Жаңалықтар

Цех өнім көлемін ұлғайтты

Шалқар қаласындағы «Талап» сервистік дайындау орталығының жанынан ашылған мал сою жәнеет өңдеу цехы ғимараты 138 шаршы метрге кеңейіп, өзінің өндірістік әлеуетін ұлғайтты.

Бүгінде жалпы көлемі 800 шаршы метрге дейінгі жерді алып жатқан цехтың тәулігіне 20 ірі қараға дейін қабылдап, союға мүмкіндігі бар. Жұмысын жандандыра бастаған мал сою цехына арнайы барған аудан әкімі Жанболат Жидеханов цехтың өнім сапасын арттырып, оның халық сұранысына ие болуы қуантарлық жағдай екенін жеткізді. Мемлекет басшысының алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі — ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін жоғарылату, етті мал шаруашылығын дамыту және басқа да тиімді жобалар арқылы халықтың әлауқатын нығайту болса, осындай шағын өндіріс орындарының осы міндетті атқаруда септігі мол екеніне тоқталды. Және аудан әкімі өлкемізде төрт түлік мал өсірумен айналысатын 500-ге тарта қожалықтың бар екенін, бұл мал сою цехының жұмыс көлемі әлде де молайып, халыққа қызметінің артатынына сенім білдірді. Сондай-ақ осы жұмысты ұйымдастырып, жүргізіп отырған «Талап» сервистік дайындау орталығының директоры Шыңғыс Мусинге алғысын
айтты.
Кәсіпкер Шыңғыс Мусин несие алмай, өз қаржысына 138 шаршы метрге дейін цех ғимаратын кеңейтіп, оған
жаңа заман талабына сай құрал-жабдықтар алғанын жеткізді. Мәселен -40 градусқа дейін бірден мұздататын тоңазытқыштың өзі жұмыстарын тиімді атқаруға үлкен септігін тигізіп тұр екен.
— Бізден шығарылатын жартылай дайындалған ет өнімдері: тұшпара, манты, фрикадельки мен котлеттер қаладағы барлық азық түлік дүкендеріне жеткізіледі. Тоңазытқышы бар «Газель» көлігін сатып алдық, енді өнімдерімізді сыртқа шығаруға мүмкіндік бар. Бүгінгі күні 11 адам жұмыспен қамтылды. Енді тағы да қосымша 15 адамға дейін жұмысшы алуды жоспарлап отырмыз, — деді Шыңғыс Мусин.
Сонымен қатар кәсіпкер ет өнімдерін дайындау цехында шаруа қожалықтары мен тұрғындардан барлық талаптарға сай тексеріліп, мал қабылдап сойылатынын, семіздігіне қарай әр ет келісіне 1500- 1600 теңгеге дейін төленетінін айтты.

Қыдыралы ӘЛИН,
Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button