұнара орнатылды. Құрау жұмыстары жүргізілді. Бірақ байланыс желісі орнатылмады. Ауылдың студенттері аудан орталықтарына облысқа жүруге мәжбүр. Байланыс желісі қай уақытта орнатылады?

Шалқар ауданының тұрғыны

— Шетырғыз ауылдық округінің Қаратоғай ауылына «Билайн» ұялы байланысын қондыру үшін мұнара орнатылып, монтаждық жұмыстар жүргізілді. «Кар-Тел»ЖШС өкілінің мәліметіне сәйкес «Билайн» ұялы байланысын ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін қосу жоспарланған.

— Қаланың ортасында орналасқан Заречный-1 Геолог-5 саяжай тұрғындары осы уақытқа дейін электрэнергиясына кВт 18 тг-ден төлеп отыр, осы мекенде жол және ауызсу мәселесі күрделі жағдайда. Осыған тиісті жәрдем етуіңізді сұраймыз!

Қала тұрғыны

— Бау-бақша ұжымына коммуникация жүргізу бюджеттік бағдарламада қарастырылмаған.

— Заречный-4 мекеніне  2-нөмірлі автобус кіретін еді, 7 айдан бері тоқтады, асфальт салынды, аялдаманың белгісі бар. Автобус Заречный-4-ке кіруін сұраймыз.

Қала тұрғыны.

— Қазіргі таңда қалалық бағытта жолаушылар тасымалдайтын «Автопарк» ЖШС-на қарасты №2 «Нұр Ақтөбе т/м – Сапар автовокзалы» бағытына үлкен сыйымдылықты «Джак» маркалы күнделікті 6 автобус 15 минут қозғалыс аралық уақытпен жолаушыларға қызмет көрсетуде. Қалалық бағытта жолаушылар тасымалдайтын №2 «Нұр Ақтөбе т/м – Сапар автовокзалы» бағытының 2019 жылдың 6 наурызында бекітілген қозғалыс сызбасы арқылы жүруі қатаң түрде тапсырылды.

— Биыл облыс бюджетінен үнемделген қаражаттың бір бөлігі Ырғыз ауданының Шеңбертал, Құрылыс, Ақши елді мекендерін газдандыруға бөлінгені белгілі. Аталған ауылдарға көгілдір отын берілуі қай уақытқа жоспарланған? Осыған қатысты жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатыр ма?

Өзіңіз бақылауға алмасаңыз Ырғызға газ құбырын жүргізген мердігерлер кезінде өз жұмыстарын жоспарлы мерзімінен кешіктіріп бітірген еді. Марат.

Ырғыз  ауданының тұрғыны.

— 2019-2020 жылдары республикалық және облыстық бюджеттерден қаржыландырумен Ырғыз ауданы Ақши, Құрылыс, Шеңбертал ауылдарына жеткізуші газ құбырының құрылысы нысандары жүзеге асырылып, іске қосылды. Ағымдағы жылы Ырғыз ауданының Ақши, Құрылыс, Шеңбертал ауылдарына ауылішілік газ құбырының құрылыстарын бастауға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелерді анықтау мақсатында конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Аталған нысандарды 2021 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

— Мен Кеңес Нокин елді мекенінің тұрғынымын.Біз жақтан қалаға жалғыз №29 бағыттағы маршрут жүреді.Ол да өте сирек жүреді немесе ылғи бұзылып жатады.Қақаған қыста аялдамада бала түгілі, өзіміз әрең тұрамыз. Әсіресе үлкен кісілерге, балалы аналарға өте қиын. Осы жерде тұрып жатқаныма 15 жылдай болды, еш өзгеріс жоқ. Үнемі таксимен жүруге мен сияқты  көпбалалы аналардың, қарапайым халықтың жағдайы келмейді. Осы мәселенің оң шешімін табуға көмек берсеңіз жақсы болар еді.

Қала тұрғыны.

— Қазіргі таңда қалалық бағытта жолаушылар тасымалдайтын «Автопарк» ЖШС-на қарасты №29 «Теміржол вокзалы – Пригородный ауылы» бағытына «Паз» маркалы күнделікті 4 автобус 20 минут қозғалыс аралық уақытпен жолаушыларға қызмет көрсетуде. Автобус техникалық себептерге байланысты желіден шығып кеткен жағдайда, қозғалыс аралық уақыттары ұзап кетуі мүмкін. Тасымалдаушы мекеме «Автопарк» ЖШС-на 2015 жылдың 12 желтоқсандағы конкурсқа шығарылатын жолаушылар мен багажды автомобильмен қалалық тұрақты тасымалдау маршруттарының негізгі сипаттамасы арқылы жүруі қатаң тапсырылды.

— Ойыл ауданы Ақжар ауылынан хабарласып отырмын. Ақжар-Саралжын аралығы көтерме жолының 18 шақырымы түгел (екі қапталы) шөп өсіп қар ұстап қиындық тудыру қаупі бар. Осы шөптерді қар түспей күреп тастауды ауыл әкімдігі, аудан әкімдігіне ескерткеніме 2 айдай болды, әлі нәтиже жоқ. Осы мәселе бойынша көмек берсеңіз.

Өтегенов Дархан.

— 2020 жылы аудандық маңызы бар 291,360 км жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары қызметін қамтамасыз етуге ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары негізінде жеңімпаз мердігер болып «UNIVER» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бас  директоры С.Б.Аханов) анықталып, 2020-2022 жылдарға (3 жылға) жолдарды  күтіп ұстауға (2020 ж -13,0 млн.т; 2021 ж-14,0 млн.т; 2022 ж-15,560 млн. теңге) барлығы 42 560,0 млн теңгеге 27.01.2020 жылы №2 келісімшарт жасалған. 2020 жылғы 11 желтоқсанда өтініште көрсетілген «Саралжын-Ақжар» елді мекендер аралығындағы автокөлік жол бойындағы шөптер қырылып, қалыпқа келтірілді.

— Оймауыт елді мекеніне көгілдір отын жүргізле ме? Оймауыт елді мекеніне  жол салынса деген халықтың өтініші орындалса екен.

Байғанин ауданының тұрғыны.

— ҚР Энергетика министрі Н. Ноғаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының әкімдігімен халық саны 1 800 адамнан асатын Байғанин ауданының Оймауыт, Миялы және Қаражар ауылдарын газдандыру мәселесі көтерілген болатын. Кеңес барысында аталған ауылдарға жақын орналасқан кен орындарын пайдаланушы компанияларға өз қаражаты есебінен көрсетілген ауылдарды газдандыру тапсырмалары берілді. Қазіргі таңда компаниялар тарапынан газдандыру мүмкіндіктері қарастырылуда. «Қарауылкелді-Алтай батыр-Миялы-Оймауыт» бағытындағы автомбиль жолын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар көтерме жолдарды күтіп ұстау жұмыстары аясында жыл сайын қалыпқа келтірілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button