Жаңалықтар

Мәртөкте 5 денсаулық сақтау нысаны салынып, 3 ғимарат жөндеуден өтеді

Nur Otan партиясы атынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Зулхуза Қожаев канвассинг форматында Мәртөк ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесу өткізді. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтар туралы айтылды.

2025 жылға дейін облыста, оның ішінде аудандарда медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында Nur Otan партиясы бірқатар жобаларды жүзеге асыруды міндет етіп отыр. Атап айтсақ, коронавирус инфекциясының таралуын азайту мақсатында іс-шараларды одан әрі жалғастыру, оның ішінде адамдар көп жиналатын орындар мен қоғамдық көліктердің санитарлық талаптар мен нормаларға сәйкестігін тұрақты бақылау, сондай-ақ дезинфекциялау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, медициналық мекемелер мен дәріхана желілерін дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету, дәріхана желілерімен дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында меморандумдарға қол қою жоспарлануда, — деді үміткер.

Оның айтуынша, алдағы жылдары Мәртөк ауданында 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, 3 денсаулық сақтау ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ ауылдардағы медициналық мекемелерге 5 санитарлық көлік сатып алынып, қажетті мамандықтағы дәрігерлер жұмысқа тартылады. Бұдан бөлек қатерлі ісіктерді ерте анықтау үшін кемінде 5 мың адамға жыл сайынғы скрининг жүргізу, медициналық туризмді дамыту, оның ішінде 2024 жылы демалыс аймағын салу, «Зәру» шипажайын кеңейту қолға алынуда.

— Амбулаториялық емдеу кезінде онкологиялық және туберкулез ауруларымен ауыратын науқастарды тегін дәрілік препараттармен қамтамасыз ету мәселесі — бүгінде партияның бақылауында. Аталған шаралардың барлығы 2025 жылға қарай аудан тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, — деді​ Зулхуза Қожаев.

Оның айтуынша, алдағы бес жылдық жоспарға сәйкес ауданда жыл сайын кемінде 800 жаңа жұмыс орнын құру, оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Мәселен, 2024 жылы Мәртөк ауданының Шоқаш, Новомихайловское және Ащысай кен орындары аумақтарында мыс кені салынып, 300 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ жыл сайын ауданда бос жұмыс орындарына бір мың адамды еңбекке орналастыру, жыл сайын кәсіптік оқытуға (1 жылдан астам) кемінде 60 адам және қысқа мерзімді оқытуға (3 айға дейін) еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кемінде 50 адамды жұмысқа тарту көзделуде. 2021-2025 жылдары Мәртөкте 17 жаңа шағын және орта бизнес нысанын ашу үшін бизнесті кредиттеу тетіктерін пайдалануды кеңейту жүзеге асырылмақ.

Кездесу барысында ауданда білім саласында көп жыл еңбек еткен ұлағатты ұстаз Қымбат Сүйінғалиева 30 жылға жуық уақыт ішінде ауданда атқарылған игілікті істер туралы айтып, ұстаздар қауымы атынан бірауыздан партияға дауыс беретінін жеткізді.

— Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері облысымыз, оның ішінде ауыл-аймақ дамып, көркейіп келеді. Елімізде тұрақтылық пен ынтымақтың болуы, көпұлтты Қазақстанның бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің барлығы Елбасымыз  Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында деп білемін. Мәселен, 30 жылға жуық уақыт ішінде ауданымыз көркейіп, жаңа саябақтар мен ғимараттар, тұрғын үйлер салынып, елді мекендер ауызсумен, көгілдір отынмен қамтылуда. Білім беру, денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар енгізіліп, балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда, — деді ол.

Айта​ кету керек, бұған дейін де үміткер Зулхуза Қожаев Мәртөк ауданында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, бірқатар ұжыммен кездесулер өткізді.

(Қаржы Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық

сайлау қорынан төленді).

Басқа жаңалықтар

Back to top button